Бүгінгі таңда елімізде параспорт түрлері дамып келеді. Ерекше қажеттілігі бар балалар ел қатарлы спортпен тұрақты түрде шұғылданып жүр. Бұл бағыттағы еңбектері де өз жемісін беруде. Айталық, таяуда Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен сурдотаэквандодан әлем чемпионатынан жерлестеріміз олжалы оралды.

Төрткіл дүниенің түкпір-түкпірінен жиналған мықты спортшылардың қатарында павлодарлық төрт өрен де болды. Олар – Арлан Жантеміров, Константин Небельцов, Тимур Кулесов және Виктория Протопопова. Жалпы, аталған жарысқа әлемнің 20 елінен барлығы 195 спортшы қатысты.

Біздің спортшылар намысты қолдан бермей, аймақ пен ел абыройын асқақтата білді. Атап айтқанда, 74 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Арлан Жантеміров Тайпей және Германия елдерінен келген екі спортшыны айқын басымдықпен ұтып, қола медаль еншіледі. Ал Константин Небельцов 63 келі салмақта үшінші орын алды. Ол қытайлық және украиналық таэквандошылардан басым түсті. Тимур Кулесов пен Виктория Протопопова ширек финалда қарсыласқа есе жіберіп, өкінішке қарай, жүлдесіз қалды. Бірақ екеуінің де халықаралық дәрежедегі спорт шебері екенін атап өткен жөн. Тимур 2015 жылы Азия чемпионатында күміс медаль еншілесе, Виктория 2017 жылы үздік бестікті түйіндеген болатын.

Павлодарлық спортшылардың мұндай жоғары жетістіктерге жетуі – бапкері Талғат Нұрбаевтың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Ол спортшыларды 14 жылдан астам уақыт бойы жаттықтырып, түрлі жарыстарға дайындап келеді.

– Павлодар облысында параспорт, сурдотаэквандо жақсы дамып келеді. Тәрбиеленушілеріміздің жетістіктерге жетуі оларды да, ата-аналары мен бізді де қуантады. Біздің спортшылар сенім үдесінен шығып, үмітті ақтап жүр. Қырғызстандағы бәсекеде де бабында екенін көрсетті. Жүлдегер ретінде енді Арлан мен Константин де халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алады, – дейді бапкер.

Жалпы, өңірде параспортқа баса ден қойылуда. Талғат Нұрбаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған клубта балаларды жаттықтырса, Сәния Досымханова балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде таэквандошыларды дайындауда. Осындай мамандардан тәлім алған спортшылардың алдағы уақытта да бағындырар белесі биік болады деп сенеміз.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.