Өңірімізде әдеби-көркем кітаптар дүркін-дүркін басылып шығып жатқан жоқ. Бұдан «Қаламгерлер қауымы аз жазады, оқырманға ұсынар дүниесі жоқ» деп ойлауға, әсте, болмайды. Себебі бір емес, бірнеше кітабының қолжазбасын құшақтап жүрген ақын-жазушыларды білемін. Сол құшақтағы туындылардың талғамы терең, парасаты биік оқырманның құмарын қандырып, көңілінен шығатынына да еш шүбә келтірмеймін. Оқырманға жол тартқан кітаптардың көп бөлігі демеушілердің қаражатымен жарық көруде. Сол себепті, «Сирек болса да, көркем шығармалар шығып жатыр» деп өзімізді жұбатамыз. Сондай жұбаныштың бірі – екібастұздық ақын Ерболат Әміреновтің «Жанарыңнан айналдым» кітабы.

Демеуші азаматтың қолдауымен шыққан бұл кітап үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде
азаматтық тақырыптағы өлеңдер қамтылса, екінші бөлімде махаббат жырлары топтастырылған, ал үшінші бөлімде әңгімелер, ой үзіктері жинақталған. Қаражат көлеміне байланысты ма екен, автордың ішкі таразысы осылай өлшеді ме екен, кітаптың таралымы – бар-жоғы 100 дана (!). Кімнің сөресінен табылады бұл кітаптар? Туған-туыс, дос-жаранның айналасынан аспайды ғой? Бұлай дабыл қағуымның басты себебі – көпшілік оқырман талантпен танысса екен деген тілек менікі. Әйтпесе, отбасылық фотосуреттерді топтап, бұрынғы өткен жазушылардан қалған сөздерді теріп-теріп, ішкен-жегенін әңгіме етіп бастырған талай кітапты көріп сіздің де жүрегіңіз айныған болар, оқырман.

Хош, Ерболаттың кітабына назар аударалық. Кітаптың алғысөзін жазған ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай «Ерболатта жалаң дидактика, жалған пафостан гөрі шынайылыққа ұмтылған өлең жолдары аз кездеспейді», – дей келе, жас ақынның «Ғұмыр – Баян дегенде, Баян – Ғұмыр», «Сол күннің әрбір сәті көз алдымда» өлеңдеріне оң бағасын беріпті. Ал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлау Байбосын: «Ерболат өлеңдерінде жас ақындардың көбіне тән ұйқас үшін мағынасыз, түсініксіз сөздер қолдану, әр тармағы әр жаққа қарап тұру, жалған сезімге берілу секілді олқылықтар кездеспейді», – деп, талапкер інісінің «Өлеңті», «Шегініс», «Өміріме жадырап, күле кірдің» және өзге де өлеңдерін ерекшелепті.

«Жанарыңнан айналдым» кітабын бұрыннан шығармашылық байланысты берік орнатқан дос-бауыр емес, ақынның оқырманы ретінде қолыма алдым. Осы мақаламда ақынның жырларынан алған әсеріммен бөліспекпін.

«…Жеңеді-ау жекпе-жекте түбі шерім,

Сол кезде қайғы жұтып,    мұң ішемін.

…Қараңғылық басты ғой  Сен кеткен соң,

Балалық бал шақтағы  ұлы сенім!…».

 «Шынымен сүйем деймін»  өлеңінде өткенді аңсау ғана емес, бүгінге наразылық, келешекке таразы-үміт бардай.

