Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының кезекті маусымы жабылды. Ұжым қорытынды кешке қазақтың ұлы ақыны және философы Шәкәрім Құдайбердіұлы әңгімесінің желісіне негізделген «Ұждан» спектаклін қойды. Қоюшы-режиссер – актер әрі театр режиссері Азамат Нығманов.

Жаздың алғашқы айының соңы шаһарымыздағы маңызды мәдени оқиғаларының бірі – Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының театр маусымының жабылуымен ерекшеленеді. Өнер ұжымы бұл маусымды көпшіліктің көңілінен шыққан Ш.Құдайбердіұлының шығармасына негізделген «Ұждан» қойылымымен тәмамдады.

Спектакльдің режиссері Азамат Нығмановтың айтуынша, аталмыш спектакльдің желісі ерекше. Өйткені онда басты рөлдер жоқ. Әр кейіпкер – жеке оқиға.

– Шәкәрім Құдайбердіұлы жанның өлместігін үш ақиқатқа сүйене отырып сипаттады. Олар: қарапайымдылық, әділдік және мейірімділік. Шәкәрім адам үшін басты ғылым – ар-ождан ғылымы екеніне сенімді болды, – деді Азамат Нығманов.

Айта кетейік, театр ұжымы 34-інші маусымда көрермендерге 175 спектакль көрсетті. Оның ішінде жетеуі – премьера. Атап өтсек, Н.Птушкинаның «Күзгі махаббат» сатиралық комедиясы, М.Қосынның «Мен жоқ жердегі менің өмірім» эксперименттік драмасы, А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасы, Ш.Құдайбердиевтің «Ұждан», Қ.Аманжолдың «Ұрылар» комедиясы, Миччидің «Алладин» және В.Павловскистің «Айлакер түлкі» ертегісі.

Өнер ұжымы көрермендерге келесі маусымға тың жобалар мен жаңа премьералармен оралатынын атап өтті.

Айдана БОРАНБАЕВА.