Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС басшылығын сотқа беріп, қыста төтенше жағдай салдарын жою үшін бюджеттен берілген қаржыны қайтармақ болған еді. Жуырда сот шешімі шығып, әкімнің шағымы қанағаттандырылып, жылу мекемесі 22 млн 170 мың теңгені бюджетке қайтарып беретін болды.

Естеріңізге салсақ, былтыр 27 қарашада шаһардың жылу желілерінде ақау шығып, жылу-электр орталығындағы қазандықтар істен шыққан болатын. Апат салдарын жою жұмыстарына монополист компанияның қауқары жетпеді. Тіпті, дайын болмай шықты.

Амал болмағандықтан бірнеше аймақтың коммуналдық шаруашылықтары көмекке келді. Соларды жанар-жағармай, ыстық тамақ, жататын орынмен қамтамасыз ету үшін төтенше жағдайлар резервінен қаржы бөлінді. Монополист әу баста бұл қаржыны қайтарудан бас тартқан еді. Сол себепті қала әкімдігі кәсіпорынды сотқа беруге мәжбүр болып, соттың шешімімен қаражат қайтарылады.

Бұған дейін екібастұздық тұрғын «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС сотқа беріп, жеңіп шыққан еді. Ол Жігер көшесінде жылу өшуі салдарынан құбырлар мен батареялардың жарылғанына байланысты монополистен шығындарды өтеуді сұраған. Бірақ жазбаша өтінішке кәсіпорын тарапынан ешқандай жауап келмеген. Кейін сотқа жүгінуге тура келген. Тұрғын өз қаражатына құрылыс материалдарын сатып алып, түбіртекті сақтап қойған. Сотта шағымданушы балалардың ауырып, ауруханада жатуға мәжбүр болғанын да жеткізді. Екібастұз қалалық соты тұрғынның шағымын ішінара қанағаттандырып, кәсіпорынды 365 740 теңге материалдық шығынды, 100 мың теңге моральдық шығынды төлеуге міндеттеп, шешім шығарды.

Тағы бір тұрғын да «Екібас-тұзжылуэнерго» ЖШС-н сотқа беріп, жеңіп шыққанын атап өткен жөн. Ол жылудың жоқтығынан жер үйге жылытқыш пен көрпе сатып алғанын, электр энергиясы ақысын бұрынғыдан көп төлегенін айтып, сотқа шағымданған болатын. Сот кәсіпорынды барлығы 623 502 теңге төлеуге міндетті деген шешім шығарды.

О.АХМАДИЯ.