Еліміз егемендігін жариялап, азаттықтың ақ таңы атқан тұста мемлекет тізгінін өз қолына алған Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихтағы орны ерек. Елбасы тәуелсіз мемлекеттің шекарасын шегендеп, Мемлекеттік Рәміздеріміздің бекітіліп, төл теңгеміздің айналымға енгізілуіне көп еңбек сіңірді. Тоқырау жылдары экономиканы нығайтып, ішкі және сыртқы саясатты бір жүйеге келтірудегі қызметін де атап өткен жөн.
1991 жылы 1 желтоқсан күні Қазақстан тарихындағы тұңғыш жалпыхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев саяси науқанға қатысқан азаматтардың 98,78 пайыз дауысын жинап, Тәуелсіз Қазақ-станның алғашқы президенті атанды. Сол уақыттан бастап енді ғана егемендік алған елдің етек-жеңін жинап, шеттегі қандастарымыздың елге оралып, өңірлерде зауыт, кәсіпорындардың іске қосылуымен қатар әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне бастамашы болды. Нұрсұлтан Әбішұлының жарқын істерінің бірі ретінде әлемге сәулетімен танылған Астананы айтпай кетпеске болмас. Бүгінде Елорда еңселі қалаға, елдің жүрегіне айналды. Осындай шаһарға айналуында Тұңғыш президенттің ізі де бар. 2011 жылғы 14 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Соған сәйкес, 1 желтоқсанда атап өтілетін жаңа мемлекеттік мереке — Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті күні белгіленді. Депутаттар бұл датаны елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет алдындағы еңбегін таныту мақсатында мемлекеттік мереке деп жариялаған еді. Бұл күні Елбасының атқарған істері насихатталып, түрлі мәдени шаралар, көрмелер ұйымдастырылатын еді. 10 жылдан астам уақыт күнтізбенің қызыл күні ретінде аталған бұл мемлекеттік мерекенің мәртебесі былтыр ауысты. Өткен жылы 7 қыркүйекте Мәжіліс депутаттары «Мерекелер туралы» Заңға өзгеріс енгізіп, 1 желтоқсанда тойланатын Тұңғыш президент күнін мемлекеттік мереке тізімінен алып тастауды мақұлдады. Есесіне бұл күн қоғамдық жоғары маңызы бар дата ретінде қалды. Еске сала кетейік, 2019 жылдың 19 наурызында сағат 19:00-де Қазақстанды 30 жылға жуық уақыт басқарған Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеме жасап, Президенттіктен кететінін жариялаған еді. Сол уақытта ел тізгінін сол тұстағы Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді. Кейін Президенттік сайлауларда халқымыз да Қасым-Жомарт Кемелұлына сенім білдіріп, ел басқаруға лайық азамат ретінде таңдады. Биыл Республика күніне орай өткен салтанатты жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстанды құрып жатқан кезеңде өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек екеніне баса назар аударды. Азаттық жылнамасында Салық Зиманов, Серікболсын Әбділдин, Қаратай Тұрысов, Әбіш Кекілбаев, Ғайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Терещенко және тағы басқа көптеген тұлғаның есімін құрметпен атап өту қажет екеніне мән берді. Олардың қатарында Тұңғыш президент те бар.
— Елін сүйген ерлердің отаншылдығы және олардың ұлт мүддесіне адалдығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Біз тарихи әділдік жолын берік ұстануымыз керек. Осы орайда, тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлін атап өткен жөн. Себебі ол еліміздің тәуелсіз мемлекет атанып, тұғырын бекемдеуге орасан зор еңбек сіңірді, — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Иә, Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі Тәуелсіз Қазақстанның тарихында қалары хақ. Ал оның атқарған қызметіне, сіңірген еңбегіне уақыт баға бере жатар.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.