Иә, бәрімізді бір ұлы сенім алға жетелейді. Балалық шақта тез есейіп, үлкен кісі болуды армандадық. Біз қиялдаған, біз ойлаған, біз көргіміз келген ересек өмір мүлдем басқаша еді. Мысалы, менің бала жүрегімдегі үлкендердің ортасында өтірік, өсек, сатқындық, аярлық, арсыздық секілді жаман кеселдер мүлдем жоқ еді. Болады деген ой да… Бірақ, мен ер жеттім. Өзімнің қиялымдағы әлемді, арманымдағы өмірді өзім тас-талқан еттім. Саналы түрде. Өйткені көргенім – сол, алдымнан шыққан жаңа өмір – сол. Аз сөзіме көп өтірік қоса бастадым, өз мінімді көрмей, өзгенің кемшілігін тердім, өсек тасыдым. Бірақ мұндай жаман іс-әрекеттерге бардым-ау деп ойлаған емеспін. Үлкен өмірге қадам басқанға дейін серік болған ұлы сенім қайда кетті? Қанша іздесем де, қанша шарқ ұрсам да енді ол маған таптырмайды-ау. Тапқан күннің өзінде мөлдір, тұнық, тап-таза қалпынан айырылған сенімді ғана жолықтырармын.

Ерболат ақынның да кешкен күйі, сезгені осындай болса керек. Бала Ерболаттың пәк көңіліне шаң қондырып алғанына жігіт Ерболат қамығады. Қамықса да, «Енді сіздер бармақ тістемеңіздерші! Қараңғылық баспасыншы!» деп шарқ ұратын секілді. Салмақ таразы-үмітке түспек. Жалғанның жақсылығы мен жамандығын өлшеп, әркімнің ішіндегі таразының екі басы алма-кезек жоғары-төмен ырғалып тұр.

Тағы бір өлеңінде ақын:

«…Мен бейопа жалғанның мәнін ойлап тұншықтым,

Бақыт үшін ғана ма сонда адамның күресі?!…», – дейді («Жетті деді қол міне…»).

Ойландыратын сауал. Жауап табу өте қиын. Бәлкім, «Несі қиын?» дерсіз. Иә, әр адам бақытты болу үшін күреседі. Мен де, сен де, ол да. Бірақ біз қандай бақыт үшін күресеміз? Мен қол жеткізген бақыт біреудің басынан ұшқан бақыт па екен? Немесе ол қадірлей алмаған бақытты мен қастер тұттым.

«Бақыт деген не?» десек, Мұқағали Мақатаевтың, Мұхтар Шахановтың әйгілі өлеңдерін ойға алатыныңыз сөзсіз. Мысалы, маған Маралтай ақынның: «Бақыт деген – атақ, мансап болса егер, бақытсыз-ақ күн кешуге болады», – дегені ұнайды.

Әркім бақыттың мәнін, мағынасын әртүрлі түсінеді. Меніңше, бұл өлеңде ақын алға тартқан ой – біз күресіп жүрген бақыт біреудің көз-жасы, нала-мұңы болмаса екен дегенді меңзейтіндей. Студент кезде бір досым айтып берген әңгіме еді: Бір кейуана соңғы ақшасын сарп етіп студент баласына ала сөмкені толтырып ет салып жіберіпті. «Енді балам аш болмайды» деп көңілі марқайып үйіне жетіпті. Өзінің ішкені – қара су, жегені – қатқан нан. Бірақ әлгі сәлемдеме діттеген жеріне жетпепті. Жолда қолды болыпты. Ала сөмкені қорғансыз кәрі кемпір не істер дейсің деп, зіңгіттей бір еркек арқалап кетіпті. Ол үйіне апарып, бала-шағасын мәз қылыпты. Сол күні оның әйелі де, балалары да тыңқия тойып, мәз болыпты. Өздерін бақытқа бөлеген отағасының табысы біреудің көз жасы екенін қайдан білсін сорлылар?!

Бұл – бір мысқал мысал ғана. Осылай, қарнының тоқтығын, көйлегінің көктігін ғана ойлап, соны ғана бақытқа баласақ, не болғанымыз?!

Деуін деймін-ау, бірақ, менің қазіргі бақытым – ай сайын шауып жетіп келетін ипотеканы аман-есен төлеу. Сенесіз бе? Мен қайта, 15 жылдан соң өзімде қалатын үйдің ақшасын екі еселеп төлеп жүрмін. Ал, мен секілді қаншама жас, қаншама жігіт ағасы жалдамалы пәтерде бақытты ғұмыр кешуге талпынып келеді…

Қынжыламын.

