Павлодар қаласындағы Шафер музейі — еліміздегі күйтабақтар сақталған жалғыз орын. Орталық музыкатанушы Наум Шафердің жеке коллекциясынан құрылған. Бүгінде музей қорында грампластинканың 2500-ге жуық түрі бар.
Коллекцияда ХIX мен XX ғасырдың соңындағы музыкалық шығармалардың жазбалары, саяси қайраткерлердің, белгілі танымал әртістер мен ақындардың дауыстары, көптеген халықтың музыкасы бар. Әлемдік классиканың ең бірінші жазбалары Глинка, Чайковский, Рахманинов, Бах, Моцарт, Гендель, Шопен, Верди, Мендельсонның шығармалары ұсынылған.
Фонотекада граммофон, патефон және винил күйтабақтары көрсетіліп ұсынылған. Алғашқы граммофон күйтабақтары 1898 жылмен белгіленіп, «Пате» фирмасында жасалынған.
Жуырда Павлодар қалалық мектептердің оқушылары Наум Шафердің шығармашылығымен және күйтабақтарымен танысып, дыбыс жазу тарихын зерттеуге мүмкіндік алды.
Патефон күйтабақтарында қазақ халық әуендері, Ш.Қалдаяқов әндерінің, Е.Брусиловский мен А.Жұбановтың музыкасына жазылған алғашқы қазақ операларының жазбалары бар. Қазақ музыка бөлімінде ҚазССР халық артисі, қазақ операсының бірінші орындаушысы Күләш Байсейітованың орындауында барлық әндердің жазбалары, сондай-ақ Жамал Омарова мен Роза Бағланованың орындауындағы ертеректегі жазбалары бар.
— Балалар әр күйтабақты ынта-жігермен зерттеп, дыбыс жазу тарихы мен Наум Шафердің шығармашылығына қызығушылық танытты. Әсіресе, 1972 жылғы күйтабақ қызығушылық тудырды, — дейді ұйымдастырушылар.
Оқушылар Наум Шафердің өмір жолымен танысып, Андрей Корчевскийдің «Вечерний Вальс», «Где ты ходишь, недотрога?» және Майя Кристалинскаяның орындауындағы «Нежность» әндерін тыңдады.
Айдана БОРАНБАЕВА.