Астанадағы ұлттық академиялық кітапханада Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының қолдауымен шыққан кітапқа байланысты мәслихатты Сенат депутаты, белгілі журналист Нұртөре Жүсіп жүргізді.

Кітапты құрастырушы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шөбересі Абай Шарапиевтің айтуынша, жинаққа анық және дәл ақпараттар енген. «Себебі Мәшһүр атамыз туралы соңғы жылдары ел аузында ойдан шығарылған әңгімелер де жоқ емес. Сондықтан мәшһүртануда дәл және айқын, тек қана шынайы деректер айтылуға тиіс. Қазір атамның халық ауыз әдебиетінен жинаған тарихи мұралары насихатталып, шығармашылығы жан-жақты зерттеліп жатыр. Бірақ әулиелігі, батагөйлігі, емшілік қасиеттері толықтай танылып болған жоқ. Сол себептен мен екі мыңыншы жылдардан бастап атамды көзі көріп, батасын алған Жұқаш Кәрібайұлы ақсақалдың үйіне барып, әңгімелерді өз аузынан жазып алып жүрдім. Қазір ортамызда сол қадірлі қарияның қызы отыр. Осы кісіден кейін атамыздың шәкірті, атқосшысы болған Иманғали Мәненұлы ақсақалдың жазбаларын аударып, біразын баспаға жариялаған баянауылдық Төлепберген Алдаберген кирилл әрпімен жазылған біраз материалдарын маған әкеп тастап кетіп жүрді. Бас кезінде атамның жарық көрген томдарына кірген шығармалары шығар деп бұларға аса мән бере қоймап едім. Кейін өзім зейнет демалысына шыққаннан кейін бос уақытта оқып қарасам, арасында көп құнды да қызықты материалдар барына көзім жетіп, осы жинаққа кіргізіп отырмын. Сонымен бірге мұнда Мәшһүр атамыздың өмір жолы мен ерекше қасиеттерін көрген жоғарыдағы адамдардың естеліктері және қазіргі кезде болып жатқан тылсым оқиғалар енгізілді», деді әулиенің шөбересі. Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы Астанадағы Мәшһүр Жүсіп көшесінің небәрі 350 метр
екенін айтып, болашақта елорда төрінен бабаға даңғыл беру қарастырылып жатқанын және ескерткіші көтерілсе құба-құп болатынын жеткізді. Академик Ғарифолла Есім тұлғаның қазақ тарихындағы және руханиятындағы қайраткерлігін атап, мұраларын зерттеп, зерделеу жағына тоқталды. Кітапты шығаруға демеушілік еткен «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының төрағасы Исламбек Салжанов: «Алтын қыран» қоғамдық қоры Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шөбересі Абай Шарапиев ағамыздың кітабын басып шығаруға демеушілік етті. Бұл еңбек мәшһүр-тануға қомақты үлес қосып, оқырмандардың ықыласына ие болады деген үміттеміз. Ұлы бабамыздың бай рухани және ғылыми мұрасы ел ішіне кеңінен таралып, қоғамдық-саяси және ғылыми қызметі тереңірек зерттелуі қажет. Сондықтан да бұл мәшһүртанудағы жаңа міндет, жаңа кезең болуға тиіс», деп қосты. Іс-шара тізгінін ұстаған Нұртөре Жүсіп басқа да сөйлеген тұлғалар әулиенің діни және рухани салаға қосқан үлесін, ғылыми және этнографиялық еңбектерін, ұлттық болмысты дамыту, кәсіп игеру туралы ойларын терең қозғап, пікір айтты. Мәшекеңнің 1907 жылы шыққан «Сарыарқа кімдікі?» атты кітабында патша үкіметінің қазақ жерін отарлауы туралы жазылады. Қазан қаласында бұл кітапты басып шығарған баспаға 12 мың сом айып салынып, 14 адам сотталады. Мәшһүрді тұтқындау туралы жарлық шыққаннан кейін ол туған жерін тастап, Қазақстан-
ның оңтүстігіне қарай кетуге мәжбүр болады. Бұған қоса оның «Айқап» журналы мен «Дала уалаятының газетінде» саясат, дін, шаруашылық, мектеп пен білім туралы мақала- лары жарияланғаны мәлім. Мәшһүр бабамыздың қоғамдық-саяси үдерістерге байыппен қарап, елдік істерге белсене араласқанын аңғаруға болады.

 

Жәнібек ӘЛИМАН.