«Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығы – өнер айдынына дүлдүл өнерпаздарды танытқан рухани орда. Биыл аталмыш орданың құрылғанына – 20 жыл. Өнер ордасында өз ісіне берілген адамдар жұмыс істейді.

Орталықтың іргетасы қаланғалы бері осында еңбек етіп келе жатқан костюм цехының меңгерушісі Екатерина Ананьеваның айтуынша, көпшілік ұлттық киімге қызығушылық танытқаннан кейін ол костюм тігумен айналысқан.

– Қазақ ұлттық костюмі – бұл әншейін киім ғана емес, әр түрлі дәуірлер мен ұрпақтардың дәстүрлері тоғысқан, көшпелі халықтың қиялының барлық қырлары бейнеленген өнер түрі. Кез келген сахна киіміне асқан күтіммен қарап, оған бас-көз болу маған ерекше терапия береді. Қазір біздің заманымызда қазақ костюмі өзгерді. Әйтсе де, бағзы заманның элементтері көрсетілген. Онда ою-өрнек, жүн, былғары, бисер, әшекей тастармен тігу, алтын мен күміспен әрлеу баршылық. Өнер – ол толассыз таланттар мен еңбектердің тоғысқан жүйесі. Сол себептен болар, мұнда түрлі дизайндағы сахналық киімдер тігіледі, – дейді ол. Шебердің сөзінше, олар костюмді тек тапсырыс беру, қолдану кезінде жөндеп, қалпына келтіреді. Киімдегі фурнитураны ауыстырып, қауырсынды костюмдерге толығымен күтім жасап, үтіктеумен шұғылданады.

– Концерттік шара кезінде қажетті костюмдерді дайындау – біздің қолымызда. Сахна киімдерін түгендеп, өнер көрсететін балалар мен солистерді киіндіреміз. Сахналық киімдер есепке алынып, костюмдердің ешқайда жоғалмауын қадағалаймыз. Айта кетер жайт, отыз жыл бұрын костюмдердің ассортименті әлдеқайда аз болған. Ал бүгінде таңдау көп. Әр түрлі модельдер бар, яғни уақыт үрдісі қазіргі заманғы стильді, костюм дизайнын қажет етеді. Әсіресе этнокостюмдер танымал, – дейді ол. Костюмдер шеберханасында жұмыс істеу үшін тігінші өз мамандығын жақсы көруі керек. Өйткені, бұл – көз майын тауысып істейтін жұмыс. Сахна киімін дайындау үшін қажырлы еңбек қажет. Тігінші костюмді дайындау кезінде жеке тұлғаның түрін, адамның түр-түсін, іс-шараның тақырыбын және өзге факторларды ескереді. «Шаңырақ» орталығында қала мен облыс бойынша костюмдердің үлкен материалдық базасы бар. Олардың саны 7000-нан асады. Олардың қатарына сахналық, би, солистердің, әртістердің костюмдері, қосымша костюмдер, сахна киімдері, реквизиттер, жаңажылдық кейіпкерлердің образдары және т.б. жатады. Екатерина Николаевна жұмысының мақсат-міндеттерін атап өтіп, ерекшеліктеріне тоқталды.

– Жылдар бойы жиналған тәжірибем жайлы айтар болсам, мұнда заманға сай болуды атап өтер едім. Әрине, костюмерлік жұмыс әуелде көрінгендей қарапайым емес. Ерекше адамдармен кездесу, сән және өнер әлемімен байланыста болу әрдайым жаңа нәрсені үйренуге және дамуға деген ұмтылысты қажет етеді. Бастысы – зейін, шыдамдылық, интеллект. «Шаңырақ» – үлкен отбасы. Көрінбейтін майданның жауынгері ретінде, сахнаға шыққан суретші тек рөл туралы ойланып, сахнада жарқырап тұруы үшін сахна артында қолайлы жағдай жасауды ойлаймын, – дейді костюм цехының меңгерушісі. Осындай өз ісін шексіз сүйген кәсіби мамандар арқасында өңіріміздің өнер саласы өркендей бермек.

А.ДУМАНҚЫЗЫ.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.