Диплом жұмысы – студенттің жоғары оқу орнындағы соңғы әрі қорытынды жұмысы.  Жылдар бойы алған білімнің нәтижесі. Сол себепті, бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарап, тыңғылықты ізденіс жұмыстарын жүргізу керек. Алайда кей білім алушылар кәсіби түрде ғылыми мақалалар жазатын мамандарға жүгініп жатады. Студенттердің дипломдық жұмысты жаза алмауына не себеп? Мәселенің мәнін зерттеп, зерделеп көрдік.

Соңғы оқу жылы бастала сала университет бітіруші студенттердің ойында бір сұрақ маза бермейтіні анық. Ол – «Дипломдық жұмысымды өзім жазайын ба, әлде біреуге жаздырайын ба?» деген сауал. Өкінішке қарай, соңғы уақытта «Дипломдық жұмысты қиналып бір жыл жазғанша, одан да ақшасын төлеп жаздырғаным жақсы» деген пікірді ұстанып, жаздыратын студенттер саны артып келеді. Олардың көпшілігі ғылыми мақала, дипломдық жұмыс жазатын кәсіби мамандарға көмекке жүгінеді.

Өзінің толық аты-жөнін, оқу орнын атамауды өтінген Айнұрдың айтуынша, студенттің дипломдық жұмысты өзі жаза алмауының себептеріне қорқыныш, тақырыптың көңілден шықпауы, қажетті деректердің табылмауы, ғылыми мақала мазмұнын түсінбеуі және антиплагиатты дұрыс қолданбауы секілді бірнеше себеп болуы мүмкін.

– Мен дипломдық жұмысты өзім жаза алмаймын. Себебі маған бағыт-бағдар беретін, көмек қолын созатын адам жоқ. Ал университет тарапынан жетекші етіп тағайындалған мұғалімнен еш пайда жоқ. Одан бөлек, мұндай мазмұндағы көп мақала жазып көрмегендіктен жоспарын дұрыс құрастыра алмаймын. Менің ойымша, дипломдық жұмысты жазуға болады. Алайда оған көмектесіп отыратын оқытушы немесе өз ісін білетін кәсіби адам керек секілді, – дейді Айнұр.

Интернет желісінде «Дипломдық жұмыс» деп теріп қалсаңыз, әр түрлі компаниялар мен жеке мамандар «атып» шығады. Үлгі ретінде солардың ішінен @education_aid_1 парақшасын таңдап алдым. Онда 1 500-ден аса жасалған жұмыс қабылданған екен. Бағасы да қолайлы. Жалпы, қоғамда мұндай диплом жазғыштар өте көп және өз араларында бәсекелестік те орын алып үлгерген. Сонымен қатар, алаяқ адамдарға алданып жатқандар қаншама…

Дипломдық жұмыстардың бағасын білу мақсатында бірнеше сайтты, әлеуметтік желілердегі парақшаларды ақтарып көрдік. Мәселен, соңғы төрт жылдағы дипломдық жұмыстарды тапсырыспен жазғызып, сатып алу бағасын алып қарайтын болсақ, 2020 жылы 80 мың, 2021 жылы 100 мың, 2022 жылы 120 мың, 2023 жылы 140 мың теңге болса, осы жылы 160 мың теңгені құрайды. Бұл, әрине студент үшін қомақты қаржы. Егер ақылы бөлімде оқыса, тіпті қиын жағдай.

Кей студенттер мұндай адамдарға алданып қалмас үшін өзі оқып жүрген кафедраның оқытушыларына сенім артып тапсырады. Яғни, белгілі бір саланың оқытушысы өз студентіне ақылы түрде дипломдық жұмыс жазып беретін жайттар да кездеседі екен. Бір тараптан қарайтын болсақ, екі жақтың да шешімдері дұрыс емес. Себебі білім алушы университет қабырғасында 4 жыл ішінде өз мамандығын зерттеп-зерделеген болса, соңғы курста дипломдық жұмысты өзі жазатындай дәрежеге жетіп қалуы керек еді. Мұндай студенттерден болашақта қандай мамандар шығады? Осы бір мәселе қынжылтады.

Бұлбұл БЕРІКБОЛҚЫЗЫ,

Торайғыров университетінің студенті, Павлодар қаласы.