Қолөнер – қазақ халқы тарихының үлкен бір бөлігі. Себебі, бұл өнер ел өмірімен, кәсібімен тығыз байланысты. Әсіресе, ағаш өрнектеп, кесте тігіп, текемет басып, күнделікті тіршілікке қажетті заттарды жасау халықты қолөнерге бейімдеді. Соның нәтижесінде бүгінде бұл сала қарқынды дамып, өзінің шырқау биігіне жетті. Әрине, аймағымызда осы салада еңбек еткен жандардың есімін ерекше атап өткен жөн. Солардың бірі – қолөнерші Сәкен Құспекова.
Сәкен Құспекова – жүн және матадан қазақтың ұлттық бұйымдарын жасаған халық шебері. 1924 жылы Ақтоғай ауданында дүниеге келді. Кішкентай кезінен еңбекке ерте араласып, ата-анасына, өзінің соңынан ерген іні-сіңлілеріне қамқорлық танытқан. Мектепті аяқтаған соң Павлодар педагогикалық училищесіне оқуға түскен. Алайда сол кез Ұлы Отан соғысы басталуымен тұспа-тұс келгендіктен оқуын тастап, тылдағы еңбекке араласуға тура келеді. Ерлермен комбайн тізгіндеп, бел жазбай еңбек етті. Бейбіт уақыт орнаған соң қолөнермен айналысып, соңынан бірнеше шәкірт тәрбиеледі.
Қолөнершінің немересі Арман Әлиақпаровтың айтуынша, Сәкен Құспекованың өмірі талайларға үлгі болары сөзсіз.
– Әжеме ер адамның есімі берілгендіктен болар, жастайынан батыл әрі өжет болып өсті. Өмірде көрген қиындықтарын бізге жиі әңгімелеп беретін. Солардың бірі есіме түсіп тұр. Ашаршылық
кезінде өзінің қайсарлығымен қасқырға таланып жатқан бұзауды аман алып қалған. Кейін барлығы мал болмайды деген жаралы бұзауды өзі емдеп, аяққа тұрғызған. Үйдің іші оюлы текеметтерге, сырмақтарға, құрақ көрпелерге толы болды. Өнерді ерекше жақсы көрді, — деп еске алады А.Әлиақпаров.
Сәкен апа ұлттық қолөнердің қайта жандануына көп еңбек сіңірді. Бұл оның арманы еді. Арманы көп жылдан кейін орындалды. Бастапқыда ұсақ заттар тіге бастады. Ал бүгінгі таңда Сәкен Құспекованың қолынан шыққан бірнеше сырмақ, тұскиіз, төркөрпелер және т.б. заттары жинақ қорында сақталған. Ол өзінің өнері мен қабілетін ізбасарлары-
мен бөлісті. Олардың қатарында Зылиха Төлегенова, Қымбат Сартымбекова, Қайныл Омарбекова, Мария Өміржанова және тағы басқалары бар. Өкінішке қарай, көбі қазір арамызда жоқ, бірақ шеберлеріміздің төл туындылары бүгінгі күні келер ұрпаққа естелік ретінде қалып отыр.
Шебер Алматы мен Павло-дардағы республикалық және облыстық көрмелерге қатысқан. Оның кілемдері мен басқа да бұйымдары көптеген музей мен жеке коллекцияларда бар.
– Сәкен Құспекова Павлодар тарихи-өлкетану музейінің дизайнына үлкен үлес қосты. Павлодар музейінде қоржын, аяққап, сырмақ, табақша, көптеген киіз бұйымы сақталып, экспозицияға қойылған. Апамыздың әдемі де қайталанбас бұйымдарын ғана емес, қарапайымдылығын, еңбек-қорлығын, талантын, мейірімділігін ел есінде мәңгі сақтайды.
Ол өз жұмысын жақсы көріп, қазақтың ежелгі ою-өрнек өнерін ерекше дәріптеген аяулы жан болатын, — дейді музей қызметкері Мирас Сағындық.
Жуырда Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде қолөнерші Сәкен Құспекованың 100 жылдығына орай «Қолөнері – таусылмас қазына» атты еске алу кеші өтті. Кеш барысында құрақ көрпе тігуден «Гиннесс» рекордтар кітабына енген жоба қатысушылары сертификаттармен марапатталды.
Шарада Екібастұз қаласының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет ардагері Болат Құспеков, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Максилова, Исабек ишан қорының төрағасы Зекен Құсайынов, «Шабыт қайнары» қолданбалы өнер орталығының басшысы Уәсиля Нұрмұханбетова және мұражай басшысы Арман Әлиакпаров Сәкен Құспекова жайлы естеліктерімен бөлісті.
Аталмыш көрме бір ай көле-мінде жұмыс істейді.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.