Бүгінде тұрғындарды алаңдататын басты мәселелердің бірі – жолдың жайы. Әсіресе, ауылдағы ағайынның басты «бас қайғысы» мен мұңы болып отыр. Себебі облыс орталығы түгіл кейбір елді мекендердің арасында қатынау, ауылға кіре-беріс жолмен өту қиынның қиыны. Ойқы-шойқы жолдардың азабын жолаушылар жақсы біледі. Иә, талай жылдан қордаланып келе жатқан бұл мәселенің түйіні біртіндеп тарқалып келеді. Алайда жаңадан салынған асфальттың, қайта жөнделген жабындының сапасы көп жағдайда көңілден шыға бермейді. Бұған не себеп? «Оңдаймын» деп жондайтынның әрекеті қашанғы жалғаспақ?

Сапа сын көтермейді

Тұмса табиғатымен облыстың ғана емес, күллі еліміздің көрікті жерлерінің көш басында тұрған Баянауыл ауданына жыл сайын туристер ағылып, көлдердің жағасында демалып, ерекше ескерткіштердің тарихымен танысып жатады. Алайда сол туристердің көпшілігі жолдың сапасына сын айтып кетеді. Ал жергілікті тұрғындар үшін бұл – әбден сарсаңға салған күрмеулі мәселелердің бірі. Айталық, Теңдік пен Ұзынбұлақ ауылының арасын жалғайтын жолмен жүру әсте оңай емес. Осы аумақтың тұрғындары жол жөндеуді сұрағалы талай жылдың жүзі болды. Әйтеуір, биыл көпшіліктің талап-тілегі орындалып, аталған учаскеде кеңестік кезеңнен бері алғаш рет орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болды. Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы мәліметтерге зер салсақ, әу баста Баянауыл аудандық экономиканың нақты секторы бөлімі конкурс жариялаған тұста Теңдік-Ұзынбұлақ бағытындағы 30-41 шақырым аралығын жөндеуге 545 млн 947 мың теңгеден астам сома қарастырылды. Қарағандылық кәсіпорын – «Дорстрой материал – ХХІ ғасыр» ЖШС мердігерлік ұйымы бұл жұмысты 518 млн 650 мың теңгеге жасап беруге келісті. Кейін келісімшартқа қосымша дайындалып, жұмыстардың бағасы 588 млн 888 мың теңгеге дейін өсті. Сөйтіп, жазғы уақытта жөндеу жұмыстары басталып кетті. Баянауылдықтар да көптен бері күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселенің қолға алынғанына қуанышты. Алайда бұл қуаныштары ұзаққа созылмады. Тиісті істің сапасыз атқарылғаны соншалық, көлік түгілі жаяу жүрудің өзі мұң. Себебі жаңадан төселген асфальт әп-сәтте опырылып жатыр.

