Санаулы күндер бұрын өңірімізге Астана қаласынан Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры гастрольдік сапармен келді. Бұл өнер орда-сының құрылғанына биыл — тура 5 жыл. Осы уақыт аралығында мәдениет мекемесінің ұжымы еліміздің әр өңірін гастрольдік сапармен аралады. Биыл да бұл дәстүрден қалыс қалмады. Ертең аймағымыздың рухани қара шаңырағы — Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында ақын Ақберен Елгезектің шығармасына негізделген «Болмаған балалық шақ» спектаклін сахналайды. Осы сәтті пайдаланып, театрдың жоғары санаттағы әртісі Гүлмира Жакилинамен аз-кем әңгімелескен едік.

— Гүлмира Тілепалдықызы, театр әлеміне қалай келдіңіз?

— Бұл театрдың ашылғанына биыл 5 жыл. Ашылғанынан бері осында қызмет етіп келемін. 1994-1998 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтында театр және кино факультетінде актриса мамандығын игеріп, оқуды тәмамдадым. 1998 жылдың қыркүйек айында Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрында қызметке орналасып, 17 жыл еңбек еттім. 2006 жылдан бастап №1 лицейде драма үйірмесінің жетекшісі қызметін атқардым. 2014 жылдың сәуір айында Астана қаласы көңілді тапқырлар театрында актриса қызметін атқардым.

Айтпағым, театрға кездейсоқ келген жоқпын. Кішкентай кезімнен сахнаға жақын болдым, актриса болуды армандадым. Теледидардан сол кездегі атақты әртістер Хадиша Бөкеева, Сәбира Майқанова, Фарида Шәріпова, Лидия Каденова, Зәмзәгүл Шәріпова секілді апаларымызды көріп, еліктеп өстік. Өзімнің де театрға деген махаббатым, құлшынысым ерекше болды. Сол себепті болар, театр әлеміне ерекше сезіммен келдім. Мамандық таңдаудан еш жаңылған жоқпын. Осы уақытқа дейін 50-ден аса кейіпкердің рөлін сомдадым.

– Соңғы уақытта көпшілік сізді «Сержан братан»  веб-сериалы арқылы танып жүр.Сержанның жары рөліне кастинг арқылы қабылдандыңыз ба? Түсірілім кезінде қандай қиын әрі ерекше сәттер болды?

– «Сержан братан» туралы айтар болсақ, оған дейін «Класстастар» атты толық метражды кинода эпизодта ойнағанмын. Режиссер сол жерде мені көріп, кейін кастингке шақырды. Кастинг-директор хабарласып, сериал туралы айтып, сынақ ретінде видео жіберуімді сұрады. Ол кезде мен Астана қаласында театрда спектакльге дайындалып жүрген едім. Соның көрсетілімін жібердім. Сол күні кешкісін қоңырау шалып, кейіпкерім Жанардың рөлін ұсынды. Қыс мезгілі болатын. Түсірілім Алматы қаласында өтеді. Спектакльге дайындалып жүрген мен «бұл қалай болар екен?» деп біраз ойландым. Дегенмен ретін тауып, рөлімді сомдап шықтым.

Ал ерекше сәттер мен қиындықтар туралы айтар болсақ, барлық сериалда, киноларда қиындық та, қызық та болады. «Сержан братанның» түсірілімі қыс мезгілінде болғандықтан, күн суық еді. Бір сахнаны қайта-қайта түсіретін кездер де болды. Кейде күліп қоямыз, кейде сөзімізді ұмытып қаламыз. Ол сәттердің барлығы қызықты. Мұның барлығы – түсірілім процесі кезінде болатын жағдай. Әр премьера шыққан сайын қиын сәттер ұмытылып кетеді.

— Театр мен киноны қатар алып жүрген актрисалардың бірісіз. Екі бағытта да еңбек ету қиын емес пе?

— Мен үшін екі жақтың басын бірдей ұстап жүру қиынға соға қоймайды. Тіпті, ерекше әсер аламын. Егер ісіңді жаның қаласа, онда оның қиындығы байқалмайды. Әрине, бәріне үлгеру үшін тынымсыз еңбек ету керек. Мәселен, театрда сахнаның этикасын, кино саласында камерада жұмыс істеуді, сөйлеуді үйренесің. Екеуі екі бағытқа бөлінсе де, үлкен өнер саласын қамтиды. Менің ойымша, өнер адамдарына жан-жақты болу керек.

