Әйгілі жерлесіміз, балалар ақыны, журналист Есентай Ерботиннің еліміздің, өңіріміздің руханият саласына сіңірген еңбегі зор. Оның отты жырлары сол кезеңдегі әдебиет көгінде жарқырай көрінді.
Есентай Ерботин 1940 жылы 13 қазанда қазіргі Баянауыл ауданының Мәшһүр Жүсіп ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін Қарағанды мемлекеттік педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиет факультетіне түскен. Оны аяқтаған соң біраз уақыт ауыл мектебінде ұстаз болып қызмет етеді. Тағдырдың жазуымен Қарағанды облыстық радио комитетінде редактор болып қызмет істеп жүргенде, 1960 жылы әскер қатарына шақырылып, Ресейдің Чучев қаласында азаматтық борышын өтеген. Әскерден кейін қаламын қайта қолына алды. Павлодар облыстық телевизия мен радио хабар тарату жөніндегі комитетінде редактор, Қазақ радиосының аймағымыздың меншікті тілшісі, «Мұрагер» журналының жауапты хатшысы қызметтерін атқарды. Ақынның алғашқы өлеңдері 1959 жылы облыстық «Қызыл ту» газетінде жарық көрді.
«Жақсы өлең жазсам деп,
Ойдың «кенін» қазам кеп.
Уақыттан озам деп,
Менде мүлде мазам жоқ,
Менің шыққан тегімде,
Байқап тұрсам ақын жоқ.
Бірақ мына өмірде,
Ақын болмас хақым жоқ,» — деп жазған еді.
Ана тілінің байлығын ашып, алуан түрлі жұмбақ, жаңылтпаш, анаграмма, криптограммалар жазды. Жазушы Мұзафар Әлімбаев: «Есентай еңбектерін Дүниежүзілік балалар поэзиясының антологиясына ұсынсақ, ұялмас едік», деп жазған болатын. Себебі ақынның өзі педагог болғандықтан шығар, әр жастағы балалардың ой өрісіне, шама-шарқына лайықтап, шақтап тағылым ұсыну тәсілін жетік білетін еді. Мұзағаң — заманында Есентай Ерботиннің ақындығын танып, шығар-машылығына қол ұшын берген, келешегіне жол ашқан ұстазы. Балалар ақыны болу оңай емес. Қазақстандағы балалар ақыны атану Есентай Ерботинге де оңай жолмен келген жоқ. Қазақстанның Халық жазушысы Дихан Әбілев 1981 жылы Есентайға берген кепілдемесінде ақынның жинақтарына тоқтала келіп, оны балалар ақыны деп атаған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдауға ұсыныс жасаған. Есентай Ерботин – 5 кітаптың авторы. Міне, осы жинақтарды оқып отырғанда ақынның алдымен өзінің кішкентай оқырмандарымен ұғынысуға тырысатынын аңғаруға болады. Айтар ойын түсінікті жеткізу үшін әртүрлі өлең формаларын пайдаланады. Ойнақылықтан да құралақан емес. Жұмбақтар, алфавиттік жұмбақтар, өтірік өлеңдер ойнақы ұйқастарға құрылады. «Жалын» баспасы балаларға арналған «Байғазы», «Жыл-он екі ай» топтамаларын үзбей шығарып келді. Осы жинақтарда Е.Ерботиннің өлеңдері үнемі басылып тұрған. Еліміздің тарихын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, географиясын бес саусақтай білетін жас буынға қазақ батырларының ерлік істері жайында көптеген үлгі-өнеге ұсынды. Туған жердің тауларын, суларын тақпақтап жазып, әсемдігін суреттейтін. Есентай Ерботиннің кітаптарында ауыл өмірі ғана емес, сонымен қатар, бүлдіршіндерге арналған әріптер ойыны, анаграммалар, жаңылтпаштар, қызық ұйқастар, жұмбақтар да бар. Балалар үшін бұлар өте пайдалы да қызықты. Ой-өрісін кеңейтеді, тапқырлыққа баулып, шапшаң ойлауға үйретеді. Өтірік өлеңдері мен мазақтамалары бала жүзіне күлкі сыйлайды.
Ботакөз Сағымбек,
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы орынбасарының міндетін атқарушы.
Серік пен Берік
Уәдесіне берік,
Жақсы бала Серік.
Атасына серік –
Алты жасар Берік.
Екеуіне елім
Артады зор сенім.
Тезірек
Тезірек, тезірек
Қатарға тұрайық!
Тезірек, тезірек,
Сапарға шығайық!
Біздерді үнемі,
Алыстар күтеді.
Біздерді жүлделі –
Жарыстар күтеді.
Бірде
Телевизор үйдегі
Балаларға бүй деді:
«Келіңдер, кәне, келіңдер,
Мультфильм қызық көріңдер.
Содан соң аталарыңа
Әңгімелеп беріңдер».
Байқоңыр
Көк пен жерді жалғаған,
Космодром Байқоңыр!
Корабльдер самғаған,
Космодром Байқоңыр!
Қанаттылар мекені –
Қазақ жері Байқоңыр
Қай жер саған жетеді,
Ғажап жерім Байқоңыр!
Пайдалы
Жаяу жүрген пайдалы,
Жүзің жарқын, жайдары.
Жуымайды ешқандай
Ауру-сырқау қайдағы.
Жаяу жүрген пайдалы,
Жүзің жарқын, жайдары.
Аралауға шақырар
Туған өлке аймағы.
Сүрлеу
Апарады тауға да,
Апарады бауға да.
Әкеледі қайтадан
Туып-өскен аулаға.
Апарады алысқа,
Апарады ғарышқа.
Әкеледі қайтадан
Атамекен қонысқа.
Құйын
Жиып, теріп қоқысты,
«Менен асқан жоқ күшті!» —
Деп есірген бір Құйын
Аласұрып көкке ұшты.
Аласұрып көкке ұшты,
Ақымақ қой, текке ұшты.
Аптығы лезде басылып,
Ақыры жерге кеп түсті.
Досым сондай
— Столда он мандарин,
Досың алды бесеуін.
Сен аласың қалғанын,
Есептеші, нешеуін?
Есебіне мынадай
Ешкім, сірә, нанбайды.
Досым менің сұрамай,
Ештемені алмайды.
Тамыз
Тамыз айы –
Қарбыз айы.
Солай дейміз,
Қарбыз жейміз.
Жанкүйер
«Шайба! Шайба!»-лап, —
Айғайлаиды Шаймұрат.
Өзі, коньки теппейді,
Ойнамайды хоккейді.
Хоккейшілер жанынан
Күні бойы кетпейді,
«Шайба! Шайба!»-лап, —
Әне, тағы тұр Шаймұрат.
Шырша
Жасыл шырша төрдегі
Дейді: «Бәрің көр мені!» —
Кеткен әсем құлпырып,
Ойыншықтар тұр тұнып.
Түрлі түсті шамдары
Түнде ғажап жанғаны.
Көргендерді елітеді –
Керемет бір ертегі.
Есентай Ерботин.