OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Ғалия Құсайынқызы — облыс көлемінде ғана емес, республикаға есімі белгілі журналист, ұлтжанды күрескер тұлға. Қазақстанның Құрметті журналисі,  Құрмет» орденінің иегері, Павлодар облысының және Железин ауданының Құрметті азаматы. Оның өңірдегі радионы сақтап қалудағы еңбегі, қазақ тілді білім беру мекемелерін көптеп ашудағы табанды мінезін жұртшылық жақсы біледі. Бүгінде облыстық «Hаlyq rаdiosy»-ның 85 жылдық мерейтойына орай Ғалия Құсайынқызымен сұхбаттасуды жөн көрдік.

— Ғалия Құсайынқызы, жаңадан келген нарықтық кезеңде облыстық радионың жағдайы күрделі қалыпқа жеткені белгілі. Осы орайда, Сізді облыстың бас жаршысын тығырықтан алып шыққан қайраткер адам ретінде танимыз. Бұл оқиға қалай өрбіп еді?

— Иә, Нұрболжан, рас айтасың. Бұл бір күрделі кезең еді ғой. 2001 жылы Павлодар облыстық радиосына сол кездегі облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен директор болып тағайындалдым. Ол кезде республиканың барлық өңірінде облыстық радиолардың халі мүшкіл еді.  Республика бойынша облыстардағы телеарналар ғана Қазақстан телекорпорациясының құрамында қалған болатын. Содан облыстық радиолар лицензиясынан айрылып әрі бұрынғы сыммен жүретін радионың  құрал-жабдықтары істен шығып, қаражаттың жоғынан жер-жердегі  радиолар жабылып қалды. Облыстағы әкімдердің бұнымен шаруасы да болған жоқ. Сол жылдары радионы Павлодар облыстық телевидениесінің директоры Марат Ибраев екі-үш адамға 3-4 мың теңге жалақы төлеп, біраз уақыт ұстап тұрады. Міне, сол кезде  Павлодар облысының әкімі Ғалымжан Жақиянов облыстық радионы «Павлодартелерадио» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны етіп құрып,  атын өзгертіп,  радионы заңсыз жиіліксіз (частотасыз)  әрі  лицензиясыз ұстап тұрады. Себебі, әкімнің ол кезде жекеменшік телеарнасы бар екен, соны ұстап тұру үшін әкімшіліктен түскен қаржы әкімнің телеарнасының жабдықтарына жұмсалып отырған көрінеді. Мен Ғалымжан Жақиянов кетіп, облыс әкімі Даниал Ахметов келген кезде облыстық радиоға бастық болып келдім. Радионы қабылдап алып жатқан кезде балансында 6000000 теңгенің  телеаппаратурасы (ол кезде 6 миллион теңге қыруар ақша) бар деп көрсетілгенмен, радиода бұл аппаратуралар жоқ болып шықты. Содан  телеаппаратураларды сотпен облыстық радиоға қайтардық та, сол кездегі «Дидар» облыстық телевидениесінің үйін жалдап отырғандықтан соның арендасына жаңағы аппаратураларымызды бердік. Ал Жақияновтың жеке меншік телевидениесін олигарх Александр Машкевич сатып алды. Бүгінде ол «Ирбис» телеканалы деп аталады. Ол кезде радионың халі мүшкіл, кассасында көк тиыны да болмады.  Радиоаппаратуралардың тозығы жеткен, күнде істен шығады. Ескі бір волгасы бар, оның өзі несиеге алынған екен. Ай сайын оны төлеу керек. Еңбекақы төлеуге қаржы жоқ,  жаным қатты қиналды. Облыстық радионың хабарларын сым арқылы эфирге таратып жүрген қалалық Радиосервистің бастығы Анатолий Колотов, ол күнде ақшасын сұрап келеді. Оған қоса облыстық ақпараттандыру  және байланыс мемлекеттік мекемесінің директоры Юрий Семенович Волков  радиохабар тарататын лицензиямыздың жоқ екенін айтып  эфирді тоқтатыңдар деп мазамызды алады. Республикадан да «эфирді тоқтатыңдар» деген хат келіп жатты. Сөйтіп, Павлодар облыстық радиосын қалай сақтап қаламын деп қатты ойландым.

