Күн жылынып, көктем келісімен аймағымызда жол жөндеу жұмыстары қарқын алмақ. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметі бойынша, биыл өңірдегі 3 қала, 12 аудан және 87 ауылға қарасты 612 шақырым жол жөнделеді деп жоспарлануда. Бұл мақсатқа қазынадан 28 млрд теңге қарастырылған.
190 жоба жүзеге асады
Ағымдағы жылы аймаққа қарасты жолдарды жөндеуге бағытталған 190 жоба жүзеге аспақ. Нәтижесінде, 600 шақырымнан астам жол жаңартылатын болады. Сонымен қатар, биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасын» іске асыру аясында 26,6 мың жұмыс орнын құру көзделген. Осы және өзге де мәселелер бұрнағы күні аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен аппараттық жиында жан-жақты қаралды.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров бұл бағытта атқарылатын жұмыс барысын бүге-шігесіне дейін баяндап берді. Оның айтуынша, аймақтық автожолдар бойынша ұзындығы 49 шақырымды құрайтын 5 жобаны іске асыру жоспарланған. Осы мақсатқа 2,3 млрд теңге жұмсалмақ. Бүгінгі таңда барлық жоба бойынша мердігерлер анықталған. Сонымен қатар, аудандық автожолдар бойынша жалпы сомасы 7 млрд теңгенің 14 жобасы қолға алынбақ. Мұндағы жолдардың ұзындығы 165 шақырымды құрайды. Әзірге 11 жобаға жауапты мердігер нақтыланған, ал қалған 3 жоба бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде екен. Басқарма басшысы, сондай-ақ облысқа қарасты кірме жолдар бойынша да көп жұмыс атқарылатынын алға тартты.
— Өңірдегі кірме жолдардың жалпы ұзындығы 965 шақымды құрайды. Қазіргі таңда 114 ауылдық жерлердегі 355 шақырым жол жөндеуді қажет етеді. Үстіміздегі жылы ұзындығы 142 шақырымдық 42 кірме жолды жөндеу жоспар-ланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарға 7,6 млрд теңге қарас-тырылып, 40 жобаны іске асыру көзделуде. Дәл қазір 25 жобаның мердігерлері анықталды, 10 жоба бойынша конкурс өткізілуде, ал 5 жобаның құжаттары дайындалуда, — деді Қанат Қашкиров. Оның сөзінше, алдағы үш жылдың ішінде аймақтағы барлық кірме жолдарды жөндеу жоспарланған. Мәселен, 2025 жылы ұзындығы 94 шақырымдық 35 кірме жол, 2026 жылы ұзындығы 119 шақырым болатын 37 кірме жол жөнделмек.
Алқалы жиында ағымдағы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 13 елді мекеннің көшелерін жөндеуге арналған 22 жоба бойынша жұмыстар жүргізілетіні де белгілі болды. Соның нәтижесінде 11 мыңнан астам тұрғын мекен ететін он шақты ауылдағы жалпы ұзындығы 61 шақырым жол жаңартылмақ. Осы мақсатқа 2,3 млрд теңге бағытталған әрі барлық жоба бойынша мердігерлер анықталған. Басқарма басшысы бұдан бөлек, бонустық трансферттер шеңбе-рінде тұрғындармен болған есептік кездесулерде көпшілік тарапынан көтерілген мәселелерді шешу мақсатында елді мекендерде
2,5 млрд теңгенің 65 жобасы жүзеге асатынын мәлім етті.
— Бүгінгі күні 65 жобаның 48-і бойынша мердігерлер белгілі болды, 17 жобаға қатысты конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Сонымен қатар, облыстық бюджет қаражаты есебінен 3 аудан орталығында, яғни Көктөбе, Успен, Шарбақты ауылдарында және Сілеті елді мекенінде жалпы ұзындығы 20 шақырымдық көшелерді жөндеу үшін 6 жоба іске асады. Сондай-ақ, моноқалаларды дамыту шеңберінде республикалық қаражат есебінен Ақсу қаласында жаяу жүргіншілер тротуарлары мен веложолдарын орналастыру және осындағы 14, 15 шағын аудандарының автомобиль жолдарын реконструкциялау бойынша қанат қаққан 1,8 млрд теңгенің үш жылдық жобасы аяқталуда. Бұдан басқа, қалалар мен аудандардың қаражаты есебінен жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеге ұзындығы 95 шақырым көшелер мен жолдарды жөндеуге бағытталған 37 жоба іске асады деген жоспар бар, — деді Қанат Қашкиров. Ол осы жұмыстарды ойдағыдай орындау үшін облыста барлық қажетті инфрақұрылым бар екенін айтып, бүгінде 27 асфальт-бетон зауыты, 11 қиыршық тас өндіру карьері және 1 битум өндіру зауыты жұмыс істейтінін мәлім етті. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде норма-тивтік жағдайдағы маңызы бар жолдардың үлесі 96 пайызға жетеді деп күтілуде.
Облыс әкімі жол жөндеуге қатысты барлық конкурстық рәсімдерді ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін толық аяқтауды тапсырып, келісімшарт жасасқан мердігерлермен әр жобаның нақты жұмыс кестесі бекітілуі тиіс екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Асайын Байханов Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сапалы жол салуға тәжірибелі отандық компанияларды тартуды тапсырғанын айтып, осы мәселені назарда ұстау керектігін жеткізді.
