Павлодар қаласының орталық жағалауындағы «Ertis Promenade» сахнасының кезекті маусымы ашылды. Маусымашардың алғашқы концертіне елімізге белгілі эстрада жұлдыздары Райм, Ерке Есмахан, Еркеш Хасен және жергілікті өнерпаздар қатысты. Кештің тізгінін белгілі тележүргізушілер Ғалымжан Кеңшілік және Әйгерім Мұздыбаева ұстады. Мерекелік шараға 40 мыңға жуық қала тұрғыны және қонақтары жиналды.
Республикалық концерттердің қоюшы режиссері Алтынбек Рахметовтің айтуынша, биылғы маусымның ашылуы ерекше.
— Осы жылғы маусым «Махаббат бекеті» деп аталды. Себебі кеш қонақтары — Ерке Есмахан мен Райм осыдан тура бес жыл бұрын дәл осы сахнада танысқан болатын. Сонымен қатар, алғаш рет И.Байзақов атындағы облыстық филармония, «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы және Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының әртістері сахнада Леди Гага, Фредди Меркурий, Бритни Спирс, Юрий Шатунов, «Вираж» тобының солистері және «Modern Talking» дуэтінің бейнелерімен шықты. Олар 80-90 жылдардағы хиттерді орындады, — дейді А.Рахметов. Ал ресейлік әнші Юрий Шатуновты сомдаған облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының әншісі Наурыз Көшен бұл рөлдің үлкен құрмет екенін айтты.
— Мен танымал әнші Юрий Шатуновтың жас кезіндегі образын сомдап, көпшілікке белгілі «Белые розы» әнін айттым. Ұсыныс тосыннан түсті. Бірақ шешімді көп ойланбастан қабылдадым. Себебі, әншінің барлық әнін кішкентай кезімізден жаттап өстік, — дейді ол. Кештің қонағы болған Еркеш Хасен Павлодар өңіріне бұрын да келгенін және тұрғындардың қонақжайлығына тәнті екенін айтты.
— Павлодар — жаныма жақын қала. Өйткені осы өлкенің қызын алып отырмын. Екі рет «Alem Bend» тобының құрамында келіп, өнер көрсеттім. Енді жеке әнші ретінде келіп тұрмын. Көңіл күй тамаша! Тағы шақыртулар болса, қуана қабыл аламын. Бүгінгі кеште жақында жарық көрген «Көзің әдемі», «Кездесуге келмедің» секілді әндерді орындадым, — деді ол. Келесі сахнаға көпшіліктің назарына ілінген жұп Ерке Есмахан мен Райм шықты. Олар өз репертуарларындағы белгілі әндерін шырқады. Бұл концертте көрермендер де ерекше әсер алды. Олардың айтуынша, мұндай атмосфераны көптен күткен.
— Менің ойымша, концерт жоғары деңгейде өтті. Әсіресе, 80-90 жылдары белгілі болған әндерді шырқау ұтқыр идея болды. Жастық шаққа оралғандай болдық. Мұндай кештер жиі ұйымдастырылып тұрса екен, — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Нұрбек Оралханов. Айта кетейік, осы айдың 26-сы облыстық «Halyq radio»-сының 85 жылдығына арналған «Halyq dauysy» халықаралық фестивалінің гала-концерті жоспарланған. Онда белгілі әншілер Мирас Жүгінісов, Yenlik және әзілкеш Данияр Жұмаділов өнер көрсетеді. 27 мамыр қала тұрғындары мен қонақтарын «Jazz jamboree» джаз оркестрінің концерті күтсе, келесі күні «Тақиялы періште» фильмінің көрсетілімі болады. Сондай-ақ, әр аптаның демалыс күндері отандық фильмдердің көрсетілімі болып, көптеген шара өткізіледі.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген — Валерий Бугаев.