Сыбызғы — қазақ халқы үшін ең нәзік үнді, үрмелі аспаптардың ішіндегі ерекшесі. Ол — көшпелі халықтың музыкалық өнерінің ажырамас бөлігі. Ерекше дыбысы тыңдарманды бірден елтіп әкететін аспап бір кездері тарих беттеріне сүңгісе, соңғы уақыттарда қайтадан сұранысқа ие бола бастады. Сондай-ақ, аймағымызда да осы аспапқа қызығушылық білдіріп, өзге елдерге танытып жүрген жастарымыз баршылық. Солардың бірі — Р.Омаров атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің әртісі Ұғыбайдолла Мүфтән. Жуырда өнер саласының қызметкерімен сұхбаттасудың сәті түсті.

— Ұғыбайдолла Бейсенұлы, сізді көпшілігі күйші, домбырашы ретінде біледі. Алайда соңғы кездері өзіңізді жаңа қырыңыздан көрсетіп, ұмыт бола бастаған сыбызғыда ойнаған туын-дыларыңыз тыңдарманды бей-жай қалдырып жүрген жоқ. Сұхбатымыздың басында өзіңіз туралы айтсаңыз. Музыка әлеміне басқан қадамыңызды да білгіміз келеді.

— Мен 1994 жылы Май ауданы Көктөбе ауылында дүниеге келдім. Музыкаға деген әуестігім бала күннен басталды. Себебі, музыканттар отбасында тәрбиелендім. Музыкаға деген қызығушылық мені одан әрі шабыттандыра түсті. Содан болар, бұл салаға еш ойланбастан кәсіби түрде бет бұруға шешім қабылдадым. Алғашында Көктөбе ауылындағы Б.Жылқыбаев атындағы өнер мектебінде, дарынды балаларға арналған музыкалық колледжде, кейін Торайғыров университетінде білімімді жалғастырдым. Бүгінде Башқұртстан мемлекетінің Уфа қаласының университетінде магистратурада оқып жүрмін.

— Сізді сыбызғы несімен қызықтырды? Ұмыт бола бастаған аспапты таңдау-ыңыздың себебі неде?

— Сыбызғы —  ерекше, нәзік музыкалық аспап. Бұл — көптеген көшпелі және қазіргі Орта Азия халқы пайдаланатын флейта түрі. Әр елде атауы бөлек. Ал бізде — сыбызғы. Алғашында онда ойнаймын. Оны қоғамда насихаттаймын деген ой болған жоқ. Тек қолданылуы қиын болғандықтан қызықтырды. Себебі, сыбызғы бір қарағанда қарапайым аспап болып көрінгенмен үрлемелі аспаптардың ішінде дыбыс шығаруы жағынан күрделілігімен ерекшеленеді. Бұл аспапта мүштік болмайды, ол — тіске қойылып тартылатын аспап. Онда дыбыс шығару үшін түтіктің бас жағын тіске тірейді. Содан кейін ауаны сыртқа шығармай түтіктің бір жағын ернімен жауып тұрады, ауыздың бір бөлігі ашық қалады. Дыбыстың таза шығуы ауа толқынына байланысты, сондықтан орындаушының тынысы кең болуы шарт.

— Бұл аспаптың халқымыздың дәстүрлі музыкалық өнеріне қайта оралғаны шынымен қуантады. Сіз сыбызғыны қалай үйрендіңіз?

— 2020 жылы карантин кездері Алматы қалалық қазақ фольклор мектебінің Инстаграмм парақшасында ұлттық аспаптарды үйрету бойынша жарнама жүріп жатты. Оның ішінде бұрыннан қызығушылығымды тудырып жүрген сыбызғы да болды. Өкінішке қарай, сабақ 7 айдың көлемінде онлайн нұсқада болды. Дегенмен, қыр-сырын меңгеріп алдым. Бір жылдан соң ресми түрде «Сыбызғышы» мамандығы бойынша білімімді кеңейту мақсатында Башқұртстан Республикасының Уфа қаласындағы жоғары оқу орнына түстім.

— Сыбызғының шығу тарихы жайында айтсаңыз…

— «Сыбызғы – жылқының азаны» деген аңыз бар. Жылқы күзеткен жылқышылардың ермегі болған деп те айтады. Енді бір аңыздарда сыбызғы Ескендір заманында шыққан деседі. Ел үдере көшкенде екі жетім бала құс аулап жүріп, жұртта қалса керек. Сол балалар алғаш қурайға үн салған екен. Сыбызғының басты ерекшелігі –
жын-шайтанға бағынбайды. Ол — адал аспап. Нағыз діни, киелі аспап. Мысалы, аңыз бойынша адам домбыраны жасап, «құлағын қайтып келтіреміз?», «тиегін қайтіп жонамыз?» деп, ақылы жетпей қойып кеткен жерінен ары қарай шайтан жасап кеткен деген аңыз бар. Бұл аңыз енді діншілдердің адамдарды домбырадан аластату үшін айтқаны да болуы мүмкін. Әйтсе де, қобыз бен домбыраның үнімен нар идіріп, асау атты жуасытқан оқиғалар туралы қазақ даласында көп айтылады.

— Қобыз бен домбыраның үні ерекше болуы үшін бірін неше түрлі сирек кездесетін ағаштардан дайындап, бірін ақ түйенің сүтіне малып жатады. Ал сыбызғыны күтіп-баптаудың қандай құпиялары бізге жеткен?

— Қазақ аспаптары үнемі жетілу үстінде болған. Мәселен, алғашқы домбыралар жеті пернелі болса, кейін 9 пернеге көшкен. Сыбызғыны тегінде талдан жасаған. Жас талды кептіріп, ішін ояды да, қой кеңірдегінің ақ шелімен қаптайды. Осының арқасында дыбыс шашырамайды. Бұл — мыс пен жездің қат кезінде пайдаланылған әдіс.

Бұл — түркітілдес, бауырлас халық болған қазақ пен башқұртқа ортақ аспап. Бір айырмашылығы атауларында ғана болып тұр. Бізде «сыбызғы» деп атаса, башқұртша «қурай» деп аталады. Сыбызғы 3 тектес те, 5 ойықты да болған. Екі ұлтқа бірдей. Дегенмен, өзім Башқұртстанда білім алып жатқандықтан олардың білім деңгейін жоғары бағалаймын.

— Сіз тағы қандай да музыкалық аспаптарда ойнай аласыз? Қай аспап ұнайды?

— Сыбызғыдан бөлек, кәсіби түрде қазақтың қара домбырасында ойнаймын. Ал оған қосымша ретінде фортепиано, саз-сырнай, шертер, шаңқобыз секілді аспаптарды меңгергенмін. Әрқайсысын ерекше жақсы көремін.

— Әлемдік үлкен сахналарға шығар алдында толқисыз ба, қобалжу бола ма?

— Қобалжу сезімі әр сахнаға шыққан сайын қайталанады. Тіпті, әлемдік немесе кіші сахна болсын. Ол көпжылғы тәжірибеге, тыңғылықты дайындыққа қарамайды. Бірақ сахнаға шыққаннан кейін керемет сезімге бөленемін, бойымды қуаныш кернейді. Әсіресе, көрермендердің қолдауы қорқыныш пен күдікті жойып, керемет қуат береді.

— Өзіңізге музыка жазған уақыт болды ма?

— Иә, болды. Бүгінде өзімнің сазгерлік қырымды дамытып жүрмін. Бастамасы ретінде 2 шығармам бар. 2021 жылы Алаш қайраткерлеріне арналған «Алаш қырандары» атты домбырада ойнайтын туындым дүниеге келді. Бұйырса осы жылы оркестрмен ойнайтын боламыз. Сондай-ақ, алдағы уақытта жетіген аспабына лайықталған «Жанеркем» атты күй дайындалып
жатыр.

— Сізге музыканың қандай жанры ұнайды? Заманауи музыканы қалай қабылдайсыз?

— Жалпы, әр жанрға оң көзқараспен қараймын. Себебі, адамдардың талғамы әртүрлі. Олармен санаса білуіміз керек. Бүгінде жастар арасында заманауи ән жазып, еліміздің шекарасынан асып шетелдерге танымал болып үлгерген жастарымыз жетерлік. Бастысы, әуен мен сөздің сапасы жоғары болып, бір-бірімен үйлесімін тапса неге ұнамасқа?

— Сіздің ойыңызша, дәстүрлі ән өнерін жастар арасында қалай насихаттай аламыз?

— Әрине, ешкімге міндеттей алмаймын. Дегенмен, бұл мәселе жөнінде жеке пікірімді айта кетейін. Отан отбасынан басталады. Туған елге, әдет-ғұрыптарымызға, ұлттық өнерімізге деген құрметті әрбір ата-ана баласының бойына сіңіріп өсірсе деймін. Дәстүрлі ән өнері ұлттық аспаптарымыздың сүйемелдеуімен орындалады. Бұл – біздің төл өнеріміз. Ал ұлттық құндылықтарға деген құрмет артса, дәстүрлі әндерімізде халық арасында кең тарайды, жастар арасында бұл өнерге деген қызығушылық болады. Яғни, тәрбие тал бесіктен басталады.

— Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

— Өмірлік ұстанымым – адал болу. Кез келген істе адалдық жоғалмаса екен. Қандай сала маманы болса да, өз ісіне адал болса, шешілмейтін мәселе жоқ. Адалдық – барша ізгіліктің бастауы деп түсінемін.

— Әңгімеміздің соңында алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…

— Алға қойған мақсат пен болашаққа жоспар көп. Солардың бірі – шәкірт тәрбиелеу. Өйткені, сыбызғы – сирек әрі ұмыт болып бара жатқан аспаптардың бірі. Сол себепті, әсіресе жастар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керек. Алдағы уақытта облыстың елді мекендеріне гастрольдік сапармен шығып, концерттер ұйымдастырамыз деген ойдамыз. Сондай-ақ, жыл сайын қатысатын республикалық, халықаралық өнер
байқауларына қатысып, шығармашы-
лығымызды одан әрі шыңдауға
ниеттеміз.

— Көп рахмет! Шығармашылығыңызға табыс тілейміз.

 

Сұхбаттасқан –

Айдана БОРАНБАЕВА.