— Бұл уақытта радионың қызметкерлер құрамы қан- дай еді? Радионың дербес қызмет етуіне мамандармен  қамтылуы да аса қажет емес пе?

— Облыстық радионы қабылдап алғанда ұжымда бар-жоғы оннан астам адам бар болатын. Аға редактор Сәлімбай Ермұратов, редакторлар Динара Құсманова, Альбина Федосеева, Сағындық Оразалин, дыбыс режиссерлерінен Вера Сидько, Әлия Нұрмағанбетова, дикторлар Қарлығаш Қасиетова, Алексей Светашев, радиотехник Александр Поддубный, бас бухгалтер мен менеджердің штаты болды.  Аға редактордың айлығы 8 мың, қалғандары 6 мың теңгеден 3500 теңгедей  айлық алады екен. Мұндай айлықпен олардан қандай жұмыс талап етесің? Журналист дипломымен істеп жатқан тек Сәлімбай Ермұратов қана. Келісімен техниканы толықтырамын, шаруашылықты жөндеймін деп бір жүгірсем, шығармашылық жағын қалай ретке келтіремін деп бір шырылдадым. Бағдарламаларды, хабарлардың тақырыбын өзгертіп, мазмұнына көңіл бөлуді қатты қадағаладым. Тіпті өзім де хабар жасап, басқаларды үйреттім. Мен Астанадан келіп, радионы қабылдап алғанымда радио- техникалық, радиобайланыстың қызметін жетік білетін маманның жоқтығын көрдім. Ескі аппаратураларды қарап жүрген бұрыннан келе жатқан аты техник, қолында дипломы жоқ, әйтеуір ескі аппаратураларды түсінетін техник-оператор Александр Поддубный  болды. Бұл кісі — бұрыннан келе жатқан кадр. Ал FM жиілігіне шықсақ, бүгінгі заман талабына сай цифрлы автоматты техниканы түсінбейді, компьютерді мүлде білмейтін адам. Ол осы кемшілігін біледі. Әрине қызметтен шығарып жібере ме деген қорқыныш та бар. Жұмыс істеп жүріп аузы арақтан босамайды. Өзінің керекті адам екенін білдірту үшін ол таңғы эфир өткеннен кейін аппаратуралардың бір бөлшегін қасақана сөндіріп тастайды да, келесі эфир уақыты болғанша соны жөндеген болып жүреді. Оның бұл әрекеті бәрімізді мезі етті.  Хабарға жазылуға келген адамдар студияның, кабинеттердің тозығы жетіп  тұрғанын көріп бір құлазыса, студияның, монтаж бөлмесінің қабырғаларында жабысып тұрған жұмыртқа салатын қораптарды көріп мен бір түңілемін. Қаншама бастықтардан, кәсіпкерлерден көмек сұрап, алақан жайдым. Қайткенде де осы радионың студиясын күрделі жөндеуден өткізсем деп. Мәдени ошақтың, мәдени орданың бірі – радио мен телевидение, іші неге жарқырап, нұрын шашып тұрмасқа! Біздің өзіміздің жеке үйіміз жоқ, облыстық телевидениенің бірінші қабатын келісімшартпен жалға алып отырмыз. Телевидениені басқарып отырған Марат Ибраевпен әйтеуір тіл табысып, бір шаңырақтың астында тату-тәтті жұмыс жасадық. Бір кездегі өзімнің шәкіртім ғой, мен қандай сұрақпен барсам да ол көмектесіп отырды. Дегенмен, ойлаған ойымды жүзеге асырдық. Демеуші тауып, радиоға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, студияға, кабинеттерге су жаңа жиһаз алдық. Бұл жұмыста менеджер Динара Құсманованың  үлесі өте зор.

— Радионың қоры бай ма еді? Ол кездегі құрал-жабдықтар- дың мүмкіншілігі қандай болды?

