Қазақ тарихында садақ пен жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер әр заманда болған. Білекті батырларымыз кең-байтақ жерімізге көзі түскен жауларымызды садақпен атып, найзаның ұшымен түйреп қорғаған. Алайда XXI ғасырда садақ атудан қазақ оғландарының айы оңынан туған жоқ. Дегенмен, бүгінде әр өңірде садақ ату орталықтары ашылып, келушілерді ұлттық спортқа баулуда.
Соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылық еселеп арта түскен. Оның ішінде дәстүрлі садақ ату — қазіргі таңда қарқынды дамып келе жатқан спорттың бірі. Адамның бойында жігерлікті, батылдықты, шыдамдылықты талап ететін спорттың бұл түрі өңірімізде де қанатын жайып келе жатқаны белгілі. Осы жылдың басында Павлодар қаласында ашылған «Turan» садақ ату орталығы ұлттық спорттың бұл бағытын дамытуға елеулі үлес қосуда. Онда балалар мен ересектер ұлттық спортымызбен күнделікті түрде айналысуға мүмкіндіктері бар.
Кәсіп иесі Аман Егінбай бала кезден садақ ату спортына ерекше қызығушылық танытқанын айтады. Өсе келе ұлттық спорт мектебін ашуды көздейді. Жуырда бұл ойы да жүзеге асып, өз қаражатына орталыққа қажет заттарды алып, ғимарат жалдаған. Бүгінде Павлодар қаласының тұрғындарына садақ атуды үйретіп жүрген жайы бар.
— Биылдан бастап дәстүрлі садақ ату спорт түрі ретінде ресми түрде бекітілді. Бұл — осы өнерді мемлекеттік деңгейде қолдаудың жемісі. Орталықтың ашылғанына 3 айға жуық уақыт болды. Орталық садақ ату спортын халыққа дәріптеу әрі таныту, әр адамға садақ атуға мүмкіндік беру мақсатында ашылды. Бүгінде келушілер саны артып келеді. Бұдан тұрғындардың бұл ұлттық спорт түріне қызығушылық танытып келе жатқанын байқауға болады, — дейді ол.
Аман Егінбайдың сөзінше, садақ атудың адам денсаулығына пайдасы мол. Ол қырағылықты арттырады. Бұған қоса, садақ ату омыртқаны шынықтырып, түрлі дертке шалдығудың алдын алады.
— Садақ ату адамға рух беріп, көздің көру қабілетін жақсартады. Сонымен қатар, адамдарды сабырлы болуға, өзін-өзі тәрбиелеуге, адам бойына сенімділік ұялатуға көмектеседі. Бұл оңай деп айта алмаймын. Оны тез меңгеру мүмкін емес. Бірақ әркімнің өзінің қабілетіне байланысты, — дейді орталықтың жетекшісі.
Қазіргі таңда клуб мүшелері садақ атудан өтетін түрлі жарыс-тарда бақ сынап, өздерін барынша шыңдау үстінде. Осы мақсатта толыққанды жаттығулар ұйымдастырылуда.
— Өкінішке қарай, спорттың бұл түрінен спорт шеберлері көп емес. Әлі де басқа спорт сияқты толық насихатталып жүрген жоқ. Сондықтан болар, клубымызға келушілер көп деп айта алмаймын. Болашақта садақ атуға қызығушылық танытқан жандардың саны артса жақсы болар еді. Менің алдағы уақытта жергілікті жұрттың арасында садақ атуға деген қызығушылықты арттырсам деген арман-мақсатым бар, — дейді ол.
Дәстүрлі садақ ату спорты өңірімізде қарқын алып, садақ атуды үйренемін деуші жас жеткіншектерге клубтың есігі әрдайым айқара ашық әрі бағасы да тиімді. Бір сағаттық абонемент 3000 теңгеден басталады. Тек ниет болса болғаны.
Орталықтың жетекшісі жазғы уақытта далада садақ ататын орындар болатынын айтады. Ұлттық спортты ұлықтаған жан сұраныс артса, ғимарат ішін кеңейтіп, қосымша ату жолақтарын да орнатуды көздеп отыр.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.