Биыл есімі елге мәшһүр жерлесіміз, қазақ әдебиетінің алыбы, ақын, демократ, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 130 жыл толып отыр. Осыған орай, сенбі күні Павлодар қаласындағы «Денсаулық» саябағында «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-нің ұйытқы болуымен «Таңдамалы» шығармалар жинағы кітабының тұсаукесері өтті.

 

Игі шараға өңірдегі зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар, қоғам белсенділері мен Сұлтанмахмұт мұрасын дәріптеуші жастар қатысты. Айта кетерлігі, осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын, яғни 1971 жылы Алматы қаласындағы «Жазушы» баспасынан Сұлтанмахмұт Торайғыровтың таңдамалы шығармалар жинағы орыс тілінде жарық көрген екен. Биыл ақынның мерейтойы қарсаңында Павлодар қалалық әкімдігінің қолдауымен жерлес ақынның таңдаулы шығармалар жинағы 1000 дана болып қайтадан басылып шықты. Оның ішінде С.Торайғыровтың 9 өлеңін орыс тіліне Павлодар өңірінің патриоты, ақын Лунин Константин Васильевич аударғанын айта кеткен жөн. Шығармалар жинағының тұсауын ақын, журналист, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Шолпан Байғалықызы мен Константин Васильевич кесті. Бұдан соң алғаш болып құттықтау сөз алған Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыманов жиналған қауымның қуанышына ортақтасып, ақын шығармаларын қайта жаңғыртып, насихаттаудың кейінгі жас буын үшін берері мол екенін атап өтті. Шара барысында сондай-ақ, бірқатар ғалым және ақын-жазушылар сөз алып, Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларының мән-маңызына тоқталды. Әсем ән шырқалып, қасиетті қара өлеңдер оқылды. Сонымен қатар «Шоқтығы биік ақын» және «Сөз сұлтаны Сұлтанмахмұт» атты кітап көрмелері де көрермен назарына ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, С.Торайғыровтың таңдамалы шығармалары алғаш рет орыс тілінде 1958 жылы «Көркем әдебиет» баспасы арқылы Алматыда жарияланса, 1971 және 1989 жылдары «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Ал 1979 жылы оның өлеңдері «Огонек в степи» деген атаумен Мәскеуде басылып шыққан. Осы уақыттан бері әйгілі ақынның туындылары әлі күнге дейін жеке жинақ болып басылмаған екен. Биыл ғана бұл олқылықтың орны толып, 130 жылдық мерейтойы қарсаңында қайта жаңғырып отырған көрінеді. Тұсаукесерге жиналған көпшілік таңдаулы шығармалар жинағы оқырман олжасына айналып, жас ұрпаққа мұқалмас жігер, шалқар шабыт сыйласын деген тілектерін білдіріп тарқасты.

Н.АҚЫТЕГІ.