Биыл қазақ журналистикасына, оның ішінде облыстық телерадио саласына өлшеусіз үлес қосқан ардагер журналист, Құрмет орденінің иегері Ғалия Балтабай мерейлі 75 жасқа толды. Осыған орай Достық үйінде «Журналист шыңы» кеші өтті. Шығармашылық кешке әріптестері, сыныптастары және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шараға қатысқан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан мерейтой иесін құттықтап, адал әрі табанды еңбегі үшін алғысын білдірді.
— Таныстығымыз көп болмаса да, бала кезімнен жұмысыңызбен жақсы таныспын. Көп дүниені мейірімділікпен шешу жолдарының бар екенін сізден білемін. Өз ісінің кәсіби маманына айналып, өзіңізден кейінгі буынның қалыптасуына ұстаз ретінде зор еңбек сіңірдіңіз.Журналистикада ғана емес, халық қалаулысы ретінде де ел үшін атқарған еңбектеріңіз көпке үлгі болып келеді. Қазақ қыздарына үлгі көрсетіп жүргеніңіз үшін алғыс білдіремін. Деніңіз сау, ғұмырыңыз ұзақ болсын, мерейіңіз арта берсін, — деді М.Тауасқан.
Шара барысында Ғалия Құсайынқызы өмірбаянынан үзінді келтіріп, журналистика саласына қалай келгенін айтты.
— 1956 жылы сол кезде Комаровка деп аталатын ауылымызға радио әкелді. Бұл ауыл үшін ерекше оқиға болды. Сол радионы тыңдауға асықтым. Мектепке бара жатқанда да, келе жатқанда да тыңдайтынмын. Әсіресе, Роза Бағланованың әндерін сүйіп тыңдайтынмын. Сол кезден бастап радиода істеймін деп армандадым. Армандарым орындалды, — дейді кеш иесі.
Кеште ардагер журналистің әріптестері, сыныптастары сөз сөйлеп, өз естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры әртістері және Иса Байзақов атындағы облыстық филармония әншілері өнер көрсетіп, Ғалия Балтабайқызының сүйікті әндерін орындады.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.