Орталық қалалық жағалаудың «Ertis Promenade» сахнасында ұлттық домбыра күні мен Естай Беркімбайұлының 155 жылдығы және Иманжүсіп Құтпанұлының 160 жылдығы аясында мерекелік концерт өтті. Кеште елімізге белгілі эстрада жұлдыздары, жергілікті Иса Байзақов атындағы облыстық филармония шығармашылық ұжымы өнер көрсетті.

Думанды кеште «Шернияз», «Нұр» би ансамбльдері мың бұрала би билесе, Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен филармония солистері халық әндерін орындады.

Концерттің арнайы қонақтары республикалық Әміре Қашаубаев атындағы  байқаудың лауреаты Нұрболат Құсайынов, «Этно miх» ансамблі, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі және ҚР Еңбек  сіңірген қайраткерлері  Медет Салықов пен Клара Төленбаева ән шырқады.

 «Тұран» тобының домбырашысы Бауыржан Бекмұханбетовтың айтуынша, топ Еуропаға гастрольдік сапармен барғанда Франция, Швейцария, Германия, Голландия тұрғындары домбыраға ерекше қызығушылық танытқан.

– Домбыра – қазақ халқының жаны. Біз өз шығармаларымыз арқылы тыңдармандарға бұл аспаптың құдіретін жеткізгіміз келеді. Мұндай аспап барлық түркі халқында бар. Тек басқаша аталады. Сонымен қатар, дыбысы, формасы жағынан ерекше. Бірақ домбыраның әлемдік мәдениеттегі рөлі әлі күнге дейін жоғары, – дейді ол.

Музыкалық бағдарламада Айтқали Жайымов «Шалқыма», «Бозінген», Медет Есбергенов «Елім-ай», Р.Бейсенұлы «Ғасырлар тоғысында» және халық композиторларының әндері мен күйлерін орындады.

Өз тілшіміз.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.