— Тағы бір қиындық, Павлодар радиосында хабар жазатын пленка қалмаған, тіпті баяғыда  өзім Алматыдан жазып әкелген алтын қорды өшіріп тастап, соған күнделікті хабарларды жаза берген. Пленканы қайдан аларын ол кезде бастықсымақтар білсе де, басын ауыртпаған. 2003 жылдың қыркүйегіне дейін хабар дайындайтын ленталы пленканы келісіп отырып, тегін Астанадан тасыдым. Бұндай пленка бұрын тек Ресейден әкелінетін. Кеңес үкіметі құрығасын ол пленкалар еш жерде шығарылмайтын болды. Ал Ресейдің радиолары  ҒМ-ге шығып, жаңа заманауи техникаға көшіп жатқан кез. Концерттік әндерден басқа, алтын қор мүлде құрып кетіпті. Содан Қазақ радиосындағы өзімнің алтын қордағы хабарларымды көшіріп әкелдім. Мерзімі 25-30 жылдан асып кеткен «Дидар» облыстық телекомпаниясының жалға алған радио аппаратураларының тозығы жетіп, істен шыққан екен. Алғашқы кезде жаяулап-жалпылап Астанадан, Алматыдан алтын қор жинадым. Командировка алуға, пленкаларды көшіруге артық қаражатымыз да жоқ. Жылдар бойы қордаланып қалған әртүрлі төлемдер, бюджетке төленбеген салық бар, еңсемді қатты түсірді. Содан демеушілер іздей бастадым. Екібастұз қаласы Ертіс, Железинка, Қашыр аудандарының әкімдерімен келісіп, аудандардың жетістігі жайлы және облыстық Мәдениет департаментінің директоры Айым Канафина, «Шаңырақ» мәдени орталығының директоры Ермұрат Тілегеновтермен келісімшартқа тұрып, радиохабарлар дайындап, жарнама беріп, олардан  біраз қаржылай көмек алдық. Қолым қалт етсе, радионың шаруашылық жұмысымен және радионың шығармашылық бағдарламасымен айналысамын.

— Ол кезде эфирден қандай ақпараттық, танымдық хабарлар беріліп тұратын еді?

— «Кеше, бүгін, ертең» деген сөздермен басталып, облыстағы күнделікті өтіп жатқан мазмұнды да мағыналы істер мен шаралар жайында сапалы әрі жедел ақпараттарды дайындап отырған  Сәлімбай Ермұратовтың басшылығымен талай жұмыстар атқарылды. Ол жаңалықтардың сапасы мен мазмұнына әрі жеделдігіне баса назар аударатын.  Сондай-ақ облыс жаңалық-тарынан басқа облыс әкімінің жүргізіп отырған жұмыстарын «Облыстық әкімшілікте», «Апта тынысы», «Бүгінгі күн тақырыбы» хабарларында кеңірек берілді. Бұл орайда Махаббат Кәмесхан, Шынар Мәденова, Әсемгүл Сүйіндіковалар шығармашылық әріптестікпен жақсы қызмет көрсетті. Музыкамен хабарды көркемдеу, әрлеу, дыбысын қадағалау, артық дыбыстар мен сөздерді, сөйлемдерді алып тастап, белгілі тақырыбына байланысты ән салып, музыкамен әрлеу – режиссердің  жұмысы. Осындай шығармашылық топты басқарған Бас режиссер Алтын Омарованың жұмысын ерекше атап өтер едім. Өте білімді, білгір әрі хабардың ішкі мән-мағынасын түсініп, соны дөп басатын. Сол сияқты режиссер Вера Сидько мен Әлия Нұрмағанбетовалардың  да жұмыстарын айтуға болады. Олар – 30-35 жылдан астам тапжылмай еңбек етіп келе жатқан кәсіби мамандар. Жұмыста бір күн жоқ болса, олардың орны ойсырап тұратын. Радиода хабардың құлаққа жағымды әрі қонымды естілуі бағдарламаны жүргізушіге де байланысты. Бұл орайда  журналистер Әсел Мұқатова мен Раушан Сыбанжанова басқаларынан ерекше болды. Олардың қазақ тіліндегі жасаған хабарлары тақырып жағынан мазмұнды әрі ауқымды болатын. Әселдің ерекшелігі кез келген тақырыппен тікелей эфирге шыға беретін. Ал Раушан Сыбанжанованың дауысы мен хабарды жүргізу мәнері тыңдармандарының көңілінен шығып отыратын. Бүгінде Раушан Сыбанжанова басшы болып, менің қызметімді жалғастырып отыр.

