Жазушы Жанасыл Серікболөз оқырманын тапқан қаламгер. Ол баспасөз беттерінде тұрақты басылып келеді. Әңгімелері «Ақ желкен» журналында, «Жас Алаш» газетінде, «Ult.kz», «Massaget.kz», «Malim» порталдарында жарияланды. Жазу үстелінің тартпасында, жарыққа шығуын күтіп қанша шығарма жатыр екен?

Жазушы әңгімелері арқылы адамның ішкі әлемін ақтаруға, бойындағы тосын мінездерді аршыпашуға талпынатын секілді. Кейіпкерлері де жұмбақ. Әрбірі ауыр ой арқалаған, терең тебіреністе жүреді. Оның бір кейіпкері «саусақтары мөлдір хрусталь бокалды орай ұстаған» қалпы «көлеңкені күтіп отырады» («Ақсұр көлеңке»), бір кейіпкері «адам жаны тыныш болады дегенге сенбейді» («Сәрсеннің кездесу нүктелері»), енді бір кейіпкері «Мен кіммін?» деген сауалға жауап іздеп, өзі мекен еткен жердің аспанынан да жерінеді («Мең»).

Туындыларымен адам жынының жұмбағын шешуге талпынған жазушының шығармашылық әлемі, азаматтық пікірі, қаламгерлік көзқарасы, ішкі дауысы өзгеше. Сол өзгешешеліктің сыры неде? Жазушы талғамы мен танымы қандай? Осындай сауалдар төңірегінде Жанасыл Серікболмен сұхбат құрған едік. Замандасқаламдаспен екеуара әңгімемізді оқырман назарына ұсынамын.

– Жанасыл, прозаның «салмағы» қандай?

– Өнер атаулыны прозасыз елестету қиын. Проза деген – адамның өзі. Өмірдің сипаты. Қайшылықты болмысы, мұң-қайғысы, уайымы, әлемі, тағысын-тағы. Поэзия ұғымы тек өлеңге ғана қатысты емес. Акутагава айтты деген сөзбен келісем: «Проза поэзиясы болғандықтан проза болып тұр». Прозаны оқудың өзі – шығармашылық. Мәселен, М.Мағауиннің «Көкбалағын», Т.Әсемқұловтың «Талтүсін» оқыған әр адамның кеудесінде әрқилы симфония ойнар еді. Фолкнердің «Сарторисін» оқыған әр адам сол кезеңдегі Американы әрқилы оятады. Жалпы алғанда, прозаның «салмағы» жалпы өнер атаулыға тән. Тек, оған «әр оқырманның ой-қиялы мен жеке әлемімен оңаша қалуға көбірек көмектеседі» деп бір сөйлем қосар едім.

– «Әлем әдебиеті» төрінен орын алу үшін қазақ әдебиетіне қандай шығарма керек?

– Таласбек Әсемқұлов өзі айтты ғой деймін, әлде «Асқар Сүлейменов айтты» деді ме екен, бір сөз бар. «Шын мәнінде әлемдік деңгей деген деңгей жоқ» деген сөз есімде қалыпты. Былай алып қарасаң, рас. Мәселе, біздің әлемдік деңгей деген ұғымға көзқарасымызда шығар. Қарабайыр түрде алып қарасақ, «әлем әдебиетінің төрінен орын алу үшін» жай ғана насихат, жүйелі жұмыс керек. Ал, өнер тұрғысынан келсек, қазіргі әлем адамдарына ортақ мәселелерді сөз еткен туынды керек, әлбетте. Және соған деген өзіңнің, еліңнің көзқарасын өнер биігінде жеткізе алған туынды керек.

– Этнография кейінге қалып қойған сала ма?

– Бұл жердегі мәселе ғылым ретінде болса, ол әр кезеңде зерттеле береді. Өнер тұрғысынан келсек, автордың мақсатында. Егер тек этнографияны дәріптегісі келіп, белгілі салт-дәстүрге деген сағынышынан өлең не проза жазса, оған әрине «Бұның қажеті не?» деп айтуға тура келеді. Егер XVII ғасырдағы бір оқиғаны арқау етсең, әрине, сол кездің атмосферасын ашу үшін өзің-ақ этнографиямен қауышасың ғой.

– «Өмірдегі   барлық    шын-
дыққа көзді ашып, батыл қарау керек»,  –  дейді Дулат Исабековтің Жасыны. Сенде сондай батылдық бар ма?