– Шыны керек, бұл жолдың қайта төселуін көп күттік. Соңғы рет өткен ғасырда қайта қалпына келтірілген болуы керек. Бұл жол республикалық трассаға апаратындықтан, одан күн сайын өтетін көлік көп. Барлығы да осы аралықтан өткенде әбден қиналатын-ды. Биыл жөндеу жұмыстары басталғандықтан мұндай ауыртпалықтың барлығы артта қаларына сеніп едік. Бірақ олай болмады. Жаңадан төселген асфальтты теуіп қалсаң шашылып кетеді. Қазірден-ақ жабыны жарылып, шұңқырлар пайда болып жатыр. Қысқасы, жолымыз жақсара ма десек, одан әрі қолайсыздық тудыратын болды, – дейді аудан тұрғыны Амангелді Аханов. Тұрғындар сынының жөні бар. Теңдік–Ұзынбұлақ бағытында суық рейсайклинг әдісімен орташа жөндеуден өткен жолдың сапасы сын көтермейтінін «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Павлодар филиалының мамандары да айғақтады. Аталмыш орталық қызметкерлері бұл учаскеге жеті рет барып, тексерді. Соның барысында өрескел ақаулар анықталды. Асфальт расымен-ақ үгітіліп жатыр. 1000 шаршы метр жолдың барлық учаскесінде жарықтар мен шұңқырлар торы табылды. Осы учаскеден іріктелген өзектердің ешқайсысы орталықтың зертханасында сапа сынағынан өткен жоқ. Сынамалар тығыздық коэффиценті нормасына сай келмейді деген де қорытынды жасады. Мұндай олқылықтың барлығына мердігердің асфальт төсеу технологиясын бұзуы себеп болған. Атқарылған жұмыс талапқа сәйкес келмегендіктен, аудандық әкімдік жөндеу жұмыстарын қабылдаған жоқ. Мердігер – «Дорстрой материал – ХХІ ғасыр» ЖШС орталық тарапынан айтылған ескертулердің барлығын түзетуге уәде берді. Содан соң ғана жөндеудің ақшасы төленеді. Оған дейін, яғни барлық бұзушылықтар толығымен жойылма-йынша жол-құрылыс жұмыстарының ақысы төленбейді. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мамандары осы жылы жөндеуден өткен өзге де кейбір учаскелердегі кемшіліктерді анықтады. Айталық, осы Баянауыл ауданындағы Майқайың кенті мен Ақсаң ауылындағы, Шарбақты ауданы Хмельницкий ауылындағы, Успен ауданының Ковалевка елді мекеніндегі ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу кезінде де түрлі кемшіліктің кеткені белгілі болды. Бұған тұрғындар да назар аударып, әлеуметтік желі арқылы билікке шағымын білдіріп жатты. Іске жергілікті филиал қызметкерлері араласып, қателіктерді тайға таңба басқандай көрсетіп берген соң бұл ауылдарда еңбек еткен мердігерлер олқылықтардың орнын толтырды. Өкінішке қарай, сыннан сабақ шығармайтын, ескертулерді елемейтін мердігерлер әлі де бар. Айталық, облыстағы жолдарда барлығы 323 ақау анықталса, оның 51-і әлі жойылған жоқ. Мәселен, Павлодар ауданына қарасты Жаңақала ауылына кіреберіс жолды жөндеуге жауаптанған «ТAVANI» ЖШС орталық мамандары көрсеткен кемшіліктерді түзетпек түгілі жұмысты толыққанды аяқтаған жоқ. Ал бұл мердігерге 1,2 шақырымдық кіреберіс жолды реттеуге бюджеттен 30 млн теңге төңірегінде қаржы қарастырылған-ды. Алайда мұндай қомақты сомаға атқарылған сапалы жұмыс осы күнге дейін байқалмайды.

Кемшілік неден туындайды?

Бұл ретте атқарылған жұмыс-тардың сапасына баса мән бермеске болмайды. Әрине, ойлы-шұңқырлы жерлер тегістеліп, асфальт жолмен зулап өткен жақсы. Дей тұрғанмен, мемлекеттік қазынадан бөлінетін қыруар қаражатқа жасалып жатқан жұмыстар қаншалықты сапалы? Олар талапқа сай келе ме? Жоғарыда аталған ауылдардағы жағдай кей мердігерлердің жұмысқа селқос қарайтынын, ал оларды бақылауы тиіс мекеме қызметкерлерінің тарапынан қадағалаудың аздығын айқын көрсетеді. Мұндайда Жол активтерінің ұлттық сапа ортылығы мамандары көмекке келеді. Төрт жыл бұрын құрылған аталмыш мекеме мердігерлердің жұмысын «май шаммен» қарайтын сараптамалық орталыққа айналды. Осы орайда атап өтер жайт, биыл Павлодар облысында жол құрылысы мен жөндеуге рекордтық сома – 28 млрд теңге бөлінді. Яғни, жалпы ұзындығы 682 шақырымды құрайтын жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеу, қайта жаңарту бойынша 140 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Сондықтан жұмыс сапасын бақылауға қатысты жауапкершіліктің де еселене түсетіні сөзсіз. Демек, істің нәтижесіне бұрынғыдан да қырағы болып, бақылауды бұрынғыдан да күшейте түсу керек. Осыны қаперге алған орталықтың жергілікті филиалының өкілдері жобалардың жүзеге асуын егжей-тегжейлі електен өткізетін болды. Нақтысын айтсақ, барлық маңыздағы жолдарға шығып, мұндағы істердің қалай атқарылғанын сараптады. Соның барысында түрлі ақау анықталды. Айталық, инженерлер 201 нысанға 619 рет тексеріске шығып, республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарда 316 ақаудың барын байқады. Оның 173-і – өрескел қате. Сол сияқты жергілікті маңызы бар жолдардың 79 нысанына 296 рет тексеріске шыққан инженерлер 56 ақау анықтады. Оның 15-і әлі күнге дейін қалпына келтірілмеген. Ал «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Павлодар облыстық филиалы анықтаған ақаулар мен кемшіліктер бойынша 60,1 млн теңгеден астам қаржының жұмысы мердігерлер есебінен қайта жасалды.

– Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы – елімізде жаңа құрылған мекемелердің бірі. Мекеменің негізгі мақсаты – жол құрылысының сапасын бақылау. Оның сапасы жақсаруы үшін қатаң бақылаудың болуы маңызды. Бұл ретте біздің орталық – техникалық бақылауды жүзеге асыратын маңызды бақылаушы органдардың бірі. Яғни, жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп ұстау, сондай-ақ жол активтерін басқару саласындағы жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптаумен айналысамыз. Бұрын аймақтық зертханалар республикалық жолдың сапасын тексеріп, оның кемшіліктерімен күрессе, қазір орталық барлық жалпыға ортақ жолды, соның ішінде жергілікті жолдарды толығымен қамтиды, – дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының директоры Ерлан Қалымов. Жалпы, бұрынғы «Облжолзертхана» базасында 2019 жылы жаңа мекеме құрылғалы мамандар 903 нысанға 3150 рет тексеріске шығып, 1005 ақау анықтады. Оның ішінде 118 өрескел қателік бар. Жол құрылысына пайдаланатын материалдан 5110 сынама алынып, оның 1005-і стандартқа сай келмейді деген байлам жасалды. Көп жағдайда жол төсемі қабаттарының нашар тығыздалуы, іргетастың біркелкілігін сақтамау, асфальт төсеу алдында битумның толық төгілмеуі, құрылыс материалдарының сапасыздығы сынды олқылықтар кездесіп жатады. Жол құрылысы мен жөндеуі барысында неге мұндай кемшіліктер туындайды? Оның себебін Ерлан Қалымов былай түсіндірді:

– Бірден айту керек, жол салу және жөндеу – оңай іс емес. Оның қандай да бір сатысындағы қателік тұтас жұмыстың сапасына кері әсер етеді. Яғни, жобалық-сметалық құжаттамадан бастап, жол белгілерінің орнатылуына дейінгі процестің барлығы мінсіз атқарылуы тиіс. Жұмыс барысында дұрыс технология мен талапқа сай келетін құрылыс материалдары ғана қолданылуы қажет. Сол кезде ғана сапа жайлы айтуға болады. Бұл ретте кадр мәселесі де маңызды рөл атқаратынын бөле-жара атап өткен жөн. Өкінішке қарай, кей кездері білікті құрылысшылардың, авторлық, техникалық бақылаушылардың, жергілікті атқарушы органдарда жолдарды салуға және жөндеуге тапсырыс беретін, мердігер орын-даған жұмыстардың сапасын тексеретін мамандардың тапшылығы да салқынын тигізбей қоймайды. Бір қуантарлығы, бүгінде мердігердің басым бөлігі олардың жұмысын сынақтан өткізіп, талдайтын орталықтың барын біліп, сапаға баса мән беретін болды. Олардың жауапкершілігі артты. Бұл бағыт-тағы жұмысты әлі де жалғастыру керек, – дейді филиал басшысы.

