Баянауыл ауданында әйгілі жерлесіміз, қазақ киносының атасы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО халық әртісі Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл толуына орай ескерткіш-бюст ашылды.
Аудан орталығындағы Шәкен Айманов атындағы мектеп-интернатының аумағында орнатылған ескерткіш-бюст белгілі режиссердің ғасырлық тойына арналған мерекелік іс-шаралардың бастауы, дейді ұйымдастырушылар. Алдағы уақытта Шәкен Аймановтың мерейтойы Ертіс-Баян өңірінде кең көлемде аталып өтеді деп жоспарлануда Салтанатты шараға өңірдегі зиялы қауым өкілдері мен баянауылдық тұрғындар тегіс жиналып, ескерткіш мүсінге гүл шоқтарын қойды. Аталмыш кешке арнайы қатысқан «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын, Шәкен Айманов атындағы мектептің түлегі Аспанбек Шұғатаев жиналған қауымға жырдан шашу шашты. Ескерткіш-бюстің ашылуына барғандар ақ тілектерін айтып, талант иесінің есімімен аталатын білім ордасының музейіне саяхат жасады. Атап өтерлігі, бұл мүсінді жасау жұмыстарына «Едіге Шоң» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаржылай қолдау көрсеткен. Авторы – Асқар Нартов есімді азамат. Қоладан құйылған ескерткіш-бюстің биіктігі 3,25 метрді құрайды. Тұғыртасы бүтін граниттен жасалған. Қазақтың кино өнерінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан еліміздегі тұңғыш кинорежиссер, дарынды актер Шәкен Аймановтың 110 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар жыл бойы жалғасатын болады.
Нұржайна ШОДЫР.