Павлодар қалалық мәдениет және демалыс  саябағында «Бір шаңырақ астында» фестивалі аясында «Татар-башқұрт мәдени орталығының» ұйымдастыруымен «Сабантой» мерекесі өтті.

Мерекелік шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің төрағасы Элина Паули қатысты.

Кең ауқымда өткен мерекеге облысымыздың Екібастұз қаласы мен барлық аудандарынан қонақтар келді. Қазақтың кең даласында бір шаңырақ астында 100-ден астам ұлт тату-тәтті өмір сүруде. Олардың бәрінің басын біріктіріп отырған институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Осы бірегей қоғамдық институттың арқасында барлық этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр.

Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Қымбат Дощанова еліміздің дамуына үлесін қосып отырған азаматтарды облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының Алғыс хатымен марапаттады. Салт-дәстүрі мен сән-салтанаты жарасқан мерекелік шарада татар халқының ән-жырлары шырқалып, ұлттық ойындарынан сайыс ұйымдастырылды.

Сабантойға Татарстаннан арнайы келген танымал әнші Сүмбеле Яркаеваның орындаған әсем әні думанды тойды дүбірлетіп, саябақты сәнге бөледі.

Павлодар облысы ҚХА татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Рустам Мазгутов сөз сөйлеп, облысымыздың аудандарынан келген азаматтарды Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен марапаттады. Мерекеде аудандардан келген өнерпаз ұжымдар ортаға шығып, концерттік бағдарламаны жалғастырды. Сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының көрме-сатылымы ұйымдастырылып, балалар үшін спорттық ойындар өткізілді.

Өз тілшіміз.