Биыл қолға алынған «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасы өңірдегі электр қуаты және су құбыры, жылу желілерінің тозу деңгейін төмендетуге бағытталып отыр. Сондай-ақ, жаңа тариф саясатына көшу — жұмысшылардың жалақысын өсіруге мүмкіндік бермек. Осыған байланысты облыс тұрғындары тамыз айынан бастап жаңа тарифтер бойынша төлем жасай бастайды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу
комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Ибрагим Тангиев инвестициялық бағдарламаларды түзетуге 12,8 млрд теңгеге 8 өтініш қаралғанын мәлім етті. Оның айтуынша, өтініштер бекітілген жағдайда «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатын іске асыруға тұрғындар да зор үлес қоспақ. Бұл мақсатта жылу энергиясынан түскен қаражаттар жылу желілерінің және қазандық қондырғыларын жөндеу жұмыстарына және апатты жағдайларды болдырмауға, жылудың сапасын жоғарылатуға бағытталады. Қазіргі таңда Павлодар облысының жылу желілеріндегі тозу деңгейі орташа есеппен 68 пайызды құрайды. Ең нашар жағдай жылу энергетикасы саласында. Мұнда тозу деңгейі — шамамен 76 пайыз.
— Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісі, ал жылу коммуникациясы мен су құбыры желісі жартылай тозған. Осыған байланысты монополиялы нарық-тарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» атты жаңа тариф саясатына көшу керектігі жөнінде бастама көтерілген болатын. Инвестициялардың басым бөлігі жылумен қамтуға бағытталады. Нақтылап айтсақ, бұл мақсатта облысқа 9,3 млрд теңге бөлінді. Оның 4,4 млрд теңгесін – «Павлодарэнерго» ЖШС, 1,7 млрд теңгесін — «Павлодар жылу желілері» ЖШС және 2,3 млрд теңгесін «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС алады, — деді Ибрагим Тангиев.
Департамент басшысының айтуынша, бұл қаражат табиғи монополиялар субъектілерінің желілері мен жабдықтарын
реконструкциялауға және жаңғыртуға бағытталатын болады және кәсіпорындар-дағы тозуды орта есеппен 2 пайызға төмендетеді. ТҮКШ саласындағы кәсіпорындардың негізгі құралдарын қайта жаңарту және жаңғырту үшін тариф есебінен, сондай-ақ, жергілікті бюджеттен қаражат тарту (Павлодар қаласының жылумен жабдықтау және сумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту, Ақсу және Екібастұз қалаларының жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта жаңарту) жоспарлануда. Бұл іс-шаралар желілердің, жабдықтар мен қазандық агрегат-тарының жағдайын жақсартуға, коммуналдық қызметтерді үздіксіз көрсетуді қамтамасыз етуге, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
— Алға қойған мақсаттардың бірі – энергетиктердің жала-қысының деңгейін көтеру және соның нәтижесінде кәсіпо-
рындардағы кадрлардың тұрақтылығын қамтамасыз ету. Қазірдің өзінде өндіріс қызметкерлерінің жалақысы 335 мың теңгеге дейін көтерілді. Тарифтерге келетін болсақ, облыс тұрғындары үшін өзгерістер 1 тамыздан бастап күшіне енеді. Тарифтер 27 пайызға өседі. Жылуға арналған коммуналдық қызметтер әр қалада әртүрлі жолмен өзгереді. Мәселен, Павлодарда тариф 5 пайызға, Ақсуда 11 пайызға көтеріледі. Ал Екібастұз қаласындағы жағдай күрделірек. Кеншілер шаһарында тариф шамамен 27-30 пайызға дейін көбейеді, — деді ол.
Бұдан басқа, осы «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру шеңберінде халықтың мұқтаж топтарын, оның ішінде тарифтердің болжамды өсуін ескере отырып, тұрғын үй көмегін көрсету тетігі арқылы қолдау көзделетін болады. Жаңа тарифтер тамыз айының басынан бастап күшіне енеді.
А.МҰҚЫШЕВ.