Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде халықа-ралық музей күніне және облыстың 85 жылдығына орай «Тарих жолдарымен» атты театрландырылған экскурсия өткізілді. Онда келушілерді өткеннің жанданған кейіпкерлері қарсы алды.

Музей басшысының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Гүлнәр Нұрахметованың айтуынша, мұндай шаралар мекеме қабырғасында 2015 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

– Әр музей түнін ерекше ұйымдастыруға тырысамыз. Биылғы шара өңіріміздің 85 жылдығы аясында өткізіліп отыр.  Мұнда көрермендер музейді аралай отырып, еліміздің төл тарихымен, яғни Қазақ хандығынан бастап қазіргі кезеңге дейінгі жәдігерлермен, жанды экспонаттармен таныса алады. Оның ішінде Алаш арыстарының өмірінен хабардар болады. Сондай-ақ, Гарри Поттердің әлеміне саяхат жасайды. Екінші қабатта облысымыздың тарихы және сол кезде белгілі болған көпес Артемий Деровпен «танысады». Көріністерді тәжірибелі әртістер емес, өзіміздің қызметкерлер, ниет білдірушілер қояды, – деді Г.Нұрахметова. Мәдени шара барысында ұлтымыздың ұлы тұлғалары Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Естай Беркімбаев, Иманжүсіп Құтпанұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың бейнелері жаңғыртылды. Гарри Поттер сериясының жанкүйерлері Хогвартс сиқырлы мектебіне барып, сиқырдың жұмбақ әлеміне саяхаттай алды.  Аталмыш музей қорларының бас сақтаушысы Әлия Жомартованың сөзінше, Гарри Поттерге арналған бұрышта Хогвартс сиқыршылар әлемінің барлық маңызды элементтерін, рәміздерін және кейіпкерлерін қамтиды.

– Гарри Поттер шығармасы әлемге танымал. Туынды кейіпкерлерінің жанкүйерлері біздің өңірімізде де бар. Биыл павлодарлықтар үшін осындай үлгідегі бұрышты ұйымдастыруды жөн санадық. Мұнда бәрі бар. Мәселен, сөйлейтін қалпақ, сурет галереясы, чемодандар, шындық айнасы, тіпті Гарри Поттердің өзі бар, – дейді ол. Көрермендерге кейін «Жер-
дегі тіршіліктің дамуы» фильмі көрсетілді. Келушілер облыстың өткен тарихы туралы хабардар болды. Ниет білдірушілер бет бояуын, мехендиді, жылтыр татуировканы, портреттерді жасай алды. Сондай-ақ, сату аймақтарында  қолөнершілердің бұйымдары сатылды. Ә.Бөкейханов атындағы лицей-мектептің 6-сынып оқушысы Ақерке Оралтай кештен ерекше әсер алғанын айтады.

– Музей түні тамаша өтті. Кеште қазақ халқының тарихымен таныстым. Оның ішінде Ұлы Отан соғысы кезіндегі жәдігерлер ерекше есте қалды. Сол уақытта қолданған заттарды жақыннан көре алдым, – дейді ол. Айта кетейік, Д.Багаев музейінде «Багаев фотопавильонында» театрландырылған қойылым, Майра музейінде PVL концерттік бағдарламасы ұсынылса, Әскери данқ музейінде әскери жылдардағы фотохроника  мен музей қорларының көрмесі өтті.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.