– Барлық шындықты білуге көп уақыт керек. Жалпы, тұрмыстағы шындықтарға дайынмын деп ойлаймын. Ал, пәлсапалық тұрғыдан келсек, қиындау. Қабылдай алмайтын дүниелерім көп. Көбіне батылым жете бермейді. Дегенмен, ұмтылыс бар. Әзірге соған қанағат. Тек, көзді шел баспаса екен деген тілек бар.

– Ардан аттатпас ең мықты шідер не?

– Ардан аттатпас шідер, сол арға деген сенім шығар. Мына дүниені сақтап тұрған қандай да бір сенім, өзек бар ғой. Сол өзек осы – ар, не болмаса сол арға деген сенім деген түсінікте сияқтымын қазір.

– Көңіліңнің жетекшісі не?

– «Құстың мойны бос, жылқының белі бос, адамның көңілі бос». Ендеше, сол нәзік көңіліңе не демеу? Өзімді өмірде мүлдем күтпеген сәттер қуантып, алға жетелеп келеді. Санамның арғы түкпіріндегі алаулаған үміттің, шынайы сенімнің сәулесі алға жетелеп келеді. Қай қырынан алып қарасақ та, алмағайып, іші тайып, сырты күлер алдамшы кезеңде ғұмыр кешіп жатқанымызбен көңілдің түкпіріндегі жарқын сәттердің алауы әлі ыстық. Қаныма сіңген тәлім, алғаным мен көргенім, көп болмаса да түйгенім көңілімді әркез алға жетелеп жүреді.

– Сен үшін кіммен түсінісу оңай, кімге жанасу қиын?

– «Ақкөңіл, адал болсаң, сырласыңмын», – деген Қасым Аманжоловтың өлеңі бірден есіме түсті. Жалпы, көп адаммен жарасуым қиын. Сөйте тұра көп адамнан жарасым күтетінім де рас. Кей жандармен екі ауыз сөзден соң-ақ бесіктен бергі жолдасымдай жарасып кетемін. Бақсам, олар ойы мен қиялы бар, өнер атты сұлу дертке шын шалдыққан жандар екен. Ал, өзгелер – жай ғана жүзі таныс, аты-жөнін ғана білетін пенделер. Әрқандай сәттер үшін, аяулы шақтар үшін тебіренбейтін, өмірдің асқақ поэзия- сын сезінбейтін, тек, жолындағысын жайпап өтіп алға қарай баса беретін замандастарымнан «бетті бастым, тұра қаштым».

– Өмірде көнермейтін, ескірмейтін не бар?

– Дәл басып айту қиын. Қадым замандардың қылт еткен қатпарларына сәл көз салып қалсақ, бәрінің жұтылып, жоғала бергенін көреміз.  Кешегі арзан, бүгін қымбат, кешегі жаман деген адам – бүгін жақсы жан, «былтыр – құлын, биыл – тай» дегендей… Енді, уақыттың есінде не қалды айтатындай. Іздесең, бәрі қалған болып шығады. Аласы да, құласы да, аяулысы да, аяры да. Демек, сенім жоқ. «Тарих, сені оқымаймын мен енді» дейсің амалсыз кейіп, Есенғалиша. Сонда да, адамның өзі үшін ескірмейтіні бар ғой. Ол адамның өз тағдыр-талайындағы дүние болар?! Өзі үшін ескірмес…

– Жаныңды қандай күш жүдетпейді?

– Өзім күтпей кездескен әсерлер. Болмысыз жылт еткен нәзік сәттер. Көп күттіріп, тамырларымда бұлқына қалатын бір күш өміріме әрдайым құнар береді.

– Мінезіңнің басты ерекшелігі қандай?

– Елден ерекшемін деп ойламаймын. Жұрт кешіп жүрген барлық сезімдер, көңіл-күй маған тән. Жалқаулық, тіпті, кейді ынжықтық иектеп те алады. Сол таң атырып, күн батырып жүріп жатқан көп жанның бірімін ғой.  Ерекше болсам, «Ертіске ағып бара жатпас ем, жүзіп бара жатар ем». Елден ерекше болуды ұнатпаймын, айтпақшы.

– Жанасыл, ішкі әлеміңе саяхат жасатып, ой-пікіріңмен бөліскенің үшін мың алғыс!  Жасай бер! Жаза түс!

 

Әңгімелескен – Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.