Жақында Қазақстан Жазушылар одағы жыл қорытындысын жария етті. Алқалы жиында еліміздің 21 қаламгеріне Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы табысталды. Осындай құрметке ие болған қарымды қаламгерлер қатарында жерлес жазушы, арқалы ақын Серік Елікбай бар. Мерейлі марапатқа орай кеше С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада қалам иесімен кездесу өтті.

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, ақын, жазушы Серік Елікбайды арқа жұртына таныстырып жатудың өзі артық. Қабырғалы қаламгердің жазған дүниелері тасқа басылып, Ертіс-Баян өңірінің ғана емес, барша қазақ елінің рухани азығына айналған. Аймақ руханиятының жоғын жоқтап, ырысын еселеп жүрген қаламгердің мерейлі марапатын облыс басшылығы да ескерусіз қалдырмады. Облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова аймақ басшысының құттықтау хаты мен құрмет гүлін ұсынып, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.

– Қаламгердің көзқарасы арқылы қоғам тіршілігінің сипатын анықтауға болатынын білеміз. Өйткені әдебиеттің қоғам дамуынан тыс өмір сүруі мүмкін емес. Бүгінгі таңда Павлодар облысының рухани ортасы қалыптасып, әдебиет өрісі кеңейіп келеді. Жыл сайын жергілікті қаламгерлерге түрлі деңгейде қолдау шаралары көрсетілуде. Бұл үрдіс алдағы уақытта да үзілмейді. Биыл қарымды қалам иесінің мерейтойына арналған шығармашылық кеш ұйымдастырылып, жан дүниемізді байытар рухани шаралар жалғасын таппақ, – деді А.Құрманова.

Сонымен қатар, әдеби жиынға жергілікті зиялы қауым өкілдері, алдыңғы толқын ақын-жазушылар мен жас қаламгерлер қатысып, марапат иесіне ақ тілектерін ақтарды. Кеш барысында сөз сөйлеген ақын, ардагер журналист Шолпан Байғалы қаламгерлер қауымы не туралы жазса да, қандай тәсілмен жазса да өз ортасының шындығынан алыс кете алмайтынын айтып, ақ парақта тек ақиқат ізі қалатынын жеткізді.

– Серік Төлеубайұлы қашан да дарқан даланың асау өзендеріндей қайсарлығымен, шығармашылығының мөлдір-лігімен, білім, таным, қайраткерлік арнасының кеңдігімен елін сүйсіндіріп, оқырмандарын тәнті еткізіп келеді. Жас шағынан қолынан қаламы түспеген жазушымыз қаламдас аға-апаларына – іні, інілеріне аға бола білді, – деді ол.

Айта кетейік, 1992 жылдан бері баспадан жаңадан жарық көрген үздік туындыларға екі жылда бір рет берілетін бұл сыйлық қазақтың елдік туын көтерген қалам қайраткерлеріне ескерткіш ретінде тағайындалады. Биыл да жылдағы дәстүр бойынша 2023 жылғы әдеби жыл қорытын-дыланып, үздік қаламгерлер поэзия, проза, деректі проза, көркем аударма, балалар әдебиеті жанрлары бойынша марапатқа ие болды. Оның ішінде Серік Төлеубайұлына аталмыш сыйлық «Мәшһүрдің мұңы» атты кітабы үшін берілді.

 

А.МҰҚЫШЕВ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.