Прозадан олжа салды

Қаз 15, 2026

Жақында Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында майдангер жазушы Баубек Бұлқышев пен жазушы-публицист Мұқан Иманжановтың туғанына 110 жыл толуына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы қорытындыланды. Еліміздің әр өңірінен 57 қаламгер қатысқан әдеби додада павлодарлық жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Леп» әдеби бірлестігінің төрағасы Бейбіт Бөжен бас бәйгені қанжығалап келді.

Проза бәйгесі Сәтбаев қаласының әкімдігінің қолдауымен,  Қазақстан Жазушылар одағының Ұлытау облыстық филиалы және Баубек Бұлқышев атын-дағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өтті. Байқауға 20 мен 50 жас аралығындағы қаламгерлер қатысып, бұрын еш жерде жарияланбаған, сиясы кеппеген тың туындыларын  ұсынды. Байқауға 57 шығарма түскен, олардың қатарында бұған дейін де көлемді роман жазып, проза байқауларында топ жарып жүрген танымал жазушылар бар. Дегенмен, бұл жолғы байқаудың бас жүлдесі Ертіс-Баян өңіріне, жерлесіміз Бейбіт Бөженнің «Қан жылаған қарағай» атты әңгімесіне берілді. Әңгіменің басты кейіпкері Төлепберген үшін бес қарағай – жай ғана ағаш емес, оның ішкі мұңын ұғатын үнсіз сырлас, көңіліне медет беретін рухани тірек. Автор табиғат пен адам арасындағы осы нәзік байланысты көркем суреттейді. Ал қарағайлардың аяусыз оталғанын көрген кейіпкердің күйзелісі шығарманың ең әсерлі тұстарының біріне айналады.

Байқауға қабылданған жұмыстарды жазушы, аудармашы Кенжебай Ахметов, жазушы Айгүл Кемелбаева және ақын, әдебиеттанушы Ықылас Ожайұлы бағалады.

Марапаттау рәсімінде Ұлытау облыстық драма театрының ұжымы «Қан жылаған қарағай» әңгімесінің желісі бойынша сахналық қойылым ұсынды. Бұл байқау ережесінде алдын ала қарастырылған ерекшеліктердің бірі болатын. Осылайша павлодарлық қаламгердің туындысы кітап бетінен сахна төріне жол тартты.

Байқау қорытындысы бойынша, І орынды қарағандылық Ерзат Ермағамбетов жеңіп алды. ІІ орын Солтүстік Қазақстаннан Сағындық Сәбитұлы мен Жетісудың жазушысы Ерден Нұрахметке бұйырды. ІІІ орынның үш жүлдесін Астанадан Абай Аймағамбет, алматылық Ерболат Әбікенұлы, жетісулық Есболат Айдабосын қанжығалап қайтты.

– Байқауға қазақ әдебиетіне өзгеше із салып үлгерген бірқатар танымал жазушылар қатысты. Яғни, балалар әдебиетінен, криминалдық әңгімелерден, прозалық байқаулардан жүлдесіз қайтпайтын қаламгерлер көбі. Соның ішінде біздің шығарманың жоғары бағаға ие болып, бас бәйгеге лайық деп танылғанына қуаныштымын. Негізі мен прозалық байқауға алғаш қатысып отырмын. Алдағы уақытта біраз жоспарлар бар, жыл соңына дейін аяқтап, келесі жылдың басынан бастап жаңа туындыларға кірісетін боламын, — деді жазушы Бейбіт Бөжен.

Тілеуберді САХАБА.