Домбыра — ғасырлар бойы қазақ халқының айнымас серігіне айналған аспап. Оның пайда болуы мен шығу тегі жайлы даулы мәселелер де аз емес. Бірақ бүгінгі күні домбыра өзінің мәнін сақтап, ұлтымыздың, халқымыздың құндылығына, киесіне айналып отыр. Әсіресе, ерекше қоңыр дауысымен ерекшеленетін Романенко домбырасын атап өтуге болады.
Жалпы, Эммануэль Романенко деген кім? Осыған тоқталып өтейік. Э.Романенко — өз заманының көрнекті қазақстандық музыкалық аспаптар шеберінің бірі. Ол ұлы домбыра мен қобызды жетілдіруге зор үлес қосты.
Домбыраның ғылыми негізде реформаға түсуі Ахмет Жұбановтың кезінде болды. Академик Ахмет Жұбанов 1936 жылы қазақ ұлттық оркестрін құру кезінде музыкалық аспаптарды оркестрге үндестілікті лайықтау үшін Ресейден аспап жасайтын Романенко сынды шеберлерді шақыртып жасатқан. Шетел шығармаларын ойнау үшін Әл-Фараби жасаған 9 пернелік Қыпшақ домбыра аспабына орыстың балалайкасының пернесін лайықтап түсірген (аралығы 0,5 тоннан). Ішегіне малдың ішегінен емес, балық ұстайтын 07 «лескасын» таққан. 1936 жылы Москвада Қазақ ССР-ның мәдени онкүндігі өткен кезде И.Сталиннің қатысуымен Үлкен театрда қазақ – ұлт аспаптар оркестрі, қазіргі Құрманғазы атындағы мемлекеттік оркестр өнер көрсетті, дирижері академик А.Қ.Жұбанов еді. Сол жылдан бері қазақтың аспабы орыстың сөзімен домра – ішегі балық ұстайтын «07 лескасы» болып қалып кетті.
Бұған дейін орыс халқының ұлт аспаптар оркестрін жасақтауға қатысып, ондағы халықтардың ұлттық аспаптарын еуропалық стандартқа икемдеу арқылы аттары шыққан ағайынды шеберлер қазақтың қара домбырасы мен қылқобызының да біршама өзгеріске ұшырауына әсер етті.
Бұл істің басы-қасында Ахмет Жұбановтың өзі болғанын айттық. Одан бөлек, Қамар Қасымов сияқты майталман маман аспаптың төл қасиетінен мүлде ажырамауын қадағалап отырған.
Күйші Таласбек Әсемқұловтың күйші Қаршыға Ахмедиярұлынан алған сұхбатында қазақ күйінің Қаршығасы ағайынды Романенколардың қолынан шыққан таңдаулы аспаптарды сынақтап өткізіп тұрғанын айтады.
— Кезінде консерваторияның жанынан ашылған экспери-менталдық шеберхана жақсы бағыт алған еді. Әйгілі шебер Эммануэль Романенко домбыра жасайтын, белгілі композитор Бақытжан Байқадамовтың ғылыми кеңесшісі болатын. Мен шеберханада иллюстратор, яғни аспапта ойнап, сын айтатын маман болып жұмыс істедім. Мақтанғаным емес, осы күні тартылып жүрген сайдың тасындай аз, жақсы аспаптар менен жолдама алып аттанған еді. Қазір ол шеберхананың жұмысы әлсіреді. О баста қазақ аспаптарын зерттеудің орталығына айнала ма деген үмітпен ашылған еді ғой, — деген Қ.Ахмедиярұлы.
Бұрын домбыраның ерекше-ліктері мен формалары өңірлер бойынша ерекшеленіп, ортақ стандарты болмаған. Дәстүрлі түрде зерттеушілер домбыраның негізгі екі түрін және онда ойнайтын мектепті — Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан ойындарын бөліп көрсетеді. Өйткені бұл өңірлерде вокалдық дәстүрлер өте бай болды. Батыс Қазақстан домбырасы қазіргі уақытта кең тараған.
Белгілі қолөнер шебері Жолаушы Тұрдығұловтың айтуынша, Э.Романенконың домбыраға «леска» тағуы алғашқы кезде қазаққа керемет жаңалық болып көрінгенмен, екінші жағынан киелі аспаптың қоңыр үнін жоғалтып алған жайымыз бар дейді.
— Енді оны жасайтын қазір адам қалмады. Төл аспаптарына отандық ішегі жоқ және оны өзі жасап шығара алмай отырған жалғыз халық біз екенбіз. Алатаудың арғы бетіндегі айыр қалпақ қырғыз ағайынның өзі қомузына «лесканы» тақпайтын сыңайлы. Олар Қытайдан жібек алдыртып, иіріп, өңдеп барып қана пайдаланатын көрінеді. Мінеки, төл өнерге деген жанашырлық. Түбі түркінің кіндігінен 40-тан астам нәсіл тараса, солардың ішінде ішексіз отырған біздің домбырашылардың осыншалық қорлық көретіндей басына не күн туды? Және мұны үлкен кемшілік, орны толмас олқылық санап жүрген жанды көрмейтініміз тағы бар-ау. Бұл – қазақы үннің түп-тамырынан ажырап қалумен тең жағдай, — дейді ол.
Бүгінде өңірімізде Романенко домбырасын табу қиынның қиыны. Десе де, аймағымызға белгілі батагөй ақсақал, мәдениет қайраткері Балтабай Сыздықовтың үйінде аталмыш шебердің қолынан тапсырыспен шыққан домбыра сақтаулы. Ардагер облыста мұндай домбыра «тек менде ғана» бар дейді. Оқиға былай өрбіген.
— 1968 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының 4-курсында оқимын. Сол жылы республикада студенттер мен жастар арасында фестиваль өтті. Біздің оқу орнынан қатысқан көркемөнерпаз ұжымы және ұлт аспаптар оркестрі 1-орынды иеленді. Солардың құрамында мен де болып, жеке домбырада Құрманғазының екі күйін орындадым. Кейін осы институттың 24 студентінен топ құрылып, Поляк халқы Республикасында өтетін «Қазақстандағы мәдениет күндері» атты байқауға жолдама алдық. Байқауға қатысу үшін маған сапалы домбыра қажет болды. Ол кезде қазақ ұлттық оркестріне арнайы музыкалық аспаптар жасайтын шеберхана болған еді. Сол шеберханада консерватория студенттеріне ғана жасайды. Өзім бір танысым арқылы осы кездегі ең жақсы домбыралардың бірі – Романенко домбырасына тапсырыс бердім. Бағасы да қымбат болды. 1964 жылы 24 студент Поляк халық Республикасына бардық. Аталмыш елдің тұрғындары домбыраға таң қалып, ерекше қызығушылық танытты. Бұл домбыра – жанымның жан серігі. Әлі күнге дейін қаз қалпында сақтап келемін, — дейді Б.Сыздықов.
Әрине, мұндай жәдігердің сақталуы облыс үшін үлкен абырой. Осы орайда Мәдениет қайраткері Балтайбай Сәкенұлына айтар алғысымыз шексіз. Бұл, шын мәнінде — үлкен олжа. Сондықтан оны сақтау ісі ерекше мәнге ие.
А.БОРАНБАЕВА.