Қазақ халқы дүниеге ұрпақ әкеліп, бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қанаттандырған асыл ананың өмірлік тәжірибесі де мол әрі ағайын-туыстың бірлігін, бір-біріне деген қамқорлығын сақтаушы ретінде оларға құрметпен қараған. Жуырда Ақсу қаласында халқымыздың ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын бүгінгі қоғамға насихаттау мақсатында «Аналардың ізімен» атты қалалық байқау өтті.

 

Байқау дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп отырады. Осы жолы сайысқа Ақсу қаласына қарасты 13 елді мекеннің бір отбасындағы әже мен келіні және немересі қатысты.

Ұмытылып бара жатқан қазақы салт-дәстүрді жастарға насихаттау басты мақсат болған шарада Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов сөз сөйлеп, мұндай игі шараның мән-маңызына тоқталды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламалық мақаласында қазақстандықтардың, оның ішінде жас ұрпақтың жаңғыруына осындай тағылымды шаралардың көптеп өткізілуі сеп болатындығын жеткізіп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.

— Еліміздің әйел-ана мәртебесіне қатысты ұстанымын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әрдайым ашық айтып келеді. Президент ел тарихындағы әйел, аналардың алатын орнының маңызды екенін ерекше атап өтті. Шынымен нәзік жандылардың қоғамдағы алар орны қашан да маңызды. Сонау отбасынан басталатын құндылықтан бері қарай жалғасатын мемлекет мүддесінде де орны алабөтен. Біздің ел бұл орайда жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Гендерлік саясат аясында қыз-келіншектер қоғамға орасан зор үлес қосуда. Сол арқылы елдің ұйытқысына айналды, — деп атап өтті Н.Дүйсенбинов.

Қанаш Қамзин ауылынан келген үміткерлердің бірі — Тілеулес Ибраева. Ол өнегелі қыздың тәрбиесі тал бесіктен басталады. Сондықтан ене қанша көргенді болса да, ата-анасынан дұрыс тәрбие алмағанды қайта тәрбиелеу мүмкін емес дейді.

— Әже тәрбиесі бала өмірінде үлкен орын алады. Өйткені, қашанда қамқор болып жүретін ардақты жанның тәлімі арқылы бала жақсы-жаманды ажыратып, үлкен-кішіні тани бастайды. Мінез-құлық, тіл тәрбиесі қалыптасып, бала үй шаруасына бейім, елгезек, тілалғыш, мейірімді болып өседі. Әженің тәлім-тәрбиесін көрген бала, немере-шөберелер салт-дәстүрді сақтап, рухани құндылықтың қамқоршысы да бола білмек. Қазірден бастап мен немере қыздарымды болашақ ана, келін етуге дайындап жатырмын. Өйткені өнегелі қыздан өнегелі келін, сосын өнегелі ене шығады, — дейді ақжаулықты әже.

Жарыс нәтижесі бойынша бірінші орынды Қалқаман ауылдық округі, екінші орынды Алғабас ауылы мен Евгеньевка ауылының тұрғындары, ал үшінші орынды Мәмәйіт Омаров ауылының және Қызылжар елді мекенінің намысын қорғаған қатысушылар иеленді. Жүлделі орындарға ие болған қатысушылар дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Айдана БОРАНБАЕВА

Ақсу қаласы. Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек