Қазақ әдебиетінің эстетикасы жаңа туындымен толықты. Жас ақындар Еламан Төлеутай мен Рысгүл Досжанова оқырманға ерекше шығарма ұсынды. Ерекшелігі сол, бұл әдебиет көп ақынның қара өлеңінің тармақтарымен көмкеріліп қана қоймай, қара сөз бен сурет үйлесім тауып, QR-код сынды технологиямен түрлене түскен. Оның көмегімен өлеңнің толық нұсқасын оқып, аудиопоэзия тыңдай аласыз. Қазақ әдебиетінің эстетикасы делінген кітап жайын білмек үшін әдебиетте де, өмірде де жұп атанған кітаптың авторларының бірі — ақын Рысгүл Досжановамен тілдестік.

— Рысгүл, Инстаграм желісінде «Жан тыныштығы министрлігі» боп танылған «Тармақтар» тобын кім ашты, кім жүргізеді деген сауал әдебиетсүйер көпшілікті толғандыратыны рас. Өзіңіз туралы әрі осы парақшаны ашудағы мақсатыңыз жөнінде аз-кем айтып берсеңіз…

— «Тармақтар» жобасын алғаш өзім үшін бастағанымды ашық айтайын. Себебі, ішкі жан дүнием жалғызсырап, әдебиеттен алыстап кеткенімді сезіндім. Жұмыс, үй, жұмыс… бәрі жалықтырды. Жұмыста отырғанда әлеуметтік желіден әдеби парақшалар іздейтін едім. Қазақ әдебиетін насихаттап, белсенді жұмыс істейтін парақша таппай көп қиналдым. Бар болғанның өзінде де өзіне тартатындай жылулық жоқ. «Ерекше дүниені өзгелерден күтіп жүргенге неге әуеспін? Неге сол дүниені өзім жасамасқа?» деген ой келді. Бірақ оны жасау барысында жастарға жақын, әрі пайдалы болатын, тіпті, әдебиетке қатысы жоқ адамның да қызығушылығын оята алатын дүние болу керек деп ойладым. Нәтижесі — осы. Екі жарым ай ішінде ешқандай жарнамасыз 10.700 оқырман жиналды.

Ал енді өзіме келсек, мен де — осы әдебиеттің айналасында жүрген жастың бірімін. Есімім – Рысгүл Досжанова. Семейдің қызымын. Қазір Түркістан қала-сында қызметте жүрген жайым бар.

Осы бұрындары, қазір де Тыныштықбек ағаның жұбайы Шаған апайды «қара өлеңнің келіні» деп айтып жүретін еді. Мен енді, қара өлеңге келінмін бе, қызымын ба, білмеймін. Жақында мен де тұрмысқа шығып, ақынның жары болып едім. Дәл осы жоба арқылы қазақ поэзиясының дамуы мен жаңаша насихатталуына қызмет етіп жүрмін.

— Парақшаны ашудағы мақсат қандай?

— Парақшамда «Жан тыныштығы министрлігіміз» деген жазу бар. Билікке, қоғамға сенімі азайған қоғамға «біз бірдеңе істей алатынымызды», шөлдеткен рухани азықты бере алатынымызды көрсін дедім. Себебі, әлдебір жылулықты аңсағанда, әлдебір тыныштықты қалағанда біздің парақша көмектесе алатынын сездім. Мұндай сезімге парақшаға жиналған оқырмандар себепкер болды. Бірі «ішкі жан дүниемде болып жатқан оқиғаларды дөп бастыңыз» десе, бірі «айта алмай жүрген дүниелерімді шығарасыз» деді, бірі «сіз бәрін сезетін сияқтысыз» деді. Әдебиет бәрін сезеді. Әдебиет бәрін біледі. Әдебиет ол – өмір. Ол — тақпақтар, шаң басып жатқан том-том кітаптар емес. Оның ішінде бүтіндей өмір бар екенін әлі де айтқым келеді, әлі де көрсеткім келеді. Біз оның ішінде жоғалтқанымызды таба аламыз, тапқанымызды жоғалта аламыз. Жалғыздықты да, қолдауды да әдебиеттен табамыз. Кейде өзіңді де табуға болады.

— «Тармақтар» деген атаудың астарында бір мән жатқандай сезіледі…

— Ақынның әр өлеңінде бүкіл өлеңнің жүгін өзіне артып тұрған тармағы болады. Жазушының бар айтқысы келгені бір-ақ сөйлемде тұрады. Негізгі мақсатым — дәл сол сөйлемді, сол тармақты табу. Оның оқырманды ойлантып, жан дүниесінің кілтін тауып, жүрегіне жетуіне жол ашу. Мүмкін дәл сол тармақ — оның өкініші, алдағы күндерге деген үміті, айта алмай қалған сөзі…

Ашылған уақытта «Өлеңнің толық нұсқасын неге салмайсыздар?», «Толық нұсқасын қайдан тапсақ болады?» деген хаттар келді, әлі де келеді. Осыншама сауалға қарамастан өз ойымды өзгертпедім. Алғашында қабылдаған шешімім жемісін беруде. Тек қана тармақтарды беру арқылы ақынмен, оның шығармашылығымен таныстыра аламыз. Қызыққан оқырман ақынға жазып, интернетке жазып өлеңдерін іздейді. Бір емес, бірнеше өлеңіне тап болады. Оны іздемесе де бір тармақ арқылы адамның жүрегінде қалуға болады. Жоқ дегенде осындай сұлу сөз барын білетін болады.

