Жуырда Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылдық мәдениет үйіне қазақ музыкалық аспаптарының атасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қамар Қасымовтың есімі берілді. Шара Павлодар қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өтті. 

Ол – қазақтың дәстүрлі көне музыкалық аспаптарын жетілдіру ісімен айналысқан тұңғыш органолог. XX ғасырдың 20-30-жылдарындағы мәдени бетбұрыстардың бел ортасында болып, көне қылқобызды, сал-серілердің тоғыз пернелі қара домбырасы, дауылпаз бен шыңдауылды, сыбызғыны классикалық аспап дәрежесіне дейін жетілдіріп, оркестрлік шығармаларды орындауға лайықтап жасады. Ол жасаған аспаптар көптеген халықаралық көрмеге қойылды. Қасымов жасаған музыкалық аспаптар Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, еліміздің Алматы, Семей қалаларындағы мұражайларда сақтаулы.

Қамар шығармашылығын зерттеушiлер шебердiң жан-жақты таланты арқасында аспаптанушы дәрежесiне дейін жеткенін ерекше атап өтеді. Бiртуар қолөнер шеберi қазақ ұлт аспабының табиғатын, болмыс-бiтiмiн, сырт келбетiн, үн ерекшелiгiн бұзып алмау үшiн iздене жүрiп, аспаптанушы-органолог дәрежесiне дейiн жетеді. Ғылымнан хабары жоқ Қамардың жасаған саз аспаптарының құрылысы, жасалу әдiс-тәсiлi, дыбыс ауқымы, дыбыстық тембрi мен тербелiсi, аспаптың әр бөлшегiнiң өлшемдiк дәлдiгi органологиялық ережелерге сай келгенi шет елдің аспап зерттеушiлерін мейлiнше сүйсiндiрген.

– Қамар Қасымовтың басынан өткен ауыр күндерді бір сәт санадан өшіру мүмкін емес еді. Ол аспаптарды жасау арқылы қайғылы күндерді уақытша артта қалдырып, жылдап өткен күндермен бірге ілесе жүріп өтті. Осылай шығармашылық жұмысынан қол үзбеуі оны қайталанбас өнер иесіне жақындата бастады. Шебер Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі ретінде де ұлттық ою-өрнек, кескіндеме үлгілеріне, олардың қолдану аясына, ұлттық сипатына тың жаңалықтар енгізді. Қабілетдарынын баршаға арнаған бұл қарттың өнері – өзгеше туып, дара өскен өнер емес, халқының бауырында жүріп, биігін тапқан өнер. Шебердің бойындағы бар парасат-жігері қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын жетілдіру, шыңдау жолына жұмсалды, – дейді өлкетанушы, Қамар Қасымовты зерттеуші әрі қарындасы Шолпан Жақыпова.

Шебердің шығармашылығын зерттеушілер ерекше атап жүрген бір жәйт – оның жан-жақты талантының арқасында аспаптанушы дәрежесіне жеткендігі. Біртуар қолөнер шебері қазақ ұлт аспабының табиғатын, болмысын, сырт келбеті мен үн ерекшелігін бұзып алмау үшін іздене жүріп, аспаптанушы-оргонолог дәрежесіне дейін жетті. Қ.Қасымов жасаған саз аспаптарының құрылысы, жасалу әдіс-тәсілі, дыбыстық ауқымы оргонологиялық ережелерге сай келгені осы саланың талай майталман зерттеушілерін таң қалдырған.

– Кенжекөл ауылының мәдениет үйіне Қамар Қасымовтың есімінің берілуі – кез келген шығармашыл адамның ұлтқа жасаған қызметінің ескерусіз қалмайтынының дәлелі. Өкінішке қарай, шебердің есімі бүгінге дейін насихатталған жоқ. Біз тарихта есімі алтын әріппен жазылатын тұлғаларды келешек жастарға үлгі етуіміз керек, – дейді  Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман.

Қамар Қасымовтың есімін мәдениет үйіне беру ұсынысы 2019 жылы ауыл ақсақалдары, жергілікті қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен өткен жиында талқыланған. Алайда ол уақыт пандемияға дөп келгендіктен кейінге шегерілген. Былтыр бұл мәселе қайта көтеріліп, биыл ресми түрде шебердің есімі берілді.

Көңіл толқытар кеште аймағымыздың зиялы қауым өкілдері және ел азаматтары қатысты. Шара барысында Мейрам Нұғыман Қамар Қасымовтың өмірі мен шығармашылығын зерттеген бірқатар азаматты марапаттады. Олардың қатарында өлкетанушы Шолпан Жақыпова, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Зәуреш Мақарова, музыкалық колледждің оқытушысы Гүлсая Мағазова бар.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.