Сынамадан «сүрінгендер» көп

Байқағанымыздай, орталық мамандары көп жағдайда сынамалардың талапқа сай болмайтынын айтады. Ал оның стандартқа сәйкес келер-келмесі қалай анықталады? Бұл іспен кімдер айналысады? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алып, жұмыс барысын байқау үшін орталыққа арнайы бардық. Алдымен тексерістің түп-төркініне тоқталсақ. Ерлан Қалымовтың айтуынша, белгілі бір учаскеде тексеру жұмыстары басталмас бұрын тапсырыс беруші жергілікті атқарушы органның атынан филиалмен жұмыс пен материалдардың сапасына сараптама жүргізу бойынша қызметтерді көрсетуге шарт жасайды. Кейін орталық мамандарының жөндеу учаскелеріне бару кестесінің жоспары бекітіліп, сол кестеге сәйкес аумақтарға барады. Сол жақтан арнайы құралдардың көмегімен көлемі әр түрлі болатын сынамалар алынып, зертханаға жеткізіледі. Атап өтерлігі, орталықтағы қызметкерлер қай сынаманың қай жолдан жеткізілгенін мүлде білмейді. Әр бөліктің өз QR-коды мен нөмірі болады. Барлық талдау соған сәйкес жүргізіледі. Бұл – осы жылдың жаңашылдығы. Жұмыстың барлығы цифрландырылған. Сол арқылы қандай да бір жемқорлық әрекеттердің жолы түбірінен кесіледі. Орталықтағы зертхана бірнеше бөлімнен тұрады. Олардың әрқай-сысы жолдың құрамына қарай бөлінеді. Мұнда асфальтбетондар, цементке және цементбетонға, қиыршық тас, құм, түрлі қоспалар, топырақ, битум тұтқырғыштарды қоса алғанда, тайғаққа қарсы материалдар және т. б. сияқты жол-құрылыс материалдарының барлық спектрінің 150-ден астам сынағын жүргізуге мүмкіндік бар. Мұнда жеткізілген сынамалар қабаттарына байланысты бөлініп, қалыңдығы, тығыздау және суға қанығу коэффиценттері бойынша електен өтеді. Битумның сапасы, құрылыс материалдарының қандай температурада қандай әсер беретіні – барлығы зерттеушілердің жіті назарына ілігеді. Қысқасы, бұл зертханаларда асфальт «өмірінің» барлық циклі өтеді. Осы жылы филиал зертханасында жол-құрылыс материалдарының 1567 сынамасы зерттеліп, оның 316-і талаптарға сәйкес келмейтіні белгілі болды. Осы орайда кадр мәселесіне ерекше тоқталып өткен жөн. Себебі мердігерлер төсеген жолдың стандарттарға сай келер-келмесін анықтау оңай емес. Ол дәлдікті, біліктілікті, тыңғылықты талдауды талап етеді. Бұл тұрғыдан алғанда облыстық филиал қызметкерлерінің біліктілігі мен білімі жоғары деуге толық негіз бар. Себебі қысқы уақытта, яғни жұмыс азайған шақта олар үшін арнайы оқу курстары ұйымдастырылып, тың технологиялар, жаңашылдықтар жан-жақты түсіндіріледі. Бір жылда барлығы 15-тен астам оқу курсы ұйымдастырылады. Мамандар тәжірибесін шыңдай түсу үшін еліміздің өзге қалаларына да барып, ой-пікір алмасады. Бір «әттеген-айы», соңғы уақытта елімізде жол саласының мамандары аз даярланады. Бұл бағытқа бөлінетін грант саны да кеміген. Яғни, бүкіл ел бойынша сұранысты өтейтін қауқар әзірше болмай тұр. Сондай-ақ, кей азаматтар жол саласының маманы аптап ыстықта, шаң-тозаңның арасында қара жұмыс істейтін адам деп қана түсінеді. Осындай пікірлерді жоққа шығарып, балалардың бойында қазірден-ақ жол саласына деген қызығушылықты арттыру үшін кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізіледі. Зертханада мектеп, колледж оқушыларына арналған «Ашық есік күні» шарасы ұйым-дастырылады. Орталықтың «2000 мектеп» жобасы аясында 4 жылда филиал мамандары Павлодар облысының 250-ден астам мектебінде кездесулер өткізді. Жыл сайын зертханада жаз бойы студенттер ақылы тәжірибеден өтіп, уақытша жұмыспен қамтылады. Мұның барлығы – болашақ мамандарды дайындау мақсатында қолға алынып жатқан игі істер. Себебі ертеңгі күні де түрлене түскен технологиялардың «тілін» түсінетін, сынамалардан-ақ қай жолдың сапалы, ал қайсысы сапасыз екенін анықтайтын білікті қызметкерлер керек.

Түйіндей келе айтпағымыз, жол – елдің күретамыры. Сондықтан оның сапалы, жүргізушілер мен жолаушыларға қолайлы болуы аса маңызды. Жалпы, Павлодар облысында республикалық маңызы бар жолдардың 97 пайызы нормативтік жағдайда болса, жергілікті желіде бұл көрсеткіш 91 пайызды құрайды. Қазақстанның барлық аймақтарының ішінде жол сапасы бойынша Павлодар облысы үздік үштікке кіреді. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Әлі де кемшін түсіп жатқан тұстар бар. Соларды мердігерлер мен тапсырыс берушілер қаперге алып, жол сапасы орталығының мамандары көрсеткен олқылықтардың орнын уақыт оздырмай толтырса, тақтайдай тегіс жолмен жүйткитін жолаушылар риза болар еді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.