Тағдырдың жазуымен былтыр жетпіске қараған кемел шағында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, асыл азамат Қуат Есімханұлы өмірден озды. Содан бері ардақты досымыздың бейнесі санамызда жаңғырып келеді.

​Қуат туралы сөз қозғағанда ақын Мұзафар Әлімбаевтың өлеңінің төмендегідей жолдары ойға оралады:

«Маңқиған маңғаз дала байсалдылық,

Мылқауды да сайратардай ой салдырып.

Далада туғандардың жаны да кең, 

Жаратқан жаратыпты жайсаң қылып.»

Иә, жаратылысынан жайсаң Қуат мәнді де, сәнді де, мағыналы да өмір сүрді. Қос анасының шуақты мейіріміне шомылып өскен ол бойына бар ізгілікті жинады. Батыр бабасы Малайсарының қаһармандығын қастерлеп өскен ол қайсар да қайратты, өжет, жігерлі болып өсті, әруақыт еңсесін тік ұстады. Данагөй бабаларымыздың шешендігі мен қара қылды қақ жаратын әділдігін үлгі еткен ол сөз қадірін білді, ойы да, сөзі де жүйрік шешен болды, әділдіктің туын әркез жоғары ұстады. ​Сарыарқаның самалымен, Ертістің ерке толқынымен, қазақтың әуезді әндерімен тербетіліп өскен ол сегіз қырлы, бір сырлы, өнерлі, сезімтал болды. Табиғат берген бойындағы асыл қасиеттерінің арқасында салиқалы, елге сыйлы азамат болып қалыптасты. Жастайынан басшылық қызметке араласып, ел ішінде есейді, кемелденді. Әсіресе, Ақсу өңірінде, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында ел басқарған жылдары өміріндегі үлкен, жарқын белес болды. Ел ішінде абыройы, беделі өсті, өзін ел қамын ойлайтын басшы, сонымен қатар ел перзенті екенін көрсеткен еді. Аталған өңірлердің халқы оның атқарған істерін әлі күнге дейін жыр қылып айтады. ​Қуат жыл өткен сайын өзінің қоғамдық белсенділігін де арттырды. Өмірінде өзіндік ұстанымдары, қағидалары қалыптасты. Солардың бірі өмірден өткен белгілі тұлғалардың есімдерін жаңарту, дәріптеу болды. Бұл бағытта атақты адамдарға ескерткіш орнатқаны, зират басына құлпытас тұрғызғаны, олар туралы кітаптар басып шығарғаны баршаңызға белгілі. Екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа тындырды. ​Нәтижесінде, махаббаттан туындаған Естай әндерінің жалғасы іспеттес болып Қорлан басында белгітас тұр Құлындыда. Ақсұңқар Сәкен Сейфуллиннің қанатынан үзіліп түскен бір қауырсындай Аянның басында белгі тұр Арқада. Қазақ өнерінің бұлбұлы Күләш Байсейітованың Жетісу жеріне келін болып түскен қадамына шашу іспеттес, Қанабек екеуінің дастархан жайған жерінде белгі тұр Жетісуда, Арқарлы асуында. Осындай Қуат қойдырған белгілер баршылық қазақ жерінде. Олардың барлығы Қуатжанның жан дүниесінің байлығын, сезімталдығын көрсетеді, ұрпақтарға үлгі болады.
​«Өнерпаз болсаң арқалан» деп ұлы Абай айтқандай, біздің Қуатжан өнерге деген құштарлығын, содан туындаған биік талғамын әйгіледі. Ол әуелетіп, мәнерлеп ән айтқанда қатты сүйсінетінбіз. Ол ән айтуды жақсы көруші еді, ал біз одан әдемі ән сұрап, өнерін тамашалауды жақсы көруші едік. Сөйтіп, көңіліміз жарасушы еді. ​Иманжүсіптен «Абылай аспас Арқаның сары-ай белі» немесе «Сарыарқа менің жерім-ай, сауықшыл қайран елім-ай» деп шырқағанда немесе Ақан серінің «Балқадишасын», Біржан салдың «Теміртасын», Естайдың «Қорланын», «Бір мысқалын», Мұстафаның «Бүркітбайын» асқан шеберлікпен орындағанда жанымызды тебірентіп, құлағымыздың құрышын қандырушы еді-ау. Ал енді «Қош аман бол, Сарыарқа, өскен жерім, кір жуып, кіндігімді кескен жерім» деп толғанғанда, осы ән досымыздың айналасымен қоштасуы іспеттес, өміріндегі соңғы әндерінің бірі болады деп кім ойлаған?! ​Қуаттың болмысына, өнеріне сүйсінген елдің тілегін ақындар жыр арқылы білдірген еді әр кезде. Өмірлік жақын ағасы, ақын Кәкімбек Салықов:

«Бесті асау құр аттай,

 Көріндің, Қуат, көзіме.

