Қазақ даласында бейнелеу өнерінің негізін қалаған Әбілхан Қастеевтің есімі күллі әлемге танымал десек, артық айтпаған болармыз. Қазақ халқының өмірін жан-жақты суреттеген қылқалам иесі – өз туындыларында қазақтың біртуар тарихи тұлғаларының кескін-келбетін бейнелеп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған суретші. Жуырда Н.Нұрмұхаммедов атындағы көркемсурет музейінде Қастеевтің жеке көрмесі өтпек. Онда ұсынылатын туындылардың бірқатарын назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.  

Көрмеге қойылатын 30-ға жуық туындының ішіндегі ең ерекшесі – «Түрксіб» картинасы. Ол бұл туындысын салудан бұрын сол замандағы ең үлкен құрылыс – Түрксібке жұмысқа барады. Сол жылдары сол жерде жұмыс істей жүріп, айналасын бақылап, бағдарын білген суретші «Түрксіб» деп аталатын тамаша туындысын өмірге әкеледі. Ол осы картинасына өзінің жастық шағын, ұлтының тұтас арманы мен үмітін, болашаққа деген көзқарасын, өркениетке деген ұмтылысын бейнелегенін уақыттың өзі дәлелдеп берді.

«Түрксібке» көз салсаңыз, онда алдымен ұлан-ғайыр дала көзге шалынады. Одан кейінгі көріністе сол даланың сан мың жылдан бергі иесі қазақтар бірден көңілге көрік сыйлайды. Олар Түркісібті бойлап келе жатқан пойызды алақайлап күтіп тұр. Бұл күтуде олардың асыл армандары, ертеңгі өмірге деген шынайы сенімдері сезіліп тұр. Қастеев осыны сәтті бейнелей алған. Қолына табақ ұстап, шашу шашып тұрған ақ жаулықты ана да – суретші ойының тамаша жемісі. Қазақ қуанса, шашу шашады, атына мініп, алақайлайды, төңірекке сол қуанышты жылдам жеткізуге асығады. Ауыл тіршілігін, қазақтың далалық өмірін жақсы білетін қылқалам иесі мұны өз картинасында ерекше талпыныспен бейнелеген. Ал осы туындыдағы пойыз көрінісі бәрін айшықтап тұр. Ол қазақ даласына, бостан өмірге ұмтылған бір ұлттың өміріне өркениет әкеле жатыр ма деген сұрақ туындайды.

Келесі туынды – «Жас Абай» картинасы. Бүкіл елге рухани көсем болған Абай қазақтың талантты график-суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің сүйікті кейіпкері болды. Оның қылқаламынан туындаған «Абай киіз үй алдында», «Жас Абай», «Абай жаз жайлауда» шығармалары осыған толық дәлел. Абай еліне суретші екі рет барып, оның туған даласын, өскен ортасын өз көзімен көреді. Сол үшін де Қастеевтің «Киіз үйдің жанындағы Абай» (1938 ж, акварель) картинасында өзінің туған ауылында ұстазы А.С.Пушкиннің кітабымен бірге суреттеген. Бұл суретте суретші Абай арқылы қазақтың өнер-білімге, руханиятқа, мәдениет пен әдебиетке жақын екенін бейнелеген десек қателеспейміз. Себебі қашанда да Абай арқылы біз қазақтың өзін көреміз. Ал хәкімнің жастық шағын бейнелеген «Жас Абай» (1945 ж, акварель) картинасы да – суретшінің талантын әйгілеген туындының бірі. Қолына кітап ұстаған, алысқа, болашаққа тіке қараған Абай бәрін ойлап, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген ғасыр сөзін жалын атқан жырларымен жұртқа жеткізуге бекініп тұрған сынды. Картинадан ойлы да бекем, терең адамның бейнесін байқаймыз. Абай бейнесін суретке салған туын-дылардың ішінде Әбілхан Қастеевтің «Жас Абайы» оқшау тұрғанының себебі де осы болса керек.