Ақын да қынжылғаннан жазады.

Енді ол жанын қалай сақтамақ? Сол үшін де Ерболат: «Өлеңім – өмірімнің аппақ ары», – дейді. Тәнің «талауға» түскенде арыңды да, рухыңды да жем қылуға жол бермейтін бір күш керек. Ерболат сол қуатты жырдан табады. Бейопа жалғанның мәнін өлеңнен іздейді.

Жырлай жүріп өзінің болмысын, сол арқылы оқырманның жүрегіндегі сырды ақтарып тастағысы келеді. Ешкімге айтпайтын, жұрттан жасыратын іштегіңді жалғыздығыңмен бетпе-бет қалғанда ғана жайып салатының секілді, ақын өлеңдерін оқығанда да «Мынау – менің хәлім, мынау – менің күйім. Қалай дөп басқан?!» дейсіз.

Ерболат замандасы Еламан Төлеутайға арнаған өлеңінде: «…Барлығын дұрыс жасап болдым әуре, Білмеймін сол дұрыстық кімге керек?…» дейді. Бұнда не сыр, қандай мән бар? Ақын азамат ретінде, адам ретінде дұрыс өмір сүруге талпынады. Сол үшін не істесе де дұрыс болғанын қалайды.

Өмірде «Дұрыс» деген не?
Маған өзімнің «айтқаным» дұрыс, саған ағатайыңның «істегені» дұрыс, оған бастығының «ойлағаны» дұрыс. Сізге ше? Сол дұрыстардың ішінде де адасып кетуге болады екен. Себебі ештеңеде құн жоқ. Арзандап барады бәрі. Ақын сол үшін шырылдайды. Себебі бұл күйді мен де кештім, сен де кештің, ол да кешеді…

«Жанарыңнан айналдым» жина-ғындағы бірді-екілі олқылықты атап өтейін.

«Өлеңті – Тай ауылым» өлеңін автор «Өрімді ой өргізіп
қосақтаған, Тайың менмін тағдырға Өлең қылып»
деп түйіндепті. Осы жолдарды «Тайың – менмін, өрімді ой өргізіп, қосақтаған тағдырға Өлең қылып» десе, сөз тіркесі әлдеқайда сауатты құрылар еді.

Келесі бір өлеңінде «…Өмір дегенің өтеді, айнам, бір демде, Әу баста жаным ажал құрыққа күрмелген…» дейді. Менің білуімше, құрық күрмелмейді. Ал, «Сұрақ» өлеңінде «Мен сияқты жігіттер көп қой, бірақ? Солардың бірі саған ұнайды ма?» дейді. «Ұнайды ма?» емес. Дұрысы – «Ұнай ма?».Ақынның өлеңдеріндегі осындай кішігірім кемшіліктер, жалпы әсерге аса ықпал ете қоймасы анық.

Мен оқыған жақсы өлеңді сіз де оқыңыз, мен таныған жақсы ақынды сіз де таныңыз, мәртебелі оқырман.

Сөзімді ақынның мына бір өлеңімен түйіндейін:

«Баққа балама» дейсің,

Ауырсам қайтем?

«Артқа қарама» дейсің,

Сағынсам қайтем?

 

«Кешірші мені» дейсің,

Сезімді қайтем?

«Өшірші мені» дейсің,

Өзімді қайтем?

 

«Бақытқа лайықсың!» дейсің,

Сен емес пе едің?

Оралмас ғажайып күйсің,

Елемес те едім…

Қадірлі оқырман, Ерболат ақынның жыр жинағын оқып, бағасын өздеріңіз беріңіздер. Менікі – сіздерге тәуір шығарма мен авторды ұсыну ғана. Ақын өлеңдерін оқып, өзім кешкен күйді сіздермен бөлісу ғана.

Сөз басында атап өткенімдей, өңірімізде әдеби-көркем кітаптарды басып шығару ісіне белсенділік қажет пе, жоқ па және аз таралыммен шыққан кітап саналы оқырманға рухани азық бола ала ма? Оны да пайымдай
жүрерсіздер.

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.