— «Тармақтар» тобының әлеужеліде аз уақытта осынша адамның сүйікті парақшасына айналуын қалай түсіндірер едіңіз?

— Адамның ниетіне де байланысты шығар деп ойлаймын. Әу баста парақшаны ашқан бетте санға емес, сапаға жұмыс істегім келді. Сосын, біз… инстаграмда отыратын жастарға ештеңе қызық емес, поэзия оқитын жастар азайды, кітап оқитындар тіпті жоқ… жастардың әлемі қазір басқа, көрінген нәрсеге еліктейді, т.с.с. бірден сын айтып, жамандап, барды жоқ қылып, негатив іздеуге құмармыз. Ал шын мәнінде, жастарға әдебиет керек. Тек біз амалын таппай келдік қой. Сосын, менің ойымда ылғи мына ой жүреді. Кейбіреулер «Әдебиетке» жақын емеспін деп жатады ғой… Аяғыңызды жарақаттап алсаңыз мазь жағасыз, укол аласыз, басыңыз ауырса дәрі ішесіз, ал жаныңыз ауырса не істейсіз? Менің ойымша, адам жанының емі — жылы сөз, оның ішкі ойын жеткізіп беретін — сұлу сөз, тармақ. Адамдар қазір пост жазса да афоризм іздеп кетеді ғой. Осының бәрі адамның әдебиетке деген жақындығын көрсетеді. Біз парақша арқылы сол жақындықты одан сайын жақындаттық…

— Таңдаулы тармақтарды жарыққа шығаруда тек өз талғамыңызға сүйенесіз бе?

— Оқырмандардың ұсынысын назардан тыс қалдырмаймын. Мен үшін маңызды. Себебі, олардың танымы мен талғамын сезінуім керек. Десе де, тармақтарды таңдау барысында екі принципім бар.

Біріншісі – ақындарды танитын болсам, олардың жеке өмірін, достық қарым-қатынасымызды кейінге ысырып қою. Ол кім, қандай адам, онымен арақатынасымыз қандай, бұлар — маңызды емес. Қазақстанда қандай ақын, жазушы бар, солардың барлығын мүмкіндігінше сөреге кітап тізгендей tarmaqtar-дың ішіне орналастыруым қажет деп таптым. Бұл принциптен аттаған емеспін, аттамаймын да.

Екінші принцип – жас ақындарды насихаттау. Осы кезге дейін «Абай жолын» жалғыз шоқтығы биік роман-эпопея ретінде бағалап келдік. Шын мәнінде қазақ әдебиетінде мұндай шығарманың жалғыз болуы – қасірет. Біз бұл кезеңнен өсуіміз керек. Қазақ поэзиясынан Абайдың, кейіннен Мұқағали, Фаризалардың өлеңдерін жатқа оқып жүрміз. Бұл, әрине жақсы, бірақ кейінгі жастарды дәл солай аңыз қылып айта аламыз ба?

Дәл сондай достықты, махаббатты, әдемі тармақтарды, тілектерді сөзбен жеткізе алып жүрміз бе? Сондықтан жас ақындардың көбірек насихатталғанын қаладым.

— «Тармақтардағы» әдемі кескін мен таңдаулы цитаталардың эстетикалық әсері ерекше. Жоба авторы ретінде жұмыстың қиындығы мен қызығын әңгімелеп берсеңіз…

— Әдемі кескін табу жарты күнімді, әдемі тармақ таңдау жарты күнімді алатынын айтып әлі күлемін. Минимализм қашан да нәтижелі ғой. Қиындығы сол, кейде өзімнің жалғыз істеп жүргеніме қиналамын. Команда іздеймін. Тілектестік танытатындар көп, алайда тегін жобаға ешкім өз жобасындай жанашырлық танытпайды. Бастағанын аяқсыз қалдырады. Әйтпесе, осы күнге дейін жекеме жүздеген хат келіп, көмекші болғысы келетінін айтқан. Ал қызығы — сол жекеге келетін алғысқа толы хаттар. Мені сол марқайтады. Өсіреді. Шабыттандырады. Бірақ, менің жаныма бататын да дүниелер бар… мысалы, ақындардың белгілі бір қолдаушы топтары бар. Қызық. Бір – біріне пікір жазып, лайк басады. Оны басқа ақындарға жасамайды. Бірнеше рет байқадым, өлеңге келгенде сондай алауыздық пен бөлінуді қойса, біздің әдебиет біршама дамитын еді ғой. Содан соң ақындардың өзі де бұл жобаны қолдап, қолпаштап жатқаны шамалы. Тек оқырман мен өзімнің жан дүниемнің демалысы үшін ғана жасаймын.

— Бұл жоба қазақ әдебиетін жаңа кеңістікке шығаруға қосылған үлкен үлес деуге болады. Жетістік те аз емес. Жақында орын алған жақсы жаңалықпен бөліссеңіз…

— Иә, жақында біздің жобаның алғашқы іссапары болды. Әлемдік TedX жобасының Қазақстандағы ресми жобасына шақырту алып, жобаны тед сахнасында талқыға салдық. Әлі де болса, еліміздегі басты басылым, әдеби сайт-портал, сондай-ақ Жазушылар одағынан осындай ерекше, тың ұсыныстар күтемін. Әлеуметтік желіні дұрыс пайдалансақ, дұрыс пиар жасасақ, біраз жұмысымызда ілгерілеушілік болар еді.

— Әңгімеңізге көп рақмет, Рысгүл! Шығармашылық табыс тілейміз!

 

Сұхбаттасқан — А.БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.