Биыл Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Шакрат Дәулетжанұлы Шалбайдың туғанына 80 жыл толып отыр.

Жақында Республика күніне және қарымды қаламгердің мерейтойына орай мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті. Оған аудан әкімдігінің өкілдері, өңірдегі зиялы қауым және Шакрат Шалбайдың үрім-бұтағы мен жерлестері тегіс қатысты. Бірден атап өтерлігі, игі істі ұйымдастыруға мерейтой иесі көзі тірісінде 55 жыл бойы еңбек еткен аудандық «Баянтау» газетінің ұжымы мен ұрпақтары ұйытқы болды. Шараға жиналған қауым алдында алғаш болып сөз алған Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Еркін Арыстанбеков:

– Өзі өмірден өтсе де көңілден өшпейтін адамдар болады. Сондай жанның бірі – Шакрат Дәулетжанұлы. Ол – саналы ғұмырын журналистикаға арнаған белгілі қаламгер. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы журналистика мамандығына деген адалдығынан жаңылмады, қолынан қаламын тастамады. Оның руханият әлеміндегі орны бөлек. Ол басқарған басылым небір тағдыр толқынынан өтті. Тоқырау кезеңінде ел экономикасы құлдырап, газетке қаржы аз бөлінген сәтте редакцияны жабылудан аман алып қалды. Өз жұмысына берілген қайратты басшының қажырлы еңбегінің арқасында «Баянтау» газеті қайта нығайып, халықтың сүйікті басылымына айналды. Журналистің есімін ұлықтау мақсатында жасап отырған игі істің берекесін берсін! – деді. Бұдан соң Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Болат Аманбаев, қаламгердің інісі Шакар Дәулетжанов және досы Бекет Есманов естелік тақтаны ашу рәсімін жасап, ерін еске алып жатқан баянауылдықтарға алғыстарын білдірді. Солардың бірі, журналист Болат Аманбаев:

– Шакрат ағамыз сөзі мірдің оғындай, тұрпаты мен кескін-келбеті келіскен, білгір әрі білімді азамат еді. Ол ұлттық журналистикаға өзіндік қолтаңбасын қалдырып кетті. Қарымды қаламгер Қалмұқан Исабаев, Дихан Әбіловтермен қоян-қолтық жұмыс істеп, олардан үйренгенін кейінгі ізбасарларына берді. Біз Шакрат ағадан үлгі-өнеге алып өстік. Осындай азаматын ардақтап жатқан ел-жұртқа ризашылығымды білдіремін. Халық барда ұлттың ұлдары ұмытылмайды деп сенемін, – деді. Осынау игі шараға мұрындық болған аудандық «Баянтау» газетінің бас редакторы Айдана Айтуған да сөз алып, жерлестерінің қуанышына ортақтасты.

– Бұл – қазақ баспасөзінің тарихында өшпестей із қалдырған Шакрат ағаға деген құрмет. Жалпы, ескерткіш тақтасын орнату мәселесі көптен бері ойымызда жүрген еді. Бүгін қаламгердің балаларымен бірге сол міндетті атқарып, мойнымыздан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалған жайымыз бар. Оның ерен еңбегі мен өз мамандығына деген шексіз адалдығы баршамызға өнеге. Ағамыз қандай құрметке де лайық деп білемін! – деді ол. Ескерткіш тақтаның ашылуына жиналған қауымға Шакрат Шалбайдың ұлы Нұрслан алғыс білдіріп, әкесі туралы естелігімен бөлісті.

– Бүгін – Шакрат ұрпақтары үшін ұмытылмас күн. Қарымды қаламгер, үлгілі әкеміз Ақбет тауындай биік талғамымен, бірбет-кей мінезімен мәңгі жүрегімізде сақталады. Әкемнің туған еліне деген мөлдір махаббаты, қызметіне деген зор жауапкершілігі, ұрпағына берген терең тәрбиесі біз үшін үлкен өмірлік сабақ болды. Осы ескеріліп, әкеме ескерткіш тақтасының ашылуы – Баян өңіріне көрсетілген құрмет деп түсінемін. Сол үшін де игі іске атсалысқан «Баянтау» газетінің ұжымына, әкемнің үзеңгілес достарына ұрпақтарының атынан алғыс білдіремін, – деді Нұрслан Шакратұлы. Шара барысында, сондай-ақ, мерейтой иесінің өзге де туыстары мен оның көзін көрген достары сөз алып, ізгі тілектерін жеткізді. Бұдан соң аудан орталығындағы Мұса мырза мешітінде марқұмның рухына құран бағышталып, ас берілді. Ал түстен кейін Академик Қ.Сәтбаевтың Баянауылдағы мемо-риалдық музейінің ұйымдастыруымен «Қаламы қарымды журналист еді…» атты кеш өтті. Оған қатысқан зиялы қауым өкілдері, замандастары мен туыстары белгілі қаламгердің еңбегі мен шығармашылығы жайлы сыр шертті. Айталық, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Нығмет Жәмінов
43 жыл бойы газетті басқарған Шакрат Шалбайдың ел алдында беделі биік, ешкімнен тайсалмайтын адам болғанын алға тартты. Облыс орталығынан арнайы барған «Halyq radiosy»-ның бас редакторы Асыл Әбіш белгілі қаламгермен Баянауыл аудандық мәслихатқа депутат болып сайланған кезінде танысқанын айтып, кейін ұзақ жыл бойы аралас-құралас болған сәттерін еске алды. Дөңгелек үстелге қатысқан өзге де замандастары, әріптестері сөз алып, ардақты азаматтың қайтпас қайсар қасиеттері мен елі үшін атқарған ілкімді істері жөнінде ой толғады. Айта кетерлігі, Шакрат Дәулетжанұлы аудандық «Баянтау» газетінде 55 жыл бойы үздіксіз еңбек еткен. Қарымды қаламгер алғашқы еңбек жолын аудандық газетте корректорлықтан бастап, кейін бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редакторлыққа дейін көтерілген екен.

 

Нұржайна ШОДЫР,

Баянауыл ауданы.