Ежелден есіміңе ғашық едім,
Баурады, Баянауыл, асыл лебің.
Қаныштың бұйра шашы секілденіп,
Бұрқырап жатыр орман, жасыл белің.

Кәкімбек Салықов.

Әлемде сұлулығымен адамзатты баурап алатын жерлер көп. Солардың бірі – өзімнің туып-өскен өлкем Баянауыл туралы әңгіме қозғамақпын. «Баяна-уылды көрген де, көрмеген де арманда» демекші, әсем өлке. Сұлулығы хор қызы іспеттес. Қаншама тұлға шығып, бай өлкенің абыройын аспанға асқақтата білді.
Жазғы демалыста еліміздің түкпір-түкпірінен келген демалушылар Баянауыл өлкесіне келіп, көркем табиғатқа тамсанып жатады. Осы кезде, «Ей, шіркін-ай!» деп қалатын кездер көп болады. Өзіңнің кіндік қаның тамған жеріңнің ыстығы соншалық, көшесінде жүргенде рахаттанып, марқайып қалатынымыз тағы бар. Өзіміз де осы өлкеден шығып, күйбең тіршілігі көп қалада туған жерімізді аңсаймыз. Сағынамыз. Келем деп алып ұшқанда үш сағаттық жол жеткізбей де қояды. Жеткеннен соң жас баладай асыр салып, тұлпарға мініп, тау-тас аралайтынымыз да бар. Туған жерге деген сағынышта шек бар ма?
Аңыздарға сүйенсек, Баянауыл есімі мына бір атаудан шыққан екен. Сонау ерте заманда адамзаттың аз кезінде, құрлықтың саз кезінде, осы төңіректі екі қауым ел мекен етіпті. Күндердің күнінде олар әрі құнарлы, әрі шұрайлы жерді көріп «Мен алам, мен алам» десіп таласқа түседі. Оқиғаның арты дауға ұласып, екі ел жауласа бастайды. Халқымыз «Бірлік түбі – тірлік» деп тегін айтпаған. Сол елдің бірінде жан сұлулығы мен тән сұлулығы жарасқан көптің құрметіне бөленген ақ жаулықты Ана өмір сүріпті. Ақылдылығын, даналығын сыйлаған ел-жұрты оны Бай Ана деп атапты. Екі ауылдың игі жақсылары бас қосқан кезде Бай Ана келіп ұсыныс жасаған екен дейді:
– Бірлік бітімнен туындайды, дау мәмілеге келмесе дамайға ұласады, жаяу жарыс жасаңдар, балуан күрес қылыңдар, жамбы тігіп атыңдар. Жер жеңгендікі!
Екі жақ соған пәтуаласып, айтқанын орындаса да, тең түсе беріпті. Жаяу жарыс, балуан күрес, жамбы атудан бірін-бірі жеңе алмапты. Көп күн өтеді. Көпшілік қалжырап, шаршайды. Тағы да кеңес қылады. Ақыры Бай Ананың алдына келіп:
– Уа, Бай Ана! Егіз жатқан екі ел едік. Жер дауының жетер шетін таппадық. Біздің байлам – мынау. Осы жерді өзің қоныстан. Бұл сенің – Бай Ананың ауылы болсын, депті. Сөйтіп, Бай Ана осы өлкеге орналасыпты. Содан бері, көпшілік бұл жерді Бай Ана ауылы – «Баянауыл» деп атап кетіпті.
Аңыздың екінші нұсқасына деректер келтірер болсам:
Бұрынғы өткен заманда байлығы мен аты әлемге жайылған Қарабай деген бай болыпты. Оның ай десе аузы, күн десе көзі бар Баян деген сұлу қызы болған екен. Әсемдігі, көріктілігі алты алашқа толық тараған Баянды айттырып алғысы келетіндердің саны күн санап көбейе түскен екен. Бірақ Баян күйеу болғысы келген жігіттерді менсінбей қайтара беріпті. Абыр-сабырдан мазасы кеткен Қарабай осындай істі өткізудің басқаша жолын қарастырады. Сөйтіп, өзінің Аякөзден Түменге дейінгі аралықтың орта тұсы деп, тамаша жер жәннаты тәрізді өлкеге Баянның ауылын қоныстандырады. Сөйтіп, ендігі келушілер осы ауылға келіп, ат басын тірейтін болған. Күнде ойын-сауық, қызық–думан өткізіліп тұрыпты. Баянды көргісі келген бозбалалар жан-жақтан ағылыпты. Осылайша, бұл ауыл «Баянауыл» деп аталыпты.
Есімі аңыздарға толы бұл өңір – қаншама тұлғаны түлеп ұшырған қасиетті ел. Қадірі әлемге аян ата-бабамыз осынау кең-байтақ жерімізді жаудан қорғап, бізге аманат қылып берді. Баянауылдың әр тасын өлеңмен өрнектегенді өз басым қатты жақсы көремін. Себебі ол тастарда қаншама тарих жатыр. Тереңінен зерделеп, зерттегім де келеді.
Ақбеттаудай абыройлы шыңымыз, кіндік қанымыз тамған жердің сұлулығын көрікті етіп, сұлулыққа әсемдікті өрнектеп тұр. Осы кезде Күркелілік жерлес ақын Жоламан Әйткен ағамның «Ақбет ару» өлеңінен үзінді жолдағым келеді.
Кемсеңдеме Кемпіртас уайымынан,
Жаласы көп Ақбеттің қайыңынан,
Таудай бақ бар сыйлаған таң нұрынан
Таудай мұң бар жимаған айылынан,

Жақсыаула, Жаманаула – құрбылары,
Тау – ғұмырдың тағдырын жыр қылады,
Тас боп қатқан сондағы пәк көңілі,
Жас боп аққан сондағы бір бұлағы.
Ақын ағам Баянауланың, соның ішінде Ақбет аруды өте әсем етіп суреттеп тұр. Баянауылдың сұлулығына сөз жоқ. Келген қонақтардың тамаша табиғатқа тамсанатынының өзі біздің өңірдің көріктілігінде жатыр емес пе?! Туған жеріме деген махаббатым әлі талай өлеңде жырланады деп ойлаймын.

Диас ЖАНБЕК, Әлкей Марғұлан университетінің студенті.