Павлодар облысында жас мамандарды даярлайтын үш жоғары оқу орны бар. Жыл сайын Торайғыров университеті, Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университет пен Инновациялық Еуразия университетінен мыңдаған студент диплом алып, жас мамандардың қатарын толықтырады.
Өкінішке қарай, университеттің кейбір түлектері ауылда жұмыс істеуден бас тартады. Бағдарлама аясында ауылға барғанымен, белгілі бір мерзімде еңбек етіп, сосын қалаға ауысады. Тіпті, мемлекеттік грантты өтеу үшін ауылға жұмыс істеуге жіберілетін жастар ақылы негізде магистратураға түсуі арқылы мұндай талаптан құтылып кететін көрінеді. Жалпы, жастар ауылға бара ма? Оларды елді мекендерге тартудың жолы қайсы?
Жоғарыда Павлодар қаласында 3 жоғары оқу орны барын айттық. Өткен жылы аталған университеттерден жалпы саны 6000-ға жуық студент түлеп ұшқан. Өкінішке қарай, олардың дені қалаларда жұмыс істесе, бірқатары шекара асқан.
Мәселен, облыс орталығындағы Торайғыров университетін «Серпін-2050» бағдарламасымен келген жастарды қосқанда 2 338 студент аяқтаған. Оның 1946-ы бакалавр, 366-сы магистратура, ал 26-сы докторантура деңгейін меңгерген. Алайда олардың 40 пайызы облыс қалаларында тұрақтаса, 10 пайызы «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасымен елді мекендерге жіберілген.
Мақсат Қабышев Инновациялық Еуразия университетін инженер-технолог мамандығы бойынша бітірген. Мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмағандықтан қаладағы мейрамханалардың бірінде даяшы болып еңбек етіп жүр. Ауылда мал шаруашылығымен айналысып отырған әкесі ұлының пәтерден пәтерге көшіп, істеп жүрген жұмысына көңілі толмай, ауылға шақырады. Бірақ Мақсаттың барғысы келмеді.
Ауылға жастарды тартуда мемлекет тарапынан қолдау да көрсетілген. Мәселен, бакалавр дәржесінде ауылдық квота арқылы мемлекеттік грантта оқитын студенттер оқуды тәмамдаған соң 3 жыл көлемінде ауылда жұмыс істеуге міндеттеледі. Жастар осындай жағдайда да ауылдан қашудың жолын тапқан.
— Осыдан 3 жыл бұрын Торайғыров университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірдім. Диплом алған кезде мені Успен ауданының шалғай ауылына жіберді. Үйдің кенжесі болғандықтан, жалғыз өзім алыс әрі танымайтын жерге баруға қорықтым. Ата-анам да қарсы болды. Сосын магистратураға құжаттарымды тапсырып, ақылы негізде оқуға түстім. Магистратурада білімімді жалғастыратын болғандықтан, ауылдағы мектепте грантты өтеуден босатылдым, — дейді Әйгерім Асқар.
Ауылдағы жұмыстың игілігін көріп отырғандар да жоқ емес. Олардың қатарында Май ауданы Көктөбе ауылының орта мектебінде еңбек етіп жүрген жас маман Мерей Жиенбаева бар. Ол — ауылдағы балаларға білім беріп отырған ұстаз.
— Ауылда дарынды, білімді бала көп. Бүгінгі жастар ұрпақтың болашағы үшін еңбек етуі керек деп ойлаймын. Ауыл кеші жастармен ғана көңілді. Өзім көп тәжірибе жинаудамын. «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасының сыйлап отырған мүмкіндігі де көп, — дейді жас ұстаз.
Өкінішке қарай, өңірде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылға баратын жас мамандардың қатары сиреп барады. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, өткен жылы 163 маман ауылға аттанса, 2022 жылы 265 түлек еңбек жолын ауылдан бастапты.
Биыл Әлкей Марғұлан университетін жалпы саны 1475 түлек бітіреді. Ал Торайғыров университетінен
1958 студент диплом алмақ. Яғни, екі жоғары оқу орнынан 3 мыңнан астам жас маман шығады. Олардың кем дегенде 30 пайызы ауылдың дамуына өз үлестерін қосса екен дейміз. Ауылға жастар ағылғанда ғана дәрігер, мұғалім тапшылығы түйткілдерінің түйіні тарқайтын еді.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.