Орыс хабарларын дайындайтын Гүлайым Тасованың да жүргізу мәнері ғажап. Оның ұйымдастырып жүрген жоғалған бауырлары мен туыстарын іздестіріп, оларды табыстырып отырған «Қайдасың?» радиохабары өзектілігімен құнды бағдарлама екенін айтып кетуіме болады. Бүгінгі ұрпақ — Қазақстанның болашағы. Ендеше оларды елін, Отанын сүйе білетін патриот етіп тәрбиелеу — радионың  үлесінде деп радиода сол кезде балалар хабарын ұйымдастыруды қолға алдым. Өзіміздің қызметкерлеріміз Алтын Омарова мен Әлия Нұрмағанбетованың қыздары Аида мен Дәмелі радиоға жиі келіп жүрді. Соларды балалар хабарын жүргізуге тарттық. Аида сонда 5-сыныпта оқыса, Дәмелі бар-жоғы үш жаста еді. Кейін анасы Алтын Омарова екеуі дайындаған «Изучаем казахский язык», «Ақ бота», «Балдай тәтті балдырған», хабарлары тыңдармандардың сүйікті хабарларына айналды. Ал Аида Нұрмағанбетованың «Қайырлы таң», «Қазақ тілін үйренейік», «Парк информационного периода» бағдарламалары мектеп оқушыларының тағатсыздана тыңдайтын хабарлары болды.

— Сонымен, Сіз келген соң жайлап радиохабарлар таратуды заманға сай озық технологиямен қамтуды көздедіңіз. Бұл бастама қалай іске асты?

