Ақын Сәбит Дөнентаевты «Қазақ өлеңінің бозторғайы» деп атау —
әдеби айналымға берік енген ұғым. Әдебиет зерттеушісі Құлбек Ергөбектің «…Сәбит Дөнентаев …қай жанрда жазса да, бар игі мақсаты халқына адал қызмет ету еді. Аз ғұмырын халқының тағдырын жырлауға арнады. Сондықтан Сәбит Дөнентаев кейінгі ұрпақ есінде қазақ өлеңінің бозторғайы болып қалды», деген пікірі Сәбит ақын атына лайықты анықтауышты нақтылай әрі нықтай түседі…

Ақын өмірде де, өлеңде де бозторғайдай шырылдап өтті. Есімінің осылай ардақталуы оның «Бозторғай» деп аталатын мысал өлеңімен тікелей байланысты.

«Бозторғай зорлық көріп  тұрымтайдан,

Таяныш таба алмапты қырдан, ойдан.

Болыпты мұңын шақпақ, зарын айтпақ…», — деп басталатын өлеңде ақын 1915 жылы патша үкіметінің жергілікті әкімшіліктерінен бастап, арыз жүргізушілердің кейпін көрсеткен. Шырылдаған бозторғай мұңын айтып өзінен әлді құстарға жүгінген еді. Сөйтсе, «Қырғи бұғып отыр, Жемсауы ыңқ-ыңқ етіп шығып отыр». Одан соң «Мұң шағып, ішкі шерін аршығалы, іздеп келіп еді қаршығаны. Көлдегі көп үйректің арасынан, Шулаған қаршығалап зар шығады». Одан кейін араша сұрап «лашын-ханды тапты келіп, Түбінде бір теректің бекзадасы, жеп отыр қаздың етін көкірек керіп». Бозторғай шырылдап жүріп талай «мықтыға» барса да, құстардың ешбірінен көмек көрмейді.

Өлеңнің:

«…Дағдарды осыны айтып  торғай сорлы,

Жеріне барам деген барып болды.

Бүркітке – құс патшасы жолығуға,

Кезіпті жер-жиһанды оңды-солды.

 

Тапқанын бүркітті  іздеп, таппағанын,

Шаққанын ішкі мұңын, шақпағанын.

Білмеймін, әлі күнге  естігем жоқ,

Жатқанын жаны тыныш, жатпағанын»,

деп аяқталуы ақынның болашақтан үмітті көңілін аңғартады.

Бұл мысалдан Сәбиттің өз өмірінің ауыртпалығы мен қиындығын аңғаруға болады. Оның қолына бұғау болған жоқшылық, аяғына тұсау болған әділетсіздік, жанына дамыл бермеген ауру – бәрі-бәрі ақынды бозторғайдай шырылдатты.

Сәбит ақын мұндай мысалдарында аң, жануарларды кейіпкер етеді де, солардың іс-әрекеті арқылы ашкөздік, аярлық, жағымпаздық, қаскөйлік, жалқаулық, парақорлық сияқты адам бойындағы жағымсыз әдет-қылықтарды сынайды. Сондай өлеңдері арқылы халықты еңбекке, бірлікке шақырады.

Сәбит ақынның азаматтық дауысы, өлең-жырларындағы дабысы – өзі өмір сүрген дәуірдің үніне айналды. Оның шығармалары халықты бостандыққа талпындырды, еркіндікке шақырды. Ақын оқу мен білімнің жетістігін жырлады, әйел теңсіздігін мәселе етіп көтерді, байлардың сараңдығын өлеңмен әшкереледі. Оның «Көркем қызға», «Жәмилә қыз», «Әйелдер мейрамына», «Мен зынданда», «Ерікті Айша», «Әйелдердің он жылдық тойына» деп аталатын өлеңдерінде осындай әлеуметтік мәселелер қозғалады.

Ақын Серік Елікбай Сәбит Дөнентаев ғұмыр кешкен кез (1894-1933 жылдар) туралы: «Ақын өмір сүрген кезең қазақ тарихындағы аса ауыр уақыт болатын, бұл қазақ елінің ес жинап, етек жабуға тырысқан кезі еді. Бірақ тарих көші мүлдем өзгеше сипатта, жат бейнеде пішін алып, жұрт жалауы жығылып, ер бүгіліп, ту құлады. Ал Сәбит осы кезеңде тіршілік кешіп, өмірдің «бар уын» қоғаммен бірге ішті. Ал бұл уақытта Ресей іші құбылмалы, мол толқуда болатын, екі түрлі Ресей, екі нанымда (христиан-мұсылман), екі танымда (славян-тұран) енді жаңашыл және ескішіл болып бөліне бастаған», — деп жазады. Демек, ақынның бозторғайдай шырылдауы заман қажеттілігінен туған. Олай болмауы мүмкін де емес еді.

Сәбит Дөнентаев шығарма-ларында, дәлірек айтқанда мақалаларында адамның қоғамдық-әлеуметтік ортамен байланысын, әркімнің өз ортасында қоғамға пайдалы іс істеуге тиістігін көтерді. Мысалы, «Неге арналсаң, соны істе» атты мақаласында: «Кісі туғаннан-ақ белгілі бір өнерге, қызметке икемді болып туады; басқаша айтқанда, әр адамда әр нәрсеге талап, ыңғай, қабілет яки зеректік болады. Біреу оқытуға, біреу етік тігуге, біреу әкім болуға, біреу мал бағуға, біреу әскерлікке, біреу жазушылыққа, біреу дәрігерлікке, біреу саудаға, біреу сөзге, біреу дауға ыңғайланып жаралады. Өмірде түк жұмысқа икемі жоқ жан сирек болады… Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен жүріп, қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. «Өз орнында» істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ. Қайғы сол: Өз жолын шу дегеннен тауып алатын адамдар сирек болады. Адамның көбі ана жолға бір, мына жолға бір түсіп, өмір бойы өз соқпағын таба алмай, сенделумен күні өтеді… Әлеумет те, мемлекет те әр адамның еңбегі берекелі, пайдалы болуын тілейді», — деп жазды ол. Бұл мақала жастарды мамандыққа баулуымен, мамандық таңдаудың мәселелерін көтергендігімен әлі күнге дейін өзекті. Бұған зейін салу керек, құлақ асу қажет.

Осындай мазмұнды мақалалар, өрлікке толы өлеңдер, шамырқанған шығармалар жазып қалдырған қаламгер туралы ақын Дәулеткерей Кәпұлы бірде: «Қазақ әдебиетінде халық үшін өте көп тер төксе де, есімі елеусіз, еңбегі ескерусіз қалған бір есіл ер болса, ол –
Сәбит Дөнентаев», — деп еді, әдебиетші Тұрсынбек Кәкішевтің сөздерін есіне алып. Ойлантатын сөз.

Халқына адал қызмет ету мақсұты болған, қысқа өмірін халқының тағдырын жырлауға арнаған ақын рухы қазақ жадында бозторғайдай шырылдай  бермек.

 Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.