Құрметті театрсүйер көрермен! Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры 10-14 мамыр аралығында Павлодар облысына гастрольдік сапармен келеді. Жыл сайын репертуарын тағылымды туындылармен толықтырып жүрген өнер ұжымы жергілікті көрермендерге айрықша ықыласқа бөленген қойылымдарын ұсынады.

Аталмыш театрдың Маркетинг және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Замира Қазақбайқызының сөзінше, М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры облы-сымызға бұған дейін де бірнеше мәрте гастрольдік сапармен келмек.

– Мамыр айынан бастап еліміздің аймақтарына гастрольдік сапарымызды бастаймыз. 2-5 мамыр аралығында Талдықорған қалалық Бикен Римова атындағы драма театрында, 10-14 мамыр аралығында Павлодар қалалық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында, ал 15-19 мамыр аралығында Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында өнер көрсетеді. Көрер-мендерді ерекше сюжеттерге толы спектакльдерімізге шақырамыз, – дейді ол.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры сапардың алғашқы күні Абайдың қара сөздері желі-сімен қойылған «Қара» драмасын ұсынады. Ұлттық құндылықтарды, бейбітшілік пен келісімді дәріптейтін «Қара» драма-диалогындағы жалғыз кейіпкер – Абай және Абайдың ойлары. Ол ойларға пішін дарытып, жан бүркетін – отыз бес актер. Спектакль Абайдың кейінгі ұрпаққа айтып кеткен өсиетін бүгінгі заман тынысы, көкейтесті мәселелері аясында қарастырады.

Келесі күні көрермендер қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романы бойынша қойылған спектакльді тамашалай алады. Қойылымда мәңгілік бірге боламыз деген Бүркіт пен Бәтестің тағдыры, Мүсәпірдей адамдардың мүсәпір хәлі арқылы халқымыздың қилы кезеңді тарихынан сыр шертеді… Жаңа жауған аппақ қардай кіршіксіз махаббатты өмірдің дауылы неге шайқады? Сауалдың жауабын қойылым барысында біле аласыздар.

12 мамырда өнер ұжымы «Еңлік-Кебек» трагедиясын қоймақ. Мұхтар Әуезовтің қазақ кәсіби театрының шымылдығын алғаш ашқан бұл туынды театр қабырғасында бірнеше мәрте қойылған. Жаңа қойылым оқиғаларының негізгі желісі де Еңлік пен Кебектің махаббаты аясында өрбиді. Бұл от сезім екі жасты бақытқа емес, қасіретке бастайды. Өйткені, ұлттық құндылықтарға, халықтың бүгіні мен болашағы үшін күре жол – Дала заңына кереғар. Сонда жалқы мен жалпының үйлесімі қайтсе табылады? Мұны қойылымда түсінуге болады.

13 мамыр күні көрерменге жол тартатын атақты драматург Б.Шоудың «Пигмалион» пьесасының желісімен қойылған «Менің сүйікті періштем» спектаклі жаны жоқ батпақтан жасалған мүсін нағыз суретшінің қолында биік өнер туындысына айналатыны айтылған. Нағыз өнердің құдіретінде шек жоқ. Өнер ғана адамның рухани жанын оятып, әдемілікпен байытады. Спектакль ең кедей, білімі жоқ, қараңғы адам да талмай еңбек етсе, зиялы адамдардың қатарына ене алады деген идеяны ұлықтайды. Осы тұрғыдан алғанда, сауатсыз, гүл сатушы Элизаның білімді ледиге айналуы – болашақ қоғамда міндетті түрде орын алатын құбылыс.

Ал гастрольдік сапардың соңғы күнінде павлодарлық көрермендер көрнекті драматург Дулат Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» драмасын тамашалай алады. Онда заманынан озып туып, соңына өшпес рухани мол мұра қалдырған, көрнекті ақын, Алаш ардагері Мағжан Жұмабаевтың ақтаңдақты тағдыры баяндалады. Халық жауы науқанымен екі рет ұсталып, қырық төрт жыл ғұмырының он жылын түрмеде өткізген ақынның өмірбаяны аяулы жары Зылиханың естелігі арқылы беріледі. Қиын-қыстау уақытқа, небір кедергілерге қарамай, ерінің соңынан іздеп сан рет барған, өмір бойы Мағжан рухын ардақтап, өзінің соңғы демі біткенше ұлы ақын жырларының кейінгі ұрпаққа жетуіне бар күш-жігерін салған Зылиха… Олардың ұлы махаббаты – кейінгі сан ұрпаққа өнеге.

Айта кетейік, 2020 жылдың соңында қазақ драма театрына «Ұлттық» мәртебесі берілді. Осы жылдан бастап театрдың жаңа қойылымдарына арнап «Премьералар шеруі» апталығын өткізу дәстүрге айналды. Ұжымның «Абайдың жұмбағы», «Қара» (Абай шығармалары бойынша), «Барымен базар», «Біз екеуміз», «Оң қол», «Пері қатын», «Қан мен тер. Ақбала», «Қытайдан жеткен сәлемдеме», «Мақшар түнгі махаббат», «Сүйікті менің періштем» спектакльдері қоғам тарапынан үлкен бағаға ие болды. Театр өткізген пьесалар «Монодрама» республикалық байқауы нәтижелі болып, театрдың кіші залы шығармашылық креативті ізденістер алаңына айналды.

Шымылдығын алғаш ашқанына ғасырға жуық уақыт болған М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры өз тарихында биік белестерді бағындырып, ұлттық өнердің символына айналды. Шығармашылық әлеуеті жоғары театр ұжымы биік көркем өнер, жаңа тұрпатты мәдениет жасау, отансүйгіштік, ізгілік, адамгершілік, сұлулықты дәріптеу және әлемдік мәдени-рухани кеңістікке еркін еніп, ұлттық өнерімізді таныту жолында қалтқысыз қызмет ете берері сөзсіз.

 

Суреттерді М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры ұсынды.

Айдана БОРАНБАЕВА.