Павлодар қалалық «Жас дарын» лицейінде мектеп оқушылары арасында «Ел қамын жеген Едіге би» атты облыстық оқулар өтті. Байқау 4 жыл қатарынан өткізіліп келеді.

Аталмыш байқау «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлы Даланың ұлы есімдері» жобасын жүзеге асыру мақсатында «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы мен «Кереку билер алқасы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Оған 3 қала және бірқатар ауданнан 7-11 сыныптың 30-дан астам оқушысы қатысты.

Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман аталмыш байқаудың өзге байқаулардан ерекшелегін атап өтті.

– Бұл байқау білім, мәдениет саласында өткізілетін бұрынғы дәстүрлі оқулардан ерекше. Өйткені мұнда тарих, шежіре және өлкедегі бір тұлға деңгейіндегі сол ғасырда өмір сүрген атақты тұлғалар қамтылады. Оқушылар 3 бағыт бойынша, яғни эссе, тест сұрақтары және зерттеу жұмысы бойынша  Едіге би жайлы өз білгендерін ортаға салады. Жыл сайын қатысушылардың саны артып келеді, – дейді М.Нұғыман.

Байқауға қазылық еткен қазылар алқасының мүшесі, жазушы, Торайғыров университетінің профессоры Серік Елікбай оқушылардың танымдық деңгейі өсуі үшін мұндай оқуларды жиі ұйымдастыру керек дейді.

– Қазақ халқы – о бастан тәуелсіз ел. Себебі, бұрынғы уақытта қазақ жұртын ұстап тұрған үш кісі болған. Олар – хан, би және батыр. Ал ел мен жұрттың арасын билер қосты. Солардың бірі – Едіге би. Аталмыш шара Едіге би секілді қазақ билерінің ел үшін атқарған игі істерін қазіргі жастарға, оқушыларға түсіндіру мақсатында өткізілді, – дейді С.Елікбай.

Зерттеу бағыты бойынша сынға түскен қалалық №25 орта мектептің 8-сынып оқушысы Жаннұр Нығмет Едіге би жайлы білген-түйгенімен бөлісті.

– Мен «Етегіне ел сыйған Едіби би» бағыты бойынша қатыстым. Мұнда ұлы тұлғаның шешендік сөздерін талдап, өз  жобамды қорғадым. Облыстық деңгейге өту оңай болмады. Алдағы уақытта облыстық кезең республикалық деңгейге дейін жетсе екен, – дейді Жаннұр.

Байқау қорытындысы бойынша эссе жазу аталымында 1-орынды Екібастұз қаласы №21 орта мектептің 9-сынып оқушысы Ділнәз Рамазанова, 2-орынды аталмыш шаһардың «Зерде» лицейінің 10-сынып оқушысы Арай Отарбаева және 3-орынды Павлодар қаласы музыкалық мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы Санжар Байболат иеленді.

Зерттеу жұмысы бойынша 1-орынға Ақтоғай ауданы Қ.Ыдырысов атындағы атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Ақбота Файзулла, 2-орынға Павлодар қаласы №25 орта мектептің 8-сынып оқушысы Жаннұр Нығмет ие болса, 3-орынды Екібастұз қаласы «Зерде» лицейінің 10-сынып оқушысы Алмира Оразаева қанжығалады. Ал тест бағытында 1-орынды Екібастұз қаласы №33 орта мектептің 8-сынып оқушысы Нұрай Игілік, 2-орынды Павлодар қалалық «Жас дарын» лицейінің 10-сынып оқушысы Әдия Қосбармақова, 3-орынды Алтынсарин атындағы гимназия интернатының 7-сынып оқушысы Әмина Хәмелбайқызы иеленді.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.