— Сол кезде бір ғана жол, алдымен радиохабар тарататын  лицензияны алып, радионы ҒМ жиілігіне шығару, оған қоса  арнайы аппаратуралар алып, радионы спутникке қосу  мақсаты тұрды. Әрине, ол үшін қыруар қаражат қажет әрі Ақпарат министрлігінің бірнеше тендерлері мен конкурстарынан өту керек. ҒМ-ге шығу барысы жайында сол кездегі Казтелекомның облыс бойынша басшысы, кейін сенатор болған Асхат Күзековтен сұрап, жолын біліп алдым да, облыс әкімі Даниал Ахметовтің қабылдауына сұрандым.  Облыс әкімі сөзге келген жоқ, қабылдады. «Қиын жағдай екенін білемін, қаражат жоқ. Дегенмен келген шаруамды айтайын» дедім. Қазіргі таңда Қазақстан телевидениесі мен облыстық телеарнасын Павлодар өңірі, әсіресе солтүстік аудандар көре алмай отыр. Ал ауылдағы оқырмандар облыстық  «Сарыарқа самалы» газетін ақшаларының жоқтығынан барлығы бірдей жаздырып ала алмайды.  Сонда облыс тұрғындары өңіріміздегі, Қазақстандағы жаңалықтарды білмей, ел Президентінің сая-сатын тыңдамай, Үкіметтің, облыс әкімдігінің атқарып жатқан жұмыстарын естімей, барлық ақпараттан қараң болып отыра ма дедім. Сол үшін ҒМ радиосын ашып, халық үшін өте арзанға түсетін облыстық радионы орнына келтіруіміз керек дедім. Облыс әкімі Даниал Ахметов мені тыңдап отырып, «ойланайын» деді. Бір-екі жұма өткеннен кейін облыс әкіміне тағы келдім. Тағы мазасын алдым. Дәлелдер айттым. Американың Президенті  интервьюді алдымен радионың журналистеріне беретінін айттым. «Радио — ең оперативті ақпарат құралы» деп, әрі ҒМ радиосын кез келген жерден тыңдауға болатынын жеткіздім. Үйде болсаң да, автокөлікте кетіп бара жатсаң да, өзен жиегінде балық аулап отырсаңда радио тыңдай аласың.  Тамаша ән-күй мен музыканы, тіпті әртүрлі тақырыптағы хабарларды тыңдауға болады деп мысалдар келтірдім. Қадалған жерімнен тайқымай, алдынан кетпей отырып алдым. Даниал Ахметов мені тыңдап ойлана отырып, облыс депутаттарының алдында бұл мәселені көтерейін деді. Бірер күннен кейін әкім ұялы телефоныма қоңырау шалып, «Ғалеке, облыстық сессияда депутаттар қолдады, резервтегі бар ақшаны Облыстық радиоға жіберетін болдық» дегенде қатты қуандым. Содан радионың лицензиясы мен  техникалық даму бағдарламасы және жиілік алу мен ҒМ-ге шығу үшін құжаттар дайындай бастадық. Алдымен радиоға  бас инженер мен бас бухгалтер  алу керек болатын, штат қосқызып, осы жұмысты реттедім.  ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне барып мән-жайды білдім. Қандай құжаттар керек екенін жазып алдым. Содан Бас инженер Әлімжан Жүсіпов пен Айжан Раисова қажетті құжаттарды дайындауға кірісті. Біраз уақыттан кейін 2003 жылы министрлік радиожиілікке конкурс жариялады. Біздің құжаттар бұл кезде дайын еді,  ҒМ жиілігін ұтып алу үшін Астанаға жол тарттым.  Конкурсқа 7 адам қатысты. Комиссия құжаттарымызды дұрыс деп қабылдады. Ішімнен тынып, толқыныс үстіндемін. Ол жүйкеме қатты әсер етті. Қызығы сол, конкурста біз ұттық. Сөйтсек,  Даниал Ахметов тендер комиссиясының председателіне телефон шалып, «Павлодар радиосы өз территориясындағы жиілікті өзі  ұтса дұрыс болар еді» деп өтініш жасаған екен. Шын мәнісінде, құжаттарымызда еш мін, қате болған жоқ, қиындықсыз тендерді жеңіп алдық. Осылайша жеңіспен Павлодарға оралдым. Іле облыстық әкімдікте Даниал Ахметовтің басшылығымен шағын жиын өтті. Қатысқандардың арасында облыс әкімінің орынбасары Александр Вербняк, қаржы жағын басқаратын әкімнің орынбасары Бәкір Демеуов, радионы сол кезде тікелей қаржыландырып отырған Павлодар облыстық жолаушылар және автокөлік транспорты департаментінің басшысы Владимир Постниковтер болды. Радиохабарларын таратуға негізінен қыруар  қаржы керек екені анықталды. Радиохабарларын эфирге шығаруда қызмет көрсететін оператор компаниялар — «Кателко» мен «Казтелерадиоға» айына 3 миллион теңгеге жуық қаржы төлейтін болдық. Жылына 36 миллион теңге, ол кезде қыруар ақша. Ал радиоқызметкерлерге еңбекақыны конкурстарға, тендерлерге қатысып табатын болдым. Тендерді ұтып алу үшін хабар-ларымыздың сапасы мен құжат-тарымыздың дұрыстығын тексеріп, сапалы әрі тиімді жұмыс атқаруды  назарымызда ұстап Павлодарда, тіпті Астанада өтетін тендерлерді «аңдып» отырдым. Сөйтіп таңғы жетіден түнгі сағат 12-ге дейін хабар тарататын болдық. Содан бір жылдан кейін 2004 жылы  облыстың аудандарына, ал 2005 жылы  облыстың барлық елді мекендері мен ауылдарына қызмет көрсету бойынша жарияланған  тендерді жеңіп алдық, бұл жолы өзіміздің күшімізбен алдық Жалпы, радионың барлық өңірімізге толыққанды жұмыс істеуі үшін 2003-2004-2005 жылдарға арнап үш кезең бойынша Облыстық радиохабарларының техникалық даму бағдарламасын жасадық. Ол өңірдің барлық аудандары мен 43 шағын елді мекендерді радиоландыру бағдарламасы болатын. Нәтижесінде облыстың барлық аудандары радио хабарларды тыңдау мүмкіндігін алды. Ай сайын Астананың Қазақстан Республикасы Ақпарат министрлігіндегі хабарлар дайындау конкурсына қатысып, радио қызметкерлерінің еңбекақысына қосымша премия болсын деп зыр жүгірдім. Кез келген тақырыптағы конкурстарды жеңіп алып, журналистер мен радио қызметкерлерінің материалдық жағдайын жақсартуға атсалыстым. Күн-түн демей  менеджер Динара Құсманова екеуміз облыстың аудандарына барып, радиоға демеуші іздедік. Сол жылдары радиоқызметкерлеріміз  екі есе еңбекақы алатын. Әрине, бұл орайда Республикада өтіп жатқан конкурс-тендерлерге қатысып, жеңіске жету керек. Мен кеткесін бұл жұмыс тоқтап қалған.

