Жақында аудан әкімі Руслан Мұқанов жұмыс сапарымен бірқатар шаруа қожалығын аралады. Атап айтқанда, Шарбақты ауылындағы «Алан» және «Organig Food» шаруа қожалықтарын, Қарақала ауылындағы «Радуга» шаруашылығы мен «Ертіс Су» жеке кәсіпкерлігіне барды.
Сапар барысында қожалықтардың көктемгі дала жұмысына дайындықтары тексерілді. Жыл сайын қарбызымен көпке танымал «Алан» шаруа қожалығы биыл да өнімділікті арттыру мақсатында қосымша жаңа сорт егу жоспарлауда. «Organig Food» шаруа қожалығында малдың қыстан аман-есен шығу жағдайы сөз етілді. Көкөніс өсірумен айналысатын «Радуга» шаруашылығында қызанақ, қырыққабат, картоп молынан егіледі. Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама аясында техника саны толықтырылған. Биыл қожалық иесі картоп алқабын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ал «Ертіс Су» жеке кәсіпкерлігінде биыл жүгері, күнбағыс, картоп егу көзделуде.
Аудан басшысы шаруашылықтардың техника, жанар-жағармай және тұқым қорымен қамтамасыз ету деңгейін назарға алды.
Көктемгі егіс науқаны – ауыл шаруашылығы саласындағы аса маңызды әрі жауапты кезең. Сондықтан барлық жұмысты уақытылы бастаудың, сапалы орындаудың маңызы зор.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.
Аққулы ауданы.
