Баянауыл ауданында қазақтан шыққан тұңғыш академик, геолог ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімімен аталатын музей бар. Баянауылдың табиғатын тамаша-лауға келетін туристердің көпшілігі осы музейде сақталған жәдігерлермен таныспай кетпейді.

Өзіндік даму тарихын қалыптастырған мәдени орын академик Қаныш Сәтбаевтың ғұмырнамасы мен ғылыми еңбектерінен сыр шертіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Онда ғалымның өмірде және еңбек жолында пайдаланған 1000-нан аса заты сақталған. Бүгінде музей қоры жыл сайын толығып отырады.

Музей басшысы Қайыргелді Абылғазиннің сөзінше, бүгінде музей қорында ғалымның 1000-нан аса қолданған заты сақталған.

— Жалпы, Алматының өзінде Қаныш атамызға арналған үш музей бар. Дегенмен, ғалымның қолданған жеке заттарының көпшілігі Баянауыл ауданындағы музейде шоғырланған. Мұнда шамамен 1 мыңнан астам заттары мен бұйымдары бар. Олардың көпшілігін музейдің бұрынғы басшысы Төлеутай Әбілдин академиктің Алматы қаласында тұрған туыстарынан арнайы барып алып келген. Баянауылдағы музей Қанағаң қайтыс болған жылы, ауданда практикадан өтіп жүрген студенттердің ұйытқы болуымен Қазақстанда алғашқы болып ашылған. Алғашқыда мәдениет үйінде кабинет ретінде тұсауы кесілсе, кейін кеңейе келе жеке бір ғимаратты алып отыр. Музей ашылғанда академиктің қыздары әкесіне қатысты дүниелердің көбін тапсырған. Өмірінің соңғы жылдары ұстаған зерлі таяғы, көзілдірігі, «тройка» костюм-шалбары мен былғары жеңіл аяқ киімі, қаламсабына дейін жарқырап тұр, — дейді музей басшысы Қайыргелді Абылғазин.

Академик, геолог Қаныш Сәтбаевтың жеке заттары орналастырылған зал көрермендерін тамсандырып қана қоймай, музейді жаңғырту мақсатында қоғамдық мәні зор мәдени жобаларды  жүзеге асыруда. Мәселен, жуырда аталмыш музей академиктің 125 жылдығына орай Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне «Қазақтың Қанышына – 125 жыл» атты үш күнге созылған көшпелі көрмесін алып келді.

Көшпелі көрмеде таутұлғаның 30-ға жуық жәдігері ұсынылды. Оның ішінде Қаныш Имантайұлының пайдаланған заттары, Алгебра оқулығы, домбырасы мен құжаттары,  минералды тастар жиынтығы бар. Сондай-ақ, өткен жылы қайта қалпына келтірілген қара домбырасы бар.

Бұл құнды жәдігерді Қ.Сәтбаевқа перзенті Шәмшиябану Сәтбаева 50 жылдық мерейтойында сыйға тартқан. Кейін оны Баянауылдың музей қорына жұбайы Таисия  Кошкина тапсырған.

— Өткен жылдың наурыз айында құнды жәдігерді толық қалпына келтіруге Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, ақын, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, бүгінде Павлодар қаласында тұратын Балтабай Сыздықов көмек көрсетті. Облыс орталығындағы ұлттық аспаптарды қайта қалпына келтіретін азаматтар арқылы домбыраның қаңсып қалған шанағы, астыңғы қақпағының жарылған жері жасалып, бунақтары қайта тағылды, мойынға жеті ақ нүктесін салып, коңыр түсті лакпен боялды, — дейді музей қызметкері Гауһар Балабаева.

Қ.Сәтбаев 1926 жылы Атбасар түсті металл серіктестігіне келгеннен бастап, көп жылдар бойы Жезқазған, Қарсақбай, Ұлытау, Торғай, Атбасар, Есіл даласын зерттеді. Сол зерттеудің нәтижесінде Жезқазғанның байлығын анықтап, көптеген кен орнын ашады. Түсті металл кендері, марганец, силикат, құрылыс, басқа да өндіріс кендері ашылды, көмір орны анықталды, қалың қатпар қорғасын, жез, күміс табылды. Қара темір, алтын мен молибденді ашты. Қаныш Сәтбаев ашқан жер қойнауындағы байлық қазыналарында осы күнгі өндірісті көркейтуге негіз болған химия элементтерінің барлығы бар деуге болады. Кен байлығын ашумен бірге сол қазба байлық шығатын жерлерге зауыттар салдыруға зор үлес қосты. Тау-кен шикізатын басқа жерлерге тасымай, сол жерде қорытатын заводтар құрылысының қажеттігін дәлелдеді. Соның нәтижесінде Ұлы Жезқазған, Ұлы Алтай өндіріс орындары, Қарағандыдағы темір балқытатын заводы, Қарағанды-Ертіс каналы, Қаратау фосфориті салынды. Осы арқылы Қазақстанның өндіріс шаруашылығын өркендетуге күш салды.

Музей қызметкерлері бұл көрмемен осы жылдың алғашқы жартыжылдығына дейін облыс музейлерін, ал жыл соңына дейін Түркістан, Талдықорған, Алматы, Жезқазған, Семей қалаларын араламақ.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген —   Есенжол Исабек.