Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын «Асар» дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Жақсылық жасау – сауапты іс. Жақсылық жасай отырып, әр ісі үшін ақы алмайтын жалғыз бағыт бар. Ол – еріктілік. Бүгінде өз кәсібінен бөлек, осы салаға бет бұрып жатқандардың саны күннен-күнге артып келеді. Олардың көпшілігі – жастар. Бұл, әрине, көңіл қуантады.

Әлібек Жүнісбектің облыс орталығындағы Жастар бастамаларын дамыту орталығы жанынан құрылған еріктілер ұйымына келуіне өзге қатарластарының игілікті істері себепкер болған. Сөйтіп, ойланбастан олардың қатарына қосылады.

– Менің ерікті болуымның басты мақсаты – қарттарға, аз қамтылған отбасыларға, балалар үйіндегі балаларға қол ұшын созу, еріктілер қозғалысына шақыру және қоршаған ортаға өзімнің пайдамды тигізу. Бала кезден бері ата-анамыз үлкендерге құрмет көрсетуге тәрбиелеп келе жатыр. Соның арқасында осындай бағытты таңдадым, – дейді ол.

Әлібектің бұл ұйымның қатарына қосылғанына көп уақыт бола қоймаған. Алайда шын көңілден жасаған істері үшін көптің көзіне ілініп, бүгінде белсенді еріктілердің қатарына енген.

– Бұл ұйымның қатарына осы жылдың қаңтар айында қосылдым. Осы уақыт аралығында көптеген шараға қатыстым. Олардың арасынан «Nauryz TIME», «Ulkenge kurmet», «Volunteer time», «Jastar VDELE» атты акцияларды атап өтуге болады. Мәселен, «Ulkenge kurmet» акциясында әр ай сайын жалғызбасты қариялардың үйіне барып, үй шаруасына көмектесеміз.  Сондай-ақ, оларға материалдық және рухани көмек көрсетуге тырысамыз. Алдыңғы буынға құрмет көрсету – біздің парызымыз, – дейді Әлібек.

Оның сөзінше, кәсіби біліктілікті қажет етпейтін бұл сала оның өмірінің бір бөлшегіне айналған. Себебі ерікті болу арқылы көпшілікке көмек көрсету Әлібекке ерекше әсер етеді.

– Ерікті болып қызмет атқару өмірімнің бір бөлшегі десем, артық етпес. Себебі ол уақытыңды тиімді, пайдалы жұмыстарға жұмсағаннан бөлек, қоршаған ортаға деген көмек болады. Бұл бағытқа жүрек қалауымен келу керек. Өйткені волонтерлік қызмет мейірімділікті, қамқорлықты қажет етеді. Мұқтаждарға көмек беріп, ардагерлерді құрметтеу, қоршаған ортаға қамқорлық көрсету, қаламызды таза ұстау, жастарымыздың бойына адамгершілік, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді дарыту әрбір еріктінің азаматтық борышы болып саналады. Волонтерлік мені жақсы жаққа өзгертті деп айта аламын. Өйткені волонтер болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сен тек өзің үшін емес, сенің көмегіңе мұқтаж адамдар үшін жауапты екеніңді түсінесің, – дейді ол.

Әлібек бұл ісін тоқтатпай, алдағы уақытта да жалғастырып, көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созуға әзір.

Қоғамда қашан да волонтерлердің орны ерекше. Себебі олар жасаған жақсылығы үшін ешқандай төлемақы талап етпейді. «Өзгелерге қол ұшын созу – парызым» деп қана санайтын мұндай жомарт, пейілі кең жандардың ешқашан да мәртебесі кемімейтіні ақиқат.

«Ерікті болу – ерлік» демекші, осындай жігерлі, жалынды жастардың бірі – Арман Ысқақов.