Құздардан аққан бұлақтай,    

Құмарттым асқақ сөзіңе»
десе, замандас досы Несіпбек
Айтұлы:

«Жігіттің оза шапқан күлігісің,

Ешкімге еңкеймейсің күнің үшін.

Шыңыраудың шымырлаған тұнығысың» дейді. Ал ескі досы Қорабай
Шәкіров:

«Билікке араластың бала жастай,

Алпысқа келіп жеттің аспай, таспай.

Қалады ел есінде игі істерің,

Өмірде өзің қойған құлпытастай»

деп жырлайды. Міне, осындай азамат өмірден өтті. Абзал азаматтың отбасының қайғысы барлығымыздың қабыр-ғамызды қайыстырды. Айналайын Бақытжан, айналайын Сұңғатжан және де Қуаттың барлық ұрпақтары, ағайын туғандары, біз сіздермен бірге қатты қайғырып, сіздердің әулетке көңіл айтамыз. Қуатжанның өрісі кең еді, көп тілеуі көл дейді, сендерге арналған тілектер қабыл болсын. ​Әрине, орны толмайтын қаза. Дегенмен, тәубә деген қазақпыз, орнында бар оңалар дейді халық, Аллаға шүкір, Қуатжанның соңында өшпес із қалды. Бақыт екеуі арыстай ұлдар өсірді, немере сүйді, шөберенің қолынан су ішті, май жалады, енді солардың тілеуін тілейік. ​Қуат бауырымыздың жаны жаннатта болсын, иманы жолдас болсын. Ұрпақтарына амандық, саулық тілейміз. Қош бол, абзал дос!

 

 Серік Шаяхметұлы АХЫМБЕК,

Жетісудың тумасы,  аудандық, облыстық партия комитетінің хатшысы, Талдықорған облысының әкімі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарған. Павлодар қаласы.

 

 

Қуатты іздеу

Несіпбек Айтұлы

Бұл күнде Қажымұрат,  Қуат та жоқ,

Ел-жұртты мазалаған сұрақ та көп.

Көп жігіт Қуат барда құлаушы едік,

Жылқыдай шұрқыраған суатқа кеп.

 

Көңілі Қуатжанның көлдей еді,

Сөйлесе, сөзі самал желдей еді.

Қасқайып жүруші еді топты бастап,

Бір өзі бір рулы елдей еді.

 

Жақсылар жүретұғын кіл қасында,

Көргем жоқ ондай жігіт бұл жасымда.

Қазақтың бақыты да бір басында, Қазақтың қайғысы да бір басында.

 

Жарылқап тіріні де, өліні де,

Өзінің өте шықты өмірі де.

Аяғы жете алмаған алыстарға,

Ұшатын қанат байлап көңіліне.

 

Еске алсам елжірейді жан жүрегім, Қасымда Қуатым жоқ енді менің. Жетпіске жеткізбеген жампозымды,

Не деген діні қатты тағдыр едің?

 

Жатпас па ек Қуат болса шалқып-тасып,

Шуласып, құттықтасып, қолтықтасып.

Үйіріліп мына жерде отырғанша,

Кетпес пе ек Ерейментау, Ертіске асып.

 

Ертістің кең қолтығын кен жағалап, Кайтпас па ек, уа, дариға, елді аралап. Күрсініп туған елі тұрған шығар,

Қуатым келер ме деп жолға қарап…

 

Келмейді Қуат қайтып жыласақ та,

Жалынып Жаратқаннан сұрасақ та.

Қуаттай алып кеме керек еді,

Теңіздей тулап жатқан мына шақта.

 

Ұлтының ұланы еді ерек туған,

Шоқыдай Сарыарқада бөлек тұрған.

Сан айттық кім екенін тірісінде,

Кім бірақ біздің сөзді керек қылған?

 

Дүние өтіп жатыр опыр-топыр,

Қалқиды су бетінде көң мен қоқыр. Көрмейтін, естімейтін бұл қоғамның, Тас керең қос құлағы, көзі соқыр.

 

Бұл қоғам қарағанша көзін ашып, Шаршармыз, шалдығармыз, арып-ашып.

Талдырып өзегіңді жеткізбейтін,

Қашанда жақсылықтың жолы  қашық!…

 

Жүректі күрсіндіріп жылатқанша,

Қабаққа ғайыптан кеп шуақ қонса?! Төңкеріп дүниені жіберер ек,

Бір сәтте ортамызда Қуат болса.

 

Келгенше жыл айналып кім бар, кім жоқ,

Тілекті айту — парыз, тыңдау — міндет.

Қуаттың қара орманы сарғаймайды, Барында бұтақтары тұрған гүлдеп!

 

Айығар басымыздан мұнарған күн,

Кім жеткен ұшығына ұлы арманның, Гуілдетіп әнге басып, дуылдасып,

Құстары сайрайды әлі бұл орманның!