— Бүгінде Сіздің қолтаң-баңыз қалған шығармашылық ұжымның әлеуеті облыс тұрғындарына  танылып  отыр. Яғни, еңбегіңіз ешк етпей әрі қарай жалғасын табуда…

— Облыстық радио сол жылдары өңірдің тыңдармандарына жедел жаңалықтар беретін ақпарат құралдарының бірегейі болды. Бірте-бірте радионың кадрлар мәселесін шешіп, алты адамнан 38 қызметкері бар радио ұжымға айналдырдым. Бұрынғы диктор Лариса Гуликова жұмыссыз қалып, облыстық телеарнаның вахтасында отыр екен, соны радиоға алдым. Ол қалай қуанды десеңізші. Телевидение мен радиода дыбыс режиссері болған кәсіби маман Алтын Омарова ауылда екен, оны да қызметке алдырдым. Журналист деген дипломдары жоқ Альбина Федосеева, Динара Құсмановаларды радионың тапқан жарнамасымен сырттай Торайғыров атындағы университеттің журналистика факультетіне ақылы оқытып, қаржы жағынан көмектестім.  Компьютер курсына Сарымова Арманды радионың атынан ақылы оқу курсына жібердім. Моңғолиядан келген бауырларымызды дипломы бар, қазақ тілін жетік білетін әдебиет факультетін бітірген, бүгінде Бас редактордың орынбасары  Бекболат Сауырбай,  қазірде «Атамекен» телеканалының тілшісі Есенбек Санат пен жаңалықтар бағдарламасының редакторы Махаббат Кәмесхандарды бірден қызметке алдым. Екібастұздағы аудандық газетте редактордың орынбасары болған Дәмет Қарашашеваны радиоға шақырттым. Павлодар облыстық Торайғыров атындағы университеттің журналис-тика факультетінде оқып жүрген Әсел Мұқатова, Гүлсім Кобжанова,  Әлия Әлмұхаметова, Жанар Омарова мен Александр Вервекин, Дәурен Қайыркелдиндердің алғашқы журналистік қызметтері бізден басталған еді.  Бүгінде шебер журналист  Әсел Мұқатова ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты «Сақшы» газетінде журналист, Әлия  Әлмұхаметова Евразия телеарнасында қызмет атқарады.  Мен қызмет атқарған жылдары кадр мәселесіне, журналистердің шебер-лігіне, ұжымның еңбекақысын көтеруге, хабарларға қаламақы төлеуге қатты көңіл бөлдім. Ұжымымыз өте ұйымшыл болды, негізгі кадрлар осы күнге дейін «Hаlyq radiosy»-нда қызмет жасайды. Халық деген сөзден шығады, сол жылдары облыс әкімдігінде қызмет жасаған бір адам бүгінде өмірде жоқ облыстық  радионы жекешелендірейік, 50 пайызы саған, 50 пайызы маған деп ұсыныс жасады. Мен келіспедім. «Бұл — халықтың радиосы, «саған да жоқ, маған да жоқ» дедім. Міне, содан бері талай жыл өтті. Әкімдер келген сайын облыстық радионың техникалық шығындары мен радио таратуға төлейтін қаражат жолдарын таппай қиналады. Осы күнге дейін зейнетте жүрсем де облыстық радионың қазақ тіліндегі хабарларының саны азайса алаң-даймын. Бұл, әрине, менің туған радиома деген сүйіспеншіліктен туып отыр.

— Бүгінде кері бұрылып қарасаңыз, радионы өркен-детуде атқарған өз ісіңізге көңіліңіз тола ма?

— Өзімді емес, өзгені ойлап, біреулерге жексұрын болсам, біреулерге пана болдым. Бүгінде осы өткен өмірім мағыналы екен деп ойлаймын. Иә, өмірдің мәні қарапайым адам бола білуде. Үлкенмен үлкенше, кішімен балаша сөйлесіп өмір кешу керек. Ешқашан да мен бастықпын деп кеуде қаққан жоқпын. Өмірімнің әрбір сәтінен ләззат алып, алға ұмтылдым. Қарапайым болуға тырыстым. Өмір әр адам үшін әртүрлі жолды меңзейді. Бұралаңдары да көп. Содан тура жүріп өтсең ғана өміріңе риза болады екенсің. Бүгінде мен осыны сезініп отырмын.

— Әңгімеңізге рахмет! Өзіңізге зор денсаулық, радиомызға шығармашылық табыс тілейміз!

 

Сұхбаттасқан — Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.