«Қызды еріксіз әкету» картинасының сюжеті драма-лығымен көркем. Онда қалың-дықты күштеп алып бара жатқан көрініс бейнеленген. Бірінші планда қызды әкетіп бара жатқан үш ер адам. Бақытсыз қызды айдалаға алып қашу үшін ерттеулі үш ат дайын тұр. Суретші картинадағы қайғылы жағдайды, психологиялық шиеленісті беру үшін күңгірт және күрделі райдағы түсті бояу тақтайшасын шебер пайдаланған. Кейіпкерлер бейнесі үрейлі де қайғылы көрінеді.

Суретші өз заманындағы колхоз өмірінің жаңа тұрмысына үлкен сериялы шығармаларын арнайды. 1937 жылы жазылған «Колхоз тойы» (1937) картинасы 1929 жылы қолға алынған Кеңес үкіметінің күштеп колхоздастыру кезеңіне арналған. Туындыдағы Кеңес үкіметінің жалауы кеңестік идеологияның көрінісін көрсетеді. Картинадан ауыл шаруашылығындағы колхоз жұртының егінді жинап алып, тынымсыз шаруашылық жұмыстарының аяқталып, керемет табиғат аясында той тойлап жатқан жұртшылықты көреміз. Картина өрісті сюжетпен берілген, көп тұлғалы, үлкен көлемді композициядан құрылған. Яғни, сол жақ бөлікте – бір топ қымыз ішушілер, оң жақ бөлікте домбыра мен қобыз ырғағына ән салып, би билеген ұлттық киімдегі жас қыздың биін тамашалаған колхозшылар, күн көзінен жасырынған палатка астындағы патефон тыңдаушылар. Осы кезеңде қазақ жерінде жаңадан радио, патефон, автомашиналар мен комбайндар жаңадан тұрмысқа ене бастайды. Қастеев бұл жаңалықтарды, техниканы суреттей отырып, картина еңбек тақырыбында екендігін танытады. Колхоздандыру кезеңіндегі бұл жаңалықтар шаруа адамдарының білім деңгейінің көтерілуіне, егін шаруашылығының жылдам әрі тез орылуына септігін тигізді. Бірақ, суретші ескі мен жаңа тұрмыстың жалғастығын картинада берілген ұлттық биімен, ұлттық киімі мен сусындарынан бірден танытады.

Қылқалам шеберінің келесі бір керемет туындысы «Қалыңмалға сатылған қалыңдық» деп аталады. Аталған картина 1938 жылы майлы бояумен салынған. Өткен ғасырдағы қазақ зиялылары көтерген тақырыптың ең үлкені осы әйел бостандығы еді. Сол үшін де Жүсіпбек Айма-уытов «Ақбілекті», Сұлтанмахмұт «Қамар сұлуды», Мұхтар Әуезов «Қорғансыздың күнін», Спандияр Көбеев «Қалыңмал» романын жазды. Ал бейнелеу өнерінің өкілі ретінде Әбілхан Қастеев «Қалыңмалға сатылған қалыңдық» туындысын салады. Картинада ескі қоғамдағы, атап айтқанда, Қазақстанда революцияға дейін болған феодализмнің кесірі сурет тілімен айтылған. Автор әйел теңдігі деп жар салмай-ақ жалғыз суретпен өзінің көзқарасын ашық жария етеді. Ескі дәстүрдің, жүйесіз танымның салдарынан қаншама жас қыздардың қоғамның, ата-ананың мәжбүрлеуімен қалыңмалға сатылып кетіп жатқанын суретші осы туындысы арқылы бейнелейді.

Қорыта айтқанда, Әбілхан Қастеев көрмесінде ұсынылатын көрнекі дүниелер көп. Оларды көзбен көріп, жүрекпен сезіну үшін көрмеге келіңіз.

А.БОРАНБАЕВА.