Қысқы уақытта елді мекендер арасында қатынап, жол жүру кейде қиындық тудырып жатады. Қардың уақытылы тазаланбауы, көктайғаққа қарсы материалдардың дер кезінде себілмеуі сынды мәселелер жолаушыларға жайсыздықпен қатар, қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан техникалар мен мамандардың қысқы кезеңге сақадай сай болуы аса маңызды.

Облыс тұрғындарынан жолдарды күтіп ұстауға қатысты шағымдар түсіп, қысқа дайындық ойдағыдай болмаса, тәртіптік шаралар қолданылады. Тәртіптік жауапкер-шілік жеткіліксіз болса, лауазымды тұлғаларды орындарынан босату туралы мәселе қаралады. Бұл жөнінде облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында ескертілді. Жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров қысқы кезеңге автокөлік жолдарын дайындау туралы мәлім етті.

– Биыл қала мен аудан әкімдік-тері қыс кезеңінде 2849 шақырым аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға 545 миллион теңге бөлді. Бұл тиісті нормативтерге сәйкес келмейді. Жолдарды қысқы кезеңге дайындауда ең аз қаражат Май мен Павлодар аудандарында қарастырылған. Олар 20 миллион теңгеге жуық қаражат қана бөлген, – деп мәлімдеді  Қанат Кашкиров. Басқарма басшысы жеті ауданда қар басу қаупі бар аймақтар бойынша жұмыстар тиісті деңгейге сай орындалмай жатқанын айтты. Нақты қандай аудандарда жұмыстар ақсап тұрғанын сұраған облыс әкіміне Қ.Қашкиров толық жауап бере алмады.

– Облыста жүздеген, мыңдаған сұрақ бар. Мен оған назарымды аудару үшін мәселені ашып айту керек. Аудандық маңызы бар жолдарды аудан әкімдері тиісті деңгейде күтіп ұстауы керек, – деді Асайын Байханов. Басқарма басшысының баяндамасына көңілі толмаған аймақ басшысы Қанат Қашкировқа жиналыс барысында сөгіс жариялады.

– Алдын ала ескертемін -тұрғындардың шағымдары түсіп, қысқа дайындық ойдағыдай болмаса, тәртіптік шаралар қолданамын. Ал тәртіптік жауапкершілік жеткіліксіз болса, лауазымды тұлғаларды орындарынан босату туралы мәселе қаралады, – деді Асайын Байханов. Облыс әкімі басқарма басшысына аудандарды осы мәселе бойынша аралап қайтуды тапсырды. Қанат Қашкиров баяндаманы толықтырып, облыс әкіміне қайтадан есеп беретін болады.

Торғын ОРАЗАЛЫ.