Биыл Павлодар қаласының Орталық жағалауындағы «Ertis Promenade» концерттік алаңының жазғы маусымы бұрынғыдан ұзаққа созылып, мамырдан қазанға дейін жалғасты. Бес айға жуық уақыт бойы Ертіс жағалауы әуен мен шаттыққа бөленіп, миллионнан астам көрерменнің басын қосты. Қазақстандық және шетелдік өнер жұлдыздарының өнерін тамашалауға жиналған жұртшылық күздің салқын күндерінде өткен маусымның жабылу концертінде де белсенділік танытты.
8 жыл ішінде «Ertis Promenade» Павлодардың ғана емес, еліміздің мәдени өміріндегі елеулі орындардың біріне айналды. Жыл өткен сайын жағалаудағы концерттерге деген қызығушылық артып, көрермендер қатары толыға түсуде. Биыл да музыкалық кештерге облыстың аудандары мен өзге қалалардан, тіпті шетелден арнайы келген қонақтар аз болмады.
Ертіс жағалауындағы жазғы концерттер әлеуметтік желілерде де кеңінен талқыланды. Көпшілік сүйікті орындаушыларын ашық аспан астында тыңдау мүмкіндігіне қуанып, Павлодардың жазғы тынысын ерекше ықыласпен бағалады. Бірі қаланы жазғы демалыстың тартымды мекені деп атаса, енді бірі осындай концерттердің тегін ұйымдастырылатынына қызығушылық білдірді.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, бес айға жуық уақыт ішінде «Ertis Promenade» алаңында 300-ден астам іс-шара өткізілген. Оларға миллионнан астам адам қатысып, 40-тан астам танымал өнерпаз сахнаға шыққан. Сонымен қатар, облыстың қалалары мен ауылдарынан келген 2700-ге жуық орындаушы мен шығармашылық ұжым өз өнерлерін көпшілікке ұсынды.
Концерттік бағдарламаның мазмұны да сан түрлі талғамға сай құрылды. Көрермендер эстрадалық әндерден бастап этно, электронды музыка, хип-хоп, рок, рэп, R&B және евродэнс жанрларына дейінгі бағыттарды тыңдауға мүмкіндік алды. Әр буынның музыкалық талғамын ескерген бағдарлама жастарды да, аға буын өкілдерін де бір сахнаның маңына жинады.
Жаз бойы сахна төріне шыққан өнерпаздардың арасында Raim, Sadraddin, Мирас Жүгінісов, Роза Рымбаева, Turar, LYRIQ және Jay Sean сынды әншілердің өнері көрермендердің есінде ерекше сақталды. Сондай-ақ, Hi-Fi, «Ирина Кайратовна», «Винтаж» топтары, NANA мен Светлана Лобода да тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді.
Маусымның жабылу кешін көпшілік асыға күткен ресейлік әнші Максимнің өнері айрықша әсерге бөледі. Оның Павлодар сахнасына шығуы жанкүйерлер үшін жаз бойы күткен музыкалық кездесудің біріне айналды. Көпшілік сүйікті әндерін орындаушымен бірге шырқап, кештің әр сәтін есте қалдыруға тырысты.
Әлеуметтік желілерде концерт қонақтары алған әсерлерімен бөлісіп, тірі дауыстағы орындау-лардың ерекше көңіл күй сыйлағанын жазды. Сырттағы ауа райы да көрермендердің ықыласын суыта алмады. Суық жел соғып, жаңбыр аралас қар жауғанына қарамастан, жұртшылық концертті соңына дейін тамашалады.
Сол кеште өнер көрсеткен ресейлік-беларусьтік әнші LYRIQ павлодарлықтардың ықыласын ерекше атап өтті.
– Бәрі жарқын әрі керемет өтті. Сыртта күн суық болғанымен, көңілімізге жылу ұялады. Павлодарлықтарға концерт ұнады деп үміттенемін. Бұл қалаға тағы да келуге қуаныштымын, – деді әнші.
Ол Ертіс жағалауының көркін жоғары бағалап, алдағы уақытта Павлодарда жеке концертін өткізгісі келетінін де жеткізді.
Биыл облыс орталығына алғаш рет келген өнерпаздардың бірі – британдық әнші Jay Sean. Концерт қарсаңында қала тұрғындары оны дәмханалардан және қаланың өзге де орындарынан көргендерін әлеуметтік желілерде бөлісті. Сахнаға шыққан әнші павлодарлықтармен жүздескеніне қуанышты екенін айтып, өнерін тамашалауға жиналған жұртшылыққа алғысын білдірді.
– Бұл – сіздердің әсем қалаларыңызға алғашқы сапарым. Қазақстанда бұған дейін болғанмын. Осындай тамаша адамдардың ортасында жүргеніме қуаныштымын, – деді ол өзінің танымал «Ride It» әнін орындамас бұрын.
Қазақстандық өнерпаздар да жазғы маусымның ажарын аша түсті. Мирас Жүгінісов, Amre және Daricorn көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ, тыңдармандар ерекше дауысымен танылған Рахман Сәтиевтің өнерін тамашалады.
Маусым бойы концерттік алаңның мүмкіндіктері де жетілдіріліп отырды. Жағалаудың жоғарғы бөлігіне LED-экрандар орнатылып, сахнадан алыста тұрған көрермендерге де өнерпаздарды анық көруге жағдай жасалды. Дыбыс сапасы жақсартылып, сахналық қойылымдарға ерекше әсер беру үшін тұманды көпіршіктер шығаратын құрылғылар қосылды.
Биылғы маусым «Ertis Promenade» алаңының өңірдің мәдени өміріндегі маңызын тағы бір мәрте айқындады. Мұнда ұйымдастырылған концерттер мен түрлі іс-шара тұрғындардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, Павлодардың өзге өңірлерге танылуына да ықпал етіп келеді. Ертіс жағалауы жаз бойы әуен мен шаттық тоғысқан, адамдарды ортақ әсер мен сүйікті әндер біріктірген ерекше мәдени кеңістікке айналды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
