Біз XXI ғасырдың адамы болғанымен  интернетсіз өмірдің  шетін көрдік. Ғаламтор, смартфон, планшет, ұялы телефон, компьютер сынды технология жоқ кезде ауылдағы күн қалай өтті дейсіздер? Кітапханадан кітап алып, сыныптастарымызбен танымал қаламгерлердің шығармаларын жарыса оқитын едік. Ал өңірдегі, елдегі жаңалықты білу үшін газет-журналдардың әр нөмірін асыға күтетінбіз.

Ауылдағы пошта байланысы қазіргідей газетті ауылға тез жеткізе қоймайтын. Бүгінде күн демей, түн демей кітапты оқыған шақтарды сағынатынымды жасырмаймын. Ол уақытта рухани баюдың не екенін білдік. Жан дүниеміз байыды. Сол кездегі газет-журналдардан көптеген тұлғаларды таныдық. Біз оқыған ақпараттардан көп мағлұмат алатын едік. Әсіресе, ертегі, мақала, өлең, әлеуметтік оқиғаларды оқып білдік. Бізді алға қойған мақсатқа жеткізген де осы газет-журналдар болатын. Ойымызға ой қосатын. Сол кездегі ғажап күндер сағынтып қана қоймай, жастық шақтың ауылына апарады. Қазіргі уақытта да газет-журналдар,  кітаптар — менің ажырамас достарым.

Осы мақалам арқылы өзекті мәселені қаузағым келіп отыр. Ол қазіргі  газет-журналдардың хал-ахуалы жайында болмақ.

Шыны керек, әлеуметтік желі пайда болғалы кітапханаға баратын оқырмандардың қатары азайды. Дәл сол сияқты газет-журнал оқитындар да жылдан-жылға, күннен-күнге сиреп  барады. Бұл жағдай жастардың рухани байлығының нығаюына кері әсерін тигізуде. Тіпті, газетті  ауылдық жерлерде тұрмысқа пайдаланатыны белгілі. Кейбіреуі газетті оқымақ түгіл бетін де ашпайды. Мұндай жағдайларды көзім көріп жүрген соң айтып отырмын. Осындай рухани қазынамыздың бағасын төмендеткен адамдардың әрекеттерін байқасам  ішім ашиды. Сонда газет-журналдарымыздың бағасы бес тиын болғаны ма? Осы бір ауқымды мәселенің шешімі — халық болып бағалы дүниемізді қадірлеуді үйрену. Қолымызда бардың қадірін білмей жатсақ бұл бірлігіміздің берік еместігін көрсетеді. Арда қазақтың ар, намыс пен ұятты биік қойған ұлдарынан болсақ сіздің де, біздің де бұған бір адамдай атсалысуымыз қажет. Ұлттық қазынамызды ақпарат көздерін ұнатпайтын біреулердің жемтігі етпей, сақтап қалуымыз міндет.

Газет-журналдарды тоқыраудан аман-есен алып шығу үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз  маңызды. Рухани танымымызды арттырып, болашақ ұрпаққа, ұлдарымыз бен қыздарымызға мұра етіп қалдыру үшін кішкентай ғана үлес қосу — бәріміздің борышымыз. Асылдың сынықтары, алтынның ұрпақтары екенімізді әлемге танытып, өзіміздің газет-журналдарымыздың ғұмырын мәңгі етейік. Өйткені бүгінгі газет — кешегі Алаш арыстарынан қалған аманат деп білемін. Сөздің соңында келешек ұрпағымыз өзінің ана тілін және оның сарқылмас қазынасы, ел мен жұрттың жағдайын баяндайтын газет-журналдарды көз жазбай оқуы керек дегенді айтқым келеді. Сондықтан жұртшылықты мемлекеттік тілімізде шығатын газет-журналдарды оқуға шақырамын.

 

Диас ЖАНБЕК,  Әлкей Марғұлан университетінің студенті.