Ұлы Отан соғысының қызып тұрған кезінде Павлодар қаласының еңбекшілер депутаттары қалалық кеңесі атқару комитетінің 1942 жылғы отырысында қалада музыка мектебін ұйымдастыру туралы мәселе көтерген еді. Кейін ол  мәселе бірден шешімін тапты. Сол кезде павлодарлықтар үшін балалар музыка мектебінің ашылуы қуанышты оқиға болды.

Келесі жылдың 17 желтоқсанында Павлодар облыстық еңбек депутаттары Кеңесінің 1943 жылғы №25 атқару комитетінің отырысында Қойчубаевтың төрағалығымен Павлодарда балалар мен ересектерге арналған фортепиано, скрипка және баян, ересектерге арналған вокал сыныбы бойынша жеті жылдық музыка мектебін ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Балалардың да, ересектердің де музыкалық білім алуының үлкен қажеттілігі ескерілді. Келесі жылы оқудың бірінші жылында 90 адамнан тұратын оқушылар саны белгіленді. Бұл мектептің жұмыс істеуі үшін облыс билігінің шешімімен мектепті Алматы Қазфилармониясы филиалдарының бірінің үй-жайына уақытша орналастыру, оқу ақысының түсуіне байланысты өзін-өзі ақтау негізінде мектепті ұстау қарастырылды. Сондай-ақ, майдангерлер отбасынан шыққан оқушылар арасынан жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жалпы санның 15 пайызын оқу ақысынан босату секілді жеңілдіктер ұсынылып, мектепке 5000 рубль бөлінді. Алғашқы балалар музыка мектебінің бастауында Ленинград-
тан, Мәскеуден, басқа жерлерден Павлодарға жер аударылған және эвакуацияланған әншілер, музыканттар, композиторлар, өнертанушылар болды. Олардың арасында орталықтың алғашқы директоры, мәскеулік әнші Антонина Смирнова бар. Бірақ ол мектепті аз уақыт басқарды. Кейін 1945 жылы музыкатанушы, оқу бөлімінің меңгерушісі, Мәскеу консерваториясының бұрынғы педагогы Гита Балтер директор болып тағайындалды. 1944 жылы мектепке Крупская атындағы балалар үйі орналасқан бос ғимарат бөлінді. Бұл Сорокиннің әйгілі көпестер сарайы болды. Онда өлкетану мұражайы, қазір қор қоймасы және облыстық мұрағат болды. Өлкетану мұра-жайының ғимаратында мектеп 3-сыныпты қамтыды және тек 2 фортепиано болды. Сол кезең-дегі педагогикалық ұжым алты адамнан тұрды. 1950 жылы екі сынып бөлмесі біріктіріліп, 80 орынды шағын зал пайда болды. Музыка әуесқойлары оны қатты ұнатқаны соншалық, көп ұзамай оны кішкентай МКАТ деп атай бастады. 1949 жылдан бастап халық үшін музыкалық дәрісхана жұмыс істеді. Мұнда педагогтар мен музыкатанушылардың екінші буыны жұмыс істеді. Кейін 1959 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 60 оқушы контингенті бар музыкалық училищені ашу туралы үкіметтік қаулы шықты. Сол жылдың тамызында Павлодар облыстық еңбек депутаттары Кеңесінің Атқару комитетінің Павлодар музыкалық училищесіне Петр Чайковскийдің, ал музыкалық мектепке Құрманғазының атын беру туралы шешімі шықты. Павлодарда музыка училищесін ашу үшін үй-жай, білікті кадрлар мен студенттер саны, жақсы материалдық база, музыкалық аспаптар, жиһаз, ноталар қажет болды. Жыл сайын мектепті 60-тан астам оқушы бітірсе, олардың көбі музыка өнерін мамандығы ретінде таңдады. Орталықтың дамуында, оқу және шығармашылық үдерісті ұйымдастыруда үлкен рөл әрқашан оқу ісінің меңгерушілеріне тиесілі болды. Әр жылдары бұл қызметте Алексей Перерва, Ирина Осипян, Нелли Брехт, Татьяна Лущенкова, Елена Леваева, Евгения Прокопенко, Алтынай Акимханова, Қуаныш Ермекбаев, Нұрлан Қайшанов секілді азаматтар еңбек етті. Құрманғазы атындағы музыкалық мектептің бірегейлігі оның жасында ғана емес. Сонымен қатар, оның Павлодар облысында музыкалық орта құруда және музыкалық білім беруді дамытуда атқарған рөлі зор.

Евгения ПРОКОПЕНКО,

Құрманғазы атындағы музыкалық мектептің әдіскері.