Ауыр тағдыр. Бақытсыз кезең. Бұл белгілі ақын Ақберен Елгезектің 2018 жылы жарық көрген «Болмаған балалық шақ» прозасында баяндалады. Аталмыш шығарманы жақында өңірімізге гастрольдік сапармен келген Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының өнерпаздары қойылым ретінде көрсетті.

Автордың балалық шағына сапар шектіретін шығарма шынайылықпен, өмірде болған оқиға желісіне негізделіп жазылған. Жұмыр басты пенденің ең бақытты шағы балалық кезең екені даусыз. Ал болмаған балалық шақтың қандай болатынын көп адам түсініп, түйсіне бермейді. Әкеден жастай айырылып, бауырына жоқтау айтып, анасынан тірідей жетім қалған бақытсыздың басынан кешкендері тағдырдың қиын да қилы тармақтарының бар екеніне сендіреді.

Спектакльдің режиссері — Әли Бидахмет. Жазушының жан сыры режиссерді бейжай қалдырмағандықтан, осы шығарманы сахналауды шешкен. Әу баста туынды режиссердің ойында бірнеше жыл «пісіп, қайнады». Кейін бір жарым ай дайындық жүргізіп, көрерменге ұсынды.

Режиссер басты рөлді сомдайтын әртістерді таңдағанда сыртқы кескін-келбетіне үлкен мән берген.

— Ақберен ағадан бала кездегі суретін сұрап алдым. Содан кейін сарылығы бойынша сол кісіге ұқсайтын Қазбек деген театрымыздың актерін рөлге бекіттік. Ал кейіпкердің үлкен кезіне Ілияс Мұратбек таңдалды. Екеуі де — сары. Ең басты критерий негізі сол сырт келбеті болды. Екеуі де — кәсіби актер. Сондықтан әртістердің шеберлігі мен техникасы бірінші орында тұруы керек. Образ шынайы шығу үшін кейіпкермен тағдырлас адам таба алмаймыз. Сондықтан актердің кәсібилігі маңызды. Әрі еңбекқорлығына да мән береміз. Қойылым — фестивальдік дүние емес. Халықтың жүрегіне жететін туындыны сахнада да жүрекке жеткізуіміз керек деген прициппен жұмыс істедік, — дейді режиссер.

Қойылымның сәтті шығуы таңдалған актерға тікелей байланысты екені сөзсіз. Жазушының жан дүниесін ашып, сахнада сомдау – маңызды жұмыс. Осы спекткальде ақын Ақберен Елгезектің рөлін сомдаған Қазбек Аманжол бұл образдың бұрынғылардан ерекше екенін айтады.

— Мен ойнайтын кейіпкер — кішкентай бала. Баланың тағдыры өте ауыр. Кейіпкеріммен бір ұқсастығым бар деп айтсам болады. Автор ақын ғой. Оның тағдырын сезінбесем де, жанын түсінетін сияқтымын. Өйткені менің де қалам тербейтінім бар, — дейді актер.

Аталмыш спектакльдің көрермендерге әсерлі болғаны соншалық, олар біраз уақыт тік тұра қол шапалақтап, өз әсерлерімен бөлісті.

Айдана БОРАНБАЕВА.