Бала кезден елгезек, біреуге көмектесуге жаны құмар, ақкөңіл Арман бүгінде қоғамға қолдан келгенше көмектесіп жүр. Содан болар, бүгінде ол қаламыздағы белсенді ерікті жастардың қатарында жүр.

ИнЕУ жоғарғы колледжінің 1-курс студенті Арман Жастар бастамаларын дамыту орталығында өткен жиындардың бірінде еріктілер жұмысымен танысады. Алғашында бұл бағытқа бірден қызығушылық таныт-паған. Дегенмен, қатарластарының атқарып жүрген істерін көріп, өзі де волонтерлікпен айналысуды жөн санайды.

– Кей адамдар волонтерлік бірлестіктер туралы теріс пікірлер қалыптастырған. Олардың пайымдауынша, біз әр ісіміз үшін қаржы аламыз. Алайда бұл – қате түсінік. Қазақ халқының қай баласы болса да өзгенің қолтығынан демегеніне ақы сұраған емес. Олардың ақ батасын алғанның өзін абырой санаған. Еріктілік те солай. Ерікті болғысы келген жан жасаған жақсылығына өтемақы талап етпеуі керек. Керісінше осы бағыт арқылы ортаны кеңейтуге, жаңа достар табуға, өзгенің алғысына бөленуге мүмкіндік береді. Яғни, еріктілік адамның рухани қазынасын байыта түседі. Адам бойындағы адамгершілік қасиетті арттырып, мейірім шуағын молайтады, – деп түсінеді ол.

Осы жылдың қаңтар айында бірлестікке мүше болған Арманға қазіргі атқарып жатқан жұмысы ұнайды. Мұндағы оның басты мақсаты – өзі секілді жалынды жастардың басын қосып, игі шараларға атсалысу. Көмекке зәру жандарға көмектесіп, қоғамда болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамайтын Арманның орталықтың еріктісі ретінде атқарған жұмыстары жайында айтып беруін сұрағанымызда, ол:

– Мен ерікті жандардан құралған топтың мүшесімін. Біз не істесек те, топ болып, бәріміз бірігіп атқарамыз. Бірлік түбі – береке емес пе? Осылай бірігіп, көп жұмысты еңсеруге болады. Бастысы мұнда өз міндетіңе зор жауапкершілікпен қарауың керек. Әрдайым қоршаған ортаға зер салып, орын алып жатқан оқиға-ларды ой елегінен өткізе білу қажет, – дейді ол.

Қазіргі таңда еріктілердің жұмысы кең көлемде жүріп жатыр. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан оларға деген сенім де артып келеді. Мәселен, еріктілер қатарындағы жастар жалғызбасты ардагерлер мен зейнеткерлердің қыс уақытында ауласын қардан тазалап, үйлерін жинап, қоқыстарын төгіп, көмектерін аямайды. Олардың жалғызбасты қарттармен жайдарлы жүзбен әңгіме-дүкен құрып, жоғары көңіл-күй сыйлайтын кездері де болады.

Облыс орталығында парасат-тылықты, адамгершілікті, тазалықты насихаттайтын шаралар көп ұйымдастырылып тұрады. Осы ретте жастар бастамаларын дамыту орталығы еріктілерінің қатысуымен қоқысты тиісті орнына төгіп, қан тапсыру орталығына да барып, қан тапсырып тұрады. Бұл да жалынды жастардың ештеңеге бей-жай қарамайтындығын көрсетсе керек.

Әрине, бұл жігерлі жастардың атқарып жүрген жұмыстарының бір жартысы ғана. Өз еркімен көмек көрсетуден қашпайтын жандардың алға қойған жоспарлары да айқын.

 

Түйін:

Ерікті болу – еріккеннің ісі емес. Сондықтан әрдайым көмекке әзір тұратын ақ көңіл, ақ жарқын жандардың елімізде қатары арта берсін. Ел игілігі, халықтың қамы үшін атқарып жүрген қызметтерінде толағай табысқа жетулеріне тілектеспіз.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.