— Өзіңіз қызмет ететін театр туралы толығырақ айтып өтсеңіз…

— Театр Қазақстанның Халық қаһарманы, белгілі халық әртісі, театр режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтің есімімен аталады. Жоғарыда айтып кеткендей, құрылғанына биыл 5 жыл толды. Өнер ұжымында 30-дан аса театр әртісі бар. Басшымыз – Александр Майер және көркемдік жетекшіміз Тұрсынбек Қабатов. Сол кісілердің жетекшілігімен бүгінге дейін түрлі қойылымды көрерменге ұсындық. Әр спектакльдің өзінің мән-маңызы бар. Ертең Ертіс-Баян өңірінде ақын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» қойылымын қалың көрерменге тарту етеміз. Баршаңызды сол спектакльде күтеміз. Онда автордың балалық шағы туралы хикаят бейнеледі. Кейіпкерлердің ауыр тағдыры аянышты етсе де, әркім жақсы өмір сүруге талпынса, алда әлі талай жарқын күндер барын ұғынады.

— Сіздің ойыңызша, әртістің бақыты неде?

—  Біз көрерменнің ыстық ықыласын көргенде шынайы қуанамыз, іштей риза боламыз. Себебі, сахнада тұрған бізге алдымен көрерменнің шынайы эмоциясы сезіледі. Сол кезде көрерменмен бір толқында боламыз. Бұл бізге бақыт сыйлайды. Ал қойылым біткеннен кейінгі бес минуттық қошемет әрі қарай шабыттандырады. Шабыт еңбекке жетелейді.

— Өнердегі ұстазыңыз жайлы айтып өтсеңіз…

— Өнердің қыр-сырын меңгеруге көп ұстаз дәнекер болды. Әсіресе,  өнер ордасында білім алып жүргенде тәлімгерлік еткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Шақпаев және талантты актриса Ғазиза Әбдінәбиеваны айтуға болады. Ғазиза апайдан көп нәрсені үйрендім. Театр әлеміне қадам басқанда Жібек апай өзінің ақыл-кеңесімен бөлісті. Әр тәлімгерден театр және кино саласының негізгі бағыттарын меңгердім. Өнерде ұстаздарым көп. Ешқайсысын бөліп жармаймын. Олардың әрқайсысы бір төбе.

— Жаныңызға жақын рөл қайсы?

— Актерге рөлдің қиыны немесе оңайы болмайды. Қай кейіпкерді болса да сомдап шығуға тырысады. Мен комедия жанрындағы рөлдерді де, драма жанрындағы кейіпкерлерді де ойнадым. Менің жаныма бәрі жақын.

— Заманауи театрларға көзқарасыңыз қандай?

— Заманауи театрларға деген көзқарасым жақсы. Неге тәжірибе жасап көрмеске? Бүгінгі режиссерлер эксперимент ретінде түрлі стилистикаларды тәжірибеден өткізуде. Жаңашылдықты қолдаймын. Одан қорықпау керек. Өйткені, бір қалыпта тұрып қалмай, заман ағымымен жүруіміз керек. Әсіресе, қазіргі жастарға ой салу үшін түрлі эксперименттік спектакльдерді қоюымыз қажет.

— Соңыңыздан ізіңізді басып келе жатқан әріптестеріңізге айтар ақыл-кеңесіңіз қандай?

— Алдымен, өнер жолын таңдаған адам шыдамды болуы тиіс. Көп еңбектеніп, оқып қана қоймай, қарапайым да болу керек. Екіншіден, әріптестеріне құрмет көрсетіп, уақытын сыйлауы тиіс. Үшіншіден, соңғы ақпараттардан хабардар болуы және кітапты көп оқуы қажет. Сондай-ақ, шетелдік спектакльдерді тамашалаған артық болмаса, кем болмайды. Сол қойылым арқылы да тәжірибе жинауға болады.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.