Аппараттық жиында Ертіс ауданының әкімі Болатбек Шәріпов көптен бері тұрғындар көтеріп келген Амангелді ауылына баратын 16,9 шақырым жолдың жағдайын баяндады. Оның айтуынша, аталмыш жолды жөндеу үшін 2023 жылдың желтоқсан айында конкурс өткі-зіліп, мердігер анықталған. Жобаға 4,1 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі күні 28 713 тонна құм, 3900 тонна қиыршық тас әкелініп, дайындық жұмыстары басталуда екен.
Аймақ басшысы республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу мәселесіне де назар аударды. Бұл жөнінде баяндаған «ҚазАвтоЖол «ҰҚ» АҚ филиалының директоры Ермұрат Нұрханов биыл республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге 20 млрд теңге қарастырылғанын айтты.
— Бірінші кезекте Ертіс өзені арқылы өтетін көпір салу жұмыстары қолға алынады. Оған 10 млрд теңге, өзге күрделі жөндеу жұмыстарына 3,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Ал Атамекен, Ақсу, Көктөбе, Үлкен Ақжар, Курчатов тас жолдарының 195, 216 шақырымын жөндеу жұмыстарын жалғастыруға 3 млрд теңге жұмсалмақ. Сондай-ақ, Қалқаман, Баянауыл, Үміткер, Урьяновск тас жолдарының 100, 105 шақырымын жөндеу жұмыстарына 322 млн теңге бөлінді. Материал 100 пайыз дайын. Бұл шаруаны мамыр айында аяқтаймыз, — деді Ермұрат Нұрханов.
Жиында қала тұрғындары жиі шағымданатын Павлодар — Жетекші тас жолына қатысты мәселенің де оң шешімін табатыны сөз болды. Сонымен, Павлодар — Жетекші тас жолын жөндеуге мемлекеттік тапсырыс бойынша арнайы қаражат бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жоспар бойынша қалып қойған 6 шақырым жол қалпына келтірілмек.
Аймақ басшысы Майқайың — Сарыкөл тас жолдарын жөндеудің де маңызы зор екеніне тоқталды.
– Бұл жол арқылы жаз бойы туристер Баянауылға дем алуға ағылады. Сондықтан жолды жөндемесек, апаттық жағдай орын алуы мүмкін. Сол үшін тиісті жұмыстар жүргізілуі керек. Егер қаражат жағынан мәселе туындаса, министрлікке хабарласып шешеміз, — деді Асайын Байханов. Филиал директоры Ермұрат Нұрхановтың айтуынша, Майқайың кентінен Сарыкөлге дейінгі Қалқаман, Баянауыл, Үміткер, Ботақара бағыты мен Қарағанды бағытындағы жалпы ұзындығы 24 шақырым тас жолды жөндеу жоспарлануда.
Облыс әкімі жауапты мамандарға автокөлік жолдарының жай-күйіне талдау жасауды тапсырды.
Көрсеткіш көңіл тоғайтады
Аппараттық жиында «Өңірлік жұмыспен қамту картасын» іске асыру мәселесі де талқыланды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гауһар Байтілесованың айтуынша, былтыр аймақ бойынша 30,6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, жоспар артығымен орындалған. Оның 74 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал ағымдағы жылы 26,6 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда.
— Статистика органдарының мәліметі бойынша облыста 2023 жылдың 4 тоқсанында жұмыссыздық деңгейі – 4,7 пайызды құрады. Республикалық көрсеткіш те дәл осындай деңгейде. Бастысы, барлық қала мен ауданда жоспар ойдағыдай орындалды. Жыл қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылғандардың 93 пайыздан астамының міндетті зейнетақы аударымдары бар. Тек Ақсу қаласы мен Железин ауданындағы көрсеткіш төмен екені байқалады, — деді Гауһар Байтілесова. Сондай-ақ, ол биыл кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған игі шаралар жалғасатынын атап өтті.
— Осы мақсатта жастарға жылдық 2,5 пайызбен жалпы сомасы 820 миллион теңгенің 164 шағын несиесін беру жоспарлануда. Аграрлық кредиттік корпорация арқылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бизнес-идеяны іске асыруға 400 АЕК-ке дейінгі мөлшердегі 443 грант ұсынылады. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 560 тұрақты жұмыс орнын ашу арқылы жастарға 285 шағын несие беру көзделіп отыр. Нәтижесінде, өткен жылмен салыстырғанда болжамды көрсеткіш 1,4 мың адамға ұлғаймақ, — деді спикер. Оның мәлімдеуінше, осы бағытта 199 инфрақұрылымдық жоба жүзеге аспақ. Бүгінде бұл жобалар электрондық еңбек биржасында орналастырылған. Ал оларды іске асыру ағымдағы жылдың наурыз айында басталатын болады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында 7436 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, бос жұмыс орындарына 9958 адам, субсидияланған жұмыс орындарына 6617 тұрғын тартылмақ.
Облыс әкімі жауапты мамандарға халықты жұмыспен қамтуға бағытталған барлық іс-шаралардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, еңбек шарттарының жасалуы мен міндетті зейнетақы аударымдарына тұрақты бақылау жүргізу керектігін қадап айтты. Сонымен қатар, салалық басқармаларға қалалар мен аудандардың әкім-діктерімен бірлесіп, 2024 жылға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасында» бекітілген жобаларды іске асыруды бастауды тапсырды.
Нұржайна ШОДЫР.
Суреттер газет мұрағатынан алынды.