Тұрғын үйлерге қызмет көрсету ұйымдарының ағымдағы жөндеу жұмыстарын тұрғындардың өзі бақылауға алмақ. Павлодар қаласының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, бүгінде облыс орталығындағы 1277 көпқабатты тұрғын үйдің 98-і ғана алдағы жылыту маусымына дайын.

Павлодар қаласының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Бақытгүл Базылованың айтуынша, тұрғын үйлерге қызмет көрсету ұйымдарынан қаладағы көппәтерлі үйдегі инженерлік желілерде жұмыстың жекелеген түрлерін орындау талап етіледі.

– Павлодарлықтардан үйлеріне қызмет көрсететін ұйымдардың жұмысын бақы-лауды сұраймыз. Осы кезеңде қызмет көрсету ұйымдары шаю, қысымды тексеру және дроссель құрылғыларын орнату сияқты шараларды орындауы керек, яғни бұл шаралар қыста жылу болуы үшін қажет.

Жылыту маусымына дайын-далған үйлердің тізімдері туралы ақпарат Павлодар қаласының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің Instagram парақшасында апта сайын жарияланып отырады, – деді ол.

Айта кетейік, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 32-бабына сәйкес пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың иелері кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау және оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету, соның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізу жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.

Өз тілшіміз.