Болашақта роботтар көптеген қызметте адамның орнын ауыстыратыны сөзсіз. Павлодарлық жас өнертапқыштар жаңа құлтемірді лего құрастырғыштарының тетіктерінен жасап, алдағы уақытта пайдаға жаратпақ. Жуырда олардың еңбегі «Satbayev IT-CAMP» чемпионатында бағаланды.

Робот құрастыруда физика, математика, химия, биология пәндерінің берері мол. Тыңнан түрен салған таланттар үшін төзімділік қажет. Өйткені, бір роботты құрастыру барысында миллиондаған ұсақ лего құрастырғыштармен жұмыс істеу қажет. Болашақта бар қызметті құлтемірлер атқарады. Жас өнертапқыш Александр Бородулин бұған сенімді. Сондықтан робот техникасын дамытуды осы бастан қолға алу керек деп санайды. Өзі достарымен бірігіп, қала көшелерінде қоқыс жинайтын машинаны ойлап тапқан. Жанармайды қажет етпейтін экологиялық таза құрылғы бір айдың ішінде құрастырылған.

– Біз бұл құрылғыны «Трэвиш» деп атадық. Оның басты мақсаты – қаладағы қоқысты азайту. Күн батареясын қолдану арқылы өзінің энергия қорларын қайтадан жаңарта алады, – дейді Жоғары электроника және коммуникациялар колледжінің студенті Александр Бородулин.

Ол жуырда Ақпараттық технологиялар колледжінде өткен екікүндік «Satbayev IT-CAMP» атты ауқымды IT фестивалінде жүлдегелер қатарынан көрінген еді. Сол кезде Александр Бородулин команда мүшелері – Айтмағамбет Амангелді, Рахат Ауталипов, Тимур Елубаевпен бірге екінші орынды еншіледі. Шара білім ордасының 55 жылдығына және биыл аталып өтілетін Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылды. Хакатон қатысушыларына адам өмірінде маңызы зор жоба құрастырып шығу үшін бір тәулік берілді.

Қазылар алқасының шешімімен жас павлодарлық дизайнерлер мен Californium әзірлеушілерінің құрамасы үздік деп танылды. Команда құрамында Виктор Харченко, Александр Кислянский және Эдуард Плахонтников болды. Жастар жұмыс іздеуге арналған мобильді қосымшасын таныстырды. Ал үшінші орын CodeQueen командасына бұйырды. Ақпараттық технологиялар колледжінің екінші және үшінші курс студенттері Мария Столярова, Кристина Пчельникова, Екатерина Войтенко және Людмила Панкова онлайн курстар алаңын жасады.

«Satbayev IT-CAMP» бағдарламасы аясында 5-7-сынып оқушылары арасында робототехникадан турнир ұйымдастырылды. Бұл сайыста бірінші орынды Ақсу қаласының КЕО қосымша білім беру мектебінің өкілдері – «Cbum family» командасы, екінші орынды Ақсу қаласының №8 орта мектебінің жігіттерінен құралған Cyber командасы иеленді.

Жабылу салтанатында көптеген жылы лебіз айтылды. Оқу мен еңбекте лайықты нәтиже көрсетіп, Ертіс өңіріндегі білім ошағы мен ТжКБ саласының дамуына зор үлес қосқан жандардың есімдері аталды. Бұл ретте ата-аналар да балаларының технологияға деген қызығушылығын арттырған ұстаздарға алғыс айтты.

– Баламның жүлде олжалағанына қуаныштымын. Ол достарымен бірге екінші орын иеленді. Тимур бастапқыда білім алу үшін шетелдік оқу орнына баруды ойластырды. Бірақ ақпараттық технологиялар колледжіне келіп, техникалық жабдықталуына, студенттерге жасалған жағдайға, колледждің атмосферасына тәнті болды. Сол себепті, осы оқу орнын таңдады, – деді ата-аналар комитетінің өкілі, 1-курс студенті Тимур Саттугановтың анасы Виктория Кусяка.

Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко колледж қызметкерлері мен ардагерлеріне Павлодар облысы мәслихатының және облыс басшылығының Алғыс хаттарын табыс етті. Облыстық білім беру басқармасы ТжКБ бөлімінің басшысы Қарлығаш Асаимова құттықтап, колледждің оқу кабинеттерін жабдықтауға арналған жеті сенсорлық панель табыс етті. Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің басшысы Динара Айтжанова бірқатар қызметкерді атап өтті.

Сонымен қатар, «World-Skills Kazakhstan-2023» медальдарының иегерлері Кирилл Киулин мен Данила Чалый, соңғы екі жылда чемпионатқа қатысушыларды дайындауға атсалысқан ұстаздар – Станислав Крыжановский, Борис Григорьев, Светлана Олейник, Светлана Тетерина және Бауыржан Мирбеков 50-ден 150 мың теңгеге дейінгі ақшалай сыйлықтарға ие болды. Шарада қосымша қажеттіліктері бар студенттер арасындағы «Ерекше таланттар» байқауының жеңімпаздары, жүлдегерлері және қатысушыларына ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Олардың қатарында «WorldSkills Kazakhstan-2023» чемпионатында «веб-әзірлеу» құзыреттілігі бойынша алтын медаль жеңіп алған Ақпараттық технологиялар колледжінің студенті Даниил Барт та бар. Ол 500 мың теңгелік сертификатты иеленді. Енді Даниил Францияда өтетін Еуропа чемпионатында еліміздің намысын қорғайды. Дәл осындай сома оның тәлімгері, колледж оқытушысы Талғат Жалпақовқа берілді. Satbayev IT-CAMP фестивалінің жабылу салтанатында оларға сертификаттар табыс етілді.

Өткен жылы «Веб-әзірлеу» құзыреттілігі бойынша жеңімпаз атанған Даниилдың айтуынша, бүгінде веб-әзірлеу бағыты өзекті.

– Веб-әзірлеу – бұл көптеген қадам мен кезеңдерді қамтитын кешенді процесс. Кез келген жобаның бірінші кезеңі – жоспарлау. Бұған жобаның мақсаттары мен міндеттерін анықтау және оларды жүзеге асыру үшін сәйкес құралдар мен технологияларды таңдау кіреді. Бұл кезеңде нарықты зерттеу, бәсекелестерді талдау және сайттың мақсатты аудиториясын анықтау маңызды, – дейді ол.

Шара барысында «Satbayev IT-CAMP» бағдарламасында IT-HUB Jylyjai базасында колледж студенттері шеберлік сағаттарын өткізіп, сала сарапшылары сөз сөйледі. Ертіс өңірінің жас кәсіпкерлері стартаптарының презентациялары болды.

12 команда әлеуетті инвес-торларға өз жобаларын көрсетті. Оның ішінде тамшылатып суарудың жетілдірілген жүйесі, қайта өңделетін материалдардан экокірпіштер өндірісі, спортшыларға арналған цифрлық платформа, балаларға арналған қазақ тілін үйренуге арналған мобильді қосымша және тағы басқалары бар.

 

А